Қоғам

«Асыл құстың» балапаны басқанікінен өзгеше

«Асыл құстың»  балапаны басқанікінен өзгеше


Глубокое ауданының Предгорное ауылындағы «Асыл құс» ЖШС-нің ұжымы үшін тауық жылы көңіл тоғайтқан жағымды жаңалықпен басталды. Тауық бағып, инкубациялық жұмыртқа өндіріп жатқан серіктестік жұмысшыларының еңбекақысы осы ақпан айынан бастап 20 пайызға көтерілді.

Серіктестік директоры Нұрлан Қанапьянов шаруашылық басына келген бізге еңбекақының өсіп отыруына құс фабрикасының өнім көлемін түсірмей, ырғақты жұмыс істеп тұрғандығы игі ықпалын тигізгендігін айтты.

Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын құрылған бұл құс фабрикасы да 90 жылдардың соңында дағдарыстық кезеңге тап болып, 2004 жылы «Ардагер» аграрлық қаржы корпорациясының құрамына өткен болатын. Шаруашылыққа келген отандық инвестор құс фабрикасының өндірісін инкубациялық жұмыртқа өндіруге бағыттады. Осында өндірілген инкубациялық жұмыртқалар қазір Семейдегі Ертіс бройлер құс фабрикасына жеткізіліп, ол жерде басылып шығарылған балапандар әрі қарай өсіріліп, бағылып, сол тауықтардан құс еті дайындалуда.

Семейдегі Ертіс бройлер құс фабрикасы инкубациялық жұмыртқаны «Асыл құстан» екі күнде бір рет алып кетіп отырады. Мұнда бүгінде жылына 39 мың дана жұмыртқа өндіріліп жатыр. Тауықтар Ресейден, «Лебяжье» құс фабрикасынан бір тәуліктік балапан кезінде сатылып алынып келеді. Сарыауыз балапандар жұмыртқадан шыққан күннің ертеңінде Санкт- Петербургтегі асыл тұқымды құс фабрикасынан ұшақпен Өскеменге жеткізіледі. Температура, ауамен жабдықтау режимі бар арнайы құрал-жабдықтармен әкелінетін балапандарды кәсіпорынның ветеринарлық дәрігері, технологы, заңгері әуежай басынан барлық құжаттары бойынша тексеріп, қабылдап алып, фабрикаға жеткізеді. Құс фабрикасы Ресейден жылына осылайша әр жолы 12 мың бастан төрт рет асыл тұқымды «Хаббард-Ф-15» бройлер тауықтары кросының балапандарын сатып алып отыр.

Ақ үрпек балапандар да кәдімгі сәбилер сияқты. Қалт- құлт еткен оларды әкеле салысымен құс күтушілер жеті күн бойы шөжелерге жел тигізбей, жылы жерде ұстап, күні-түні қарап, бағып отырады. Тауықтар бір жылдан соң сойылып, олардың орны өсіріліп жатқан басқа құстармен алмастырылып, толықтырылады.

Құстардың жағдайы мен күтімі, тамағы, күнделікті тіршілігі кәсіпорынның бас технологы Ерғазы Құсайынов пен бас ветеринарлық дәрігер Батырбек Мыңғатовтың ұдайы бақылауында. Оларға вакцина егу, азығын беру сияқты бүге-шігесі көп шаруаның бәріне фабрикада талай жылдан бері еңбек етіп жүрген осы қос маман бас-көз болып келеді. Мамандар өз елімізде, шет елдерде өтіп жатқан семинарларға, форумдарға қатысып, құс ауруларының алдын алу, олардың тұқымын жаңарту, өндіріске заманауи технологияларды енгізу тәрізді түрлі бағыттарда біліктіліктерін арттыруда. Білгендерін, тәжірибелерін фабрикадағы жас мамандарға үйретуде. Қазақстанның құс шаруашылығындағы бүгінгі күрмеулі мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бұл саланың сан қатпарын білетін мамандар сирек, оқу бітіріп келген, жұмысқа жаңадан тұрып жатқан жастар жағында тәжірибе аз, білім жеткіліксіз.

