Қоғам

Қасқыр Ержан аңды қақпанмен ғана аулайды

Қасқыр Ержан аңды қақпанмен ғана аулайды


Ұлыбританияның «DaiIy MaiI» басылымы арлан қасқырды құлағынан ұстап тұқыртып тұрған қазақ жігітін күллі әлемге жариялаған болатын. Журналистер жарғақ құлақтары жастыққа тимей осы азаматты іздеді. Көрмей жатып, сыртынан жазды. Енді, міне, еске түскен осы жайт «Сол қасқыр Ержан қайда екен?» деген сұраққа жауап іздеуге түрткі болған-ды…

Атасын Әуезов іздеп келіпті

Біз іздеген Ержан қазір Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылына қарасты Өкпеті тауының бөктеріндегі қыстақта тұрады. Шағын ғана шаруашылығы бар, қоңыр төбел тіршілік кешіп отырған Ержан Қасымбеков екен. Жалпақ жұртқа танымал Ержанды ауылдастары мен аңшылар қауымы «Қасқыр Ержан» деп атайды. Ауылдан 60 шақырым жердегі Өкпеті бөктеріндегі қыстаққа алты сағат жүріп әрең жеттік. Жолбасшы Мейрамбек деген азамат өзі де аңшы, таулы жердің ой-қырын жақсы біледі. Екі беті нарттай қызыл, дембелше келген Ержан есік алдынан қарсы алды. «Біздің қыстаққа қыс баласында тік ұшақпен ғана қатынасады», – деп күле қарсы алды. Онысы рас екен, сай-саланы қар алып қалған, жол талғамайтын көлікпен зорға жеттік. Қыстың қысқа күні қас қарайып қалған мезет болатын. Біз келеді деп күтпесе керек, мойнына асып алған екі-үш қақпаны бар, қолында темір тұзақ және екі тазы итін ертіп, қақпан құрып, тұзақ салуға ыңғайланған сәті екен.

Ол атқа көп мінбейді, көбіне жаяу жүретін аңшы болып шықты. Ержанға қарап, бүгінгі мұздай қаруланған, жалаңдаған браконьерлер, көзіне түскен аңды отты қарумен алыста тұрып-ақ жер жастандырып жүре беретіндер елестеді». Өйткені қазіргі таңда жүйрік көлікпен тау-тасты, ой-қырды кезіп, мылтығын шошаңдатып жүрген талайлар аңшылықтың басты қаруы – қақпан құру екенін білмесе керек.

Кешегі бабаларымыздың аңшылық кәсібі, бағзы замандардан алмасып келе жатқан қақпан құру мүлде жойылып кетті десек те болғандай. Кезінде қақпан құрып, аң аулаған аңшыға аса құрметпен қараған. Бүгінде қақпанның атын естімеген, затын көрмегендер көп. Шалғайдағы ауылдарда кездеседі, біздің өңірдегі осы аңшылық салтты ұстаған қақпаншы – «Қасқыр Ержан» ғана.

Ержан 5-6 сыныптан бастап Қаражал қасқырдың соңына түскен. Бала күнінен аң атаулыға жақын болған, қорқу дегенді білмейді. Суыр, қоян, түлкіге тұзақ құрудан бастаған қолы ешқашан құр кетпеген. Бала күнінен қанжығасы майланбаған күні болмаған. Түлкі мен қоянды тұзақпен аулау мүмкін болмағандықтан, 12 жасында атасынан қалған «Қанды қақпанды» қолына ұстаған. Ержанның атасы Ержімбай аңшы заманында орта жүзге аты шыққан қақпаншы болыпты.

1932 жылғы ашаршылық ел есінде. Ержімбай атасы қысы-жазы Өкпетінің бойында аң-құс аулап, жүздеген адамның өмірін аштықтан аман алып қалған осы «Қанды қақпан» екен. Осы кәсібін өмірінің соңына дейін жалғастырған. Атасы туралы әкесінің естелігінде 50-ші жылдардың ортасында осы өңірге аты аңызға айналған қақпаншы Ержімбайды іздеп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Аягөз арқылы келген екен. Өкінішке қарай, ол кісі ұлы жазушы келерден біраз уақыт бұрын өмірден озып кетіпті.

