Қоғам

Асыл тұқымды мал өсіруден алдыңғы қатарда келеді

Асыл тұқымды мал өсіруден алдыңғы қатарда келеді

Абай ауданы қазір тек руханияттың алтын бесігі ғана емес, ауыл шаруашылығын өркендетіп, төрт түлгін асылдандыру жағынан еліміздегі аудандардың ішінде жетінші орынға табан тіреген. Мұндай жағымды жаңалықты облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков жеткізді.
Ауданның негізгі кіріс көзі – мал шаруашылығы. Аудан әкімінің мәліметіне сүйенсек, қазір онда 51 мың бас ірі қара, 282 мың бас қой-ешкі, 30 мыңның үстінде жылқы, 163 бас түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда зеңгі баба тұқымы 106, қамбар ата түлігі 111,5, ойсылқара тұқымы 5 пайызға өскен.
– Біз малдың санын өсіруді ғана мақсат тұтпай, сапасына да айрықша көңіл бөлеміз. Қазір ауданымызда 42 асыл тұқымды шаруа қожалығы бар. Осы қожалықтағы асыл тұқымды малдың үлес салмағы аудандағы жалпы малдың 21 пайызын құрайды. Тек биыл 115 шаруа қожалығы 240 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды, – деді аудан әкімі.
«Сыбаға», «Жайлау», «Құлан» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда атқарылып жатқан оң істерге тоқталған аудан басшысы шаруа қожалықтардың техникаларын да жаңартып жатқандарын айтты.
Абай – мал саны көп болса да, жан саны аз аудандардың бірі. Соңғы жылдары жан санының да өскені, ана мен бала өлімінің азайғаны сөз болды брифингте.
Өнеркәсіп саласында ауданның үміт артып отырған өндіріс ошағы – мыс қорытатын «Мақсұт» ЖШС. Қазір бұл кеніштің фабрикасы салынып біткен. Бұл фабрика жылына 250 мың тонна кен өндіретін қуатқа ие. Кеніштің қоры 50 жылға жетеді деп жоспарланған.
Абай елі десе, ел бұл күнде қазақ күресін елестететіні шындық. Әкімнің айтуынша, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтай қос «Барысты» тудырған киелі өңірден тағы да ертеңінен үміт күттірерлік ізбасарлар шығып келеді. Жуықта ғана Қырғызстанда өткен «Көшпенділер» атты халықаралық байқауда топ жарған Қуаныш Исаев – сол ізбасарлардың бірі.
Брифингте Абайдың 170 жылдық мерейтойы қалай аталып өткендігі, аудан бюджетінің қалай жұмсалып жатқаны, тұрғын үй мәселесі, шағын бизнес, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында атқарылған шаралар туралы сөз болды.
Журналистер тарапынан қойылған Абай ауданындағы сүт жинау пункттері туралы сауалға:
– Ауданда қазір сүт жинау нүктелері жоқ. Себебі, біздің шаруа қожалықтарымыз етті ірі қара өсіреді. Есесіне, бізде қымыз өндірісі дамыған. Аудандағы шаруа қожалықтар заманауи қондырғылар алып, қымызды өңдеп, арнайы ыдысқа құйып, сауда белгісі арқылы сатылымға шығаруда. «Жарылғасын» шаруа қожалығы 22 млн. Теңгеге Қытай мен Ресейден заманауи қондырғы алып, қымыз өндірісімен айналысп келеді.Күніне 1 500 лит қымыз өндіретін қожалық өнімі Қарағанды, Астана қалаларында да үлкен сұранысқа ие, – деді аудан әкімі.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button