-Келер жылдан бастап балапандарды бес партиядан әкелуге көшуді көздеп отырмыз. Шаруашылықтың жанынан жер телімі алынып қойылған. Алдағы уақытта ол жерде жаңадан жеті құс қорасы салынады. Сол кезде Семейдегі Ертіс бройлер құс фабрикасымен қоса, «Восток Бройлер» құс фабрикасын да инкубациялық жұмыртқамен қамтамасыз ететін боламыз. Біз құстарға қажетті жемді, азықты Семейдегі ұн, құрама жем комбинатынан алып келеміз.
Семейдегі екі құс фабрикасымен қатар бұл комбинат та «Ардагер» корпорациясына қарайды, оның құрылымдық бөлімшелері. Осындай кластерлік жүйемен жұмыс істеп, шеңберлік байланыста бір-бірін қажетті шикізатпен, арзан өніммен қамтамасыз етіп жатқан облыс кәсіпорындары өнімінің бағасы қолжетімді болып, сапасы артып келеді. Жыл сайын әр балапан басына беріліп келе жатқан субсидия көлемі биылдан бастап 400 теңге болып отыр. Мемлекеттен құс шаруашылығын, ауыл шаруашылығын дамытуға көрсетіліп жатқан осындай қаржылай қолдау да шаруашылықтың алға басуына айтарлықтай көмектесіп келеді. Биылдан бастап кәсіпорынның жылу беру, сумен қамту жүйелері қайта жаңартылмақ, – дейді «Асыл құс» ЖШС өндірісін дамытып, өркендету бағытындағы жоба, жоспарлары туралы әңгімелеген серіктестік директоры Нұрлан Қанапьянов.

Жеті құс қора салынып, фабриканың өндірісі ұлғайса, Семейдегі екі бірдей ірі құс фабрикасын өзіміздің арзан инкубациялық жұмыртқамен, отандық өніммен қамтуға үлкен мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта еліміздегі құс фабрикаларының көпшілігі етті бағыттағы құстардың инкубациялық жұмыртқаларын шет елдерден сатып алуға мәжбүр. Мұнымен қоса елге жыл сайын 140 мың тоннадан астам құс еті өзге мемлекеттерден еніп отыр. Түрлі елдерде құс тұмауы қайта-қайта бас көтеріп, өзге жақтан келген жұмыртқаның да, құс етінің де күмәнді тұстары көбейіп кеткен шақта, оларды шет елдерден импорттау шығын әкелумен бірге, халықтың денсаулығына қауіп те төндіріп отыр.

Қазір фабрикада 117 адам еңбек етіп жатыр. Құстарды күтіп- бағып жатқандардың дені қыз-келіншектер.

– Біздің құс қорамызда бес мың құс бар, – дейді №3- құс қораның күтушілері Ермек Байтұманов пен Люба. – Осыншама құсты күнделікті азықтандырып, талапқа сай таза ауа, жайлы температура, дұрыс жағдай туғызып отыруымыз керек. Таңертең келіп, кешке бірақ кетеміз. Құстардың жұмыртқа беруі, өнімділігі күтіп-бағуға көп байланысты. Құстардың басқан жұмыртқасын шайқамай, көп қозғамай, әрқайсысын байыппен, еппен жинап алып отыру керек. Шайқалып, соғылған жұмыртқадан балапан дұрыс өніп шықпайды.

Құс фабрикасының сегіз құс қорасының жалпы жағдайын, жай-күйін уақ-уақ қадағалап, тексеріп отыру фабрика цехтарының бригадирі Ержан Дүйсебалинның міндетінде. Орын алған сәл ғана қолайсыз жағдайдың өзі тауықтардың жұмыртқа беруін азайтып, өнімнің төмендеп кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан сан мың тауық тұрған қоралардың тазалығы қатаң сақталады.

Ел Президенті өзінің биылғы халыққа Жолдауында әр салалы аграрлық сектордың экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екенін, көптеген бағыттар бойынша еліміздің ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатынын, бұл әсіресе, экологиялық таза тағамдарды өндіріп, сыртқы, ішкі нарықты табиғи, таза өніммен қамтуға жол ашатынына, осы мақсатқа жетуіміз қажеттігіне назар аудартты. «Асыл құс» ЖШС-нің инкубациялық жұмыртқалары сол таза, қолжетімді, сапалы, бәсекеге қабілетті отандық өнімді алудың негізі болып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button