Ал Ержанға батасын берген Шығыс өңіріне аты шыққан, өмір бойы қақпан құрған кәсіби аңшы Сейдіғали деген қақпаншы болған. Қытай елінде жүріп осы кәсіппен бір ауылды асыраған өңір тумасы 60-шы жылдары атажұртқа оралған. Тарихи отанына оралған соң да, аңшылық дәстүрді жалғастырған. Қолынан қақпаны түспеген, нәпақасын жұртымен бөліскен қадірлі аңшы болған. Сейдіғали үнемі Ержанның қақпан құрып жүргенін бала күнінен қадағалап, назарынан тыс қалдырмапты. Ақсақал өмірден озар шағында Ержанды арнайы үйіне шақырып, өмірлік серігі «Дию қара\” деген қақпанын аманат қып тапсырып, батасын беріпті. Ержан сол «Дию қара» қақпанымен 500-ге жуық қасқыр алған. Ол осы уақытқа дейін мыңнан аса көкжалды қақпан құрып ұстаған.

Қасқыр Ержан аңды қақпанмен ғана аулайды

Қонақтар да көп келеді

Ержанмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Оның әңгімесіне қарасаңыз, қақпан құру ерекше өнер десеңіз де болады. Бабадан қалған ұлы өнерді бір кісідей біледі. Қақпан құру анау-мынау адамның қолынан келмейді. Ол асқан ұқыптылықты, ептілікті қажет етеді. 30 жылға жуық аңшылық кәсіппен айналысқан Ержан Тарбағатай тауындағы аңның бәрін жатқа біледі. Керек десеңіз, әр аңның мінезін де талдай біледі. Әр аңның иіс сезу қабілеті айрықша болады. Соның ішінде көкжалдардың иіс сезу қабілеті аса жоғары болып келеді. Қасқырға қақпан құру өте күрделі екен. Алдымен қасқырдың, әр үйірдің (сару жолдарын) мұқият зерттейді. Қақпан қасқырдың жүретін жолдарының ғана шөптерімен ысқылап барып қойылады. Киген аяқ киіміңіз де сол шөппен ысылуы керек екен.

Қасқырға «Қандауыз» қақпан құрмаса болмайды. Ол өзі үлкен болады. Ал көкжал мұндайда өз аяғын өзі сындырып шығып кетеді және ол жерге ешқашан жоламайды. Қасқыр қақпанының тоқпағы да ерекше болуы қажет. Оның тоқпағы еменнен жасалғаны дұрыс. Осыдан біраз жыл бұрын қақпанына түскен қасқыр қарағаштан жасалған тоқпағын шайнап, ұзап кеткен жерінен әрең ұстаған. Ержан қасқыр көрсе, жанып кетеді. Қақпанға түскенді қолмен ұстап тұқыртады. Бір жылдары желі арқылы тарап кеткен осы бір бейнебаян Анадолы еліне тарап, сондағы қандастарымыз аңшы Ержанды мақтан тұтып, хабарласып тұрады екен.

Қақпанға түскен қасқырды уақытында алуға тырысады. Сол үшін қыстың ұзақ түнінде, кейде сақылдаған сары аязда тың тыңдап, жол тосады. Қасқырға тұзақ құру арқылы ұстауға да болады. Өкпеті тауларындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғайдың ішіне қойылады. Оған да иіс сезілмейтін айла болуы керек. Ержанның қолында қақпанның он сегіз түрі бар. Бірақ атасынан қалған «Қандауыз» бен ұстазы Сейдіғалидың «Дию қара» қақпаны, Ержанның айтуына қарағанда, 18-ғасырдың жәдігерлері болып саналады.

