Қоғам

Ғасыр жасаған көпбалалы ананы құттықтады

Өскемен қаласында тұратын тыл ардагері Гүлжазира Нұрсапарқызы – ғасыр жасаған көпбалалы ана. Ақжаулықты ананы жүзге толған туған күнінде аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы барып құттықтады. Қос ғасырдың куәгері Гүлжазира Әлімбаева 1919 жылы 15 тамызда Катонқарағай ауданындағы Шәкенбұлақ деген жерде дүниеге келген. Өмірлік серігі, соғыс ардагері, екінші, үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері болған марқұм Мамырбек ақсақалмен бірге адал еңбек етіп, өнегелі ұрпақ өрбітті. Сегіз баланы өмірге әкеліп, солармен бірге туыстарының бес баласын да өсіріп, жеткізді. Бүгінде балаларынан өрбіген он немересі мен он шөбересі кейуананың баға жетпес қазынасы болып отыр.
– Елбасымыз: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды», – деген. Ана – адамзаттың қайнар көзі, ал көпбалалы ана – ұлттың құндылығы мен берекесі, ұлттық тәрбиенің, даңқты дәстүрінің бастауы. Өскелең ұрпақтың өзіңізден алар мұрасы мол. Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін кезінде 15 жасыңызда әкеден айырылып, отбасыңызға түскен ауыртпалыққа мойымай, асыл анаңыз бен бауырларыңызға қамқор бола білдіңіз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, әулетіңізге береке-бірлік тілеймін, – деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі Даниал Ахметов мерейтой иесіне зор құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Ғасыр жасаған әжейдің әкесі Нұрсапар Ділдайымұлы «халық жауы» атанып, қамауға алынған. Содан қайтып оралмаған. Семейде Ертіспен ағаш ағызып жүріп қайтыс болыпты. Ол аздай, мал-мүлкі үйімен бірге түгел тәркіленген. Содан нағашы ағасы оның анасы мен сіңлісін, екі бауырын алып Қытайға өтіп кетпек болады. Ал Гүлжазира Нұрсапарқызы болса сол кезде Еңбек ауылындағы орман өндірістік шаруашылығында жұмыс істейтін Мамырбек Әлімбаев дейтін азаматқа тұрмысқа шығады. Нағашы ағасы шекараға жеткен соң, туыстарын қалдырып, ауылда қалған малды алып келуге кетеді. Бірақ сол кеткеннен оралмайды. Себебі оны да ұстап алған еді. Бұл хабарды естіген 15 жасар Гүлжазира Марқакөлді жанай өтіп, Бұрхат асуы арқылы 160 шақырымды жаяу артқа тастап, анасы мен сіңлісіне, бауырларына жетеді. Сөйтіп, таудағы белуардан асқан қарды омбылай жүріп туғандарын ауылға алып келеді.
– Анам бір үзім нан болса да тауып жесін деп, інілерін алыс туыстарына жалдамалы малшы етіп қалдырады. Сіңлісі Нұрғызарды да туыстарына береді. Ал өзінің анасын туысқан шалға әйелдікке береді. Ең кіші інісі Қалиакперді бауырына басып, өз қолына алды. Мұның бәрі де қиын кездегі туғандарына деген қамқорлығы еді. Уақыт өте келе әкем екеуі тарыдай шашылған бауырларын түгел жинап, қолдарына алады. Барлығын өсіріп, жеткізеді. 1941 жылы әкем соғысқа аттанды да, оның орнына анам бес жыл жұмыс істеді. Өмірде қанша қиындық көрсе де, анам өте ақкөңіл, әр нәрседен жақсылық көретін мейірімді қалпын сақтай білді. Суырып салатын ақындығы да бар. Жас кезінде айтысқа қатысып, үнемі жеңімпаз атанып жүріпті. Тек соңғы жарты жылда денсаулығы сыр беріп қалды, әйтпесе бүгін де бір шумақ өлеңін суырып салар еді, – дейді абзал ананың ұлы Орынбек Әлімбаев.
Еліміздің ғасырға жуық даму тарихының шынайы куәгері Гүлжазира Нұрсапарқызының өмір дастаны бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екенін, қашан да сабақтастық тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керектігін атаған облыс әкімі Даниал Ахметов әжей туралы кітап жазу да артық болмайтынын атап өтті.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button