«Қақпан құру – үлкен өнер, оған бейжай қарауға болмайды деп отыратын ұстазым Сейдіғали», – дейді Ержан. Бертінгі уақытта қаладан келген бір азаматтар серіппесіне абайсызда тиіп кетіп, өзінің құрған қақпанына өзі түсіп, бір мүшесін жарақаттап, жарымжан болып қала жаздаған екен. Қақпанды кез келген жерге құра салуға болмайды, әсіресе ауыл маңына. Мал түсіп қалуы әбден мүмкін. Ержан аңшы қақпан құрудың бірнеше амал-тәсілдерін білетін болып шықты. Мәселен, ерте заманда темір қақпан тапшы болған. «Тас» қақпан қою әдісі болған. Біздің өңірде 1930 жылдары болған деседі. Көбіне түлкіге қойылған. Қу түлкі ініне кірсе, екі-үш күн шықпай қоятын көрінеді. Осындайда алдымен кірген түлкі тар інде бұрала жатады. Оған ұсақ тастарды лақтырып толтырып тастап, іннің бетін үлкен таспен жауып тастайсыз. Түлкі ұсақ тасты қазып шыққанымен, үлкен тасқа тіреледі. Бұралып жатқан түлкіні оңай-ақ ұстайсыз. Осыны тас қақпан деп атайды. Іні терең болса, қасқырға да қолданады. «Ақпа таяқ» деген қақпан түрі болған. Бұл ерте заманда темір қақпан болмаған тұста пайдаға жарапты. Тұзақ тәріздес болып келеді, көбіне қоян жолына қойылады, мұны кейде «Кеуек» деп атайды. Кәдімгі қабығын сыдырған жас шыбық болып келеді. Ержан бала күнінде аталған қақпан тәсілдерін көп қолданған, қазір де қолданып тұрады.

Ержан аңшылық өмірінде отты қару ұстамаған. Мылтығы бола тұра, оны қолданбайды. Аңның қай-қайсысы болмасын қасиетті ғой. Әкем киесі атады деп отыратын. Сондықтан Ержан аң атаулыны қақпанмен, болмаса тұзақпен ғана аулайды. «Тарбағатайдың жолсыз жері болмаса, мен үнемі жаяу жүремін», – дейді. Ол аңды тек қақпан, тұзақ құрып ұстаған. Ержан ешқашан аң терісімен пайда таппаған. Ол олжасын келген қонағына, болмаса ауылдастарына сыйға тартады. Соңғы төрт-бес жылдың ішінде еліміздің барлық түкпірінен аңшылар ағылып келіп жататын көрінеді.

– Өткен жылдан бері шетелден келетіндер болған. Оған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тараған бейнебаяндар себеп болған. Мен туралы біраз мақалалар сыртымнан жазылыпты. Осыған қатты ренжіген кездерім болды. Менің жалғыз үйлі қыстағыма мұхит асып, жолаушылар келіп жатады. Келген қонақтардың барлығы аңшылықтың қыр-сырын сұрайды. «Қарудың қай түрін қолданасыз?» деп сұрайтындар бар. Осындайда мен салдырлатып қақпандарымды көрсетсем, қайран қалады. Бабадан қалған дәстүр ғой деймін. Кәсіби аңшылар қона жатып, көп нәрсеге қанық болады. Ондайда өзім де қуанып қалам. Қызылорда, Жамбылдан келген ағайындар алдағы жазда сол өңірлерге келіп қонақ болуды, қақпан құрудың қыр-сырын үйретуді қалады.

Кейде бұл қыстаққа еріккендер мен желіккендер де келеді. Бір жылы осында тікұшақпен өзге ұлттың өкілдері келді. Тілдерін түсінбеймін, әйтеуір қолыммен ымдап көрсетіп отырдым. Былтыр қыста бір азаматтар тікұшақ жалдап, «Аю атамыз, апанын көрсет!» деп қолқа салды. Үзілді-кесілді қарсы болдым. Бұл мезгілде аю апанында ұйқыда болады. Тегінде, аю ұйықтайды деген бар, ол шала ұйқыда жатады. Оның үстіне, оның төлдейтін уақыты да осы тұс.

Тарбағатайда аюдың төрт түрі бар: ақтөс қара, сары аю, мойнақ аю, және боз аю. Біздің өңірде 100-дей аю бар. Аю адамға шабады деген бекер. Мен осы аюлардың барлығының мекенін білемін. Үнемі қара күзде санап қоямын. Өткен күзде сары аюдың бір қонжығын көрмедім, қолды болды-ау деймін.

Біздің өңірде мекендейтін аңдардың 80 пайызы Қызыл кітапқа енген, сонда да саябырсып барады. Бұрынғы аңшылар аң-құсты жөн-жосықсыз қырып салмай, қажетінше ғана аулаған. Қорқау, қанды көз браконьерлерден қорқам. Аңның да киесі барын сол пенделер білмейді ғой, – деп күрсінді аңшы бауырым.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button