Қоғам

Асыл енем мен алтын жеңешем

Асыл енем мен алтын жеңешем


Бұл мақаланы осы екі адамның көзі тірі кезінде жазбақшы едім, бірақ жаза алмадым. Өзімнің жасым жетпістен асса да, осы ой маған маза бермей, мойнымдағы бір парыз сияқты болады да тұрады.

Біз жолдасым Кансабек екеуіміз бір ауылда өсіп, бір мектепте оқыдық. Жолдасым мектеп бітірген жылы анасы қайтыс болып, екі жарым жастағы інісі екеуі ғана қалды. Анасы өте жуас, биязы адам еді жарықтық. Сонымен біз сегіз айдан соң үйлендік. Ол уақыт қазіргідей емес еді, көп қиыншылықты бастан өткердік.

Сонда бізді өз балаларындай бауырына басып, қамқорлығын аямаған – Әмір атам мен бәйбішесі Жанжәміш тәтем еді. Өзімнен кейін екі сіңлім, жеңгем болды да, үй шаруасына араласып көрмеген едім, бәрін енемнен үйрендім.

Енем өте мейірімді, пысық, жайдары, бала-шағаға да қабағын шытып ренжігенін көрген емеспін. Өз анам екеуі апалы-сіңлілі сияқты өте тату болды. Біз сол ауданымыздың ішінде бес-алты жерге көштік, жолдасымды партия қайда жұмсаса сонда бардық.

Заманның қай кезеңінде де «ене мен келін», «жеңге мен қайынсіңлі» арасында кикілжіңдер болып тұратыны анық қой. Жалғыз жеңгеммен де сыйластығымыз ерекше еді. Ата-анамызды өз қолынан аттандырып, нағыз қазақтың келіні болды. 42 жылдың ішінде бір рет те ренжісіп көрмедік десем, көзі көргендер болмаса ешкім сене қоймас. Бір өкініштісі, дүниеге он бала әкеліп, солардың қызығын көп көре алмай, дәл орталарында жүретін кезінде ағайым екеуі де ертерек дүниеден озды.

Ендігі қолымыздан келері – есімізге алып, құран бағыштап, аруақтары риза болса екен дейміз.

Біздің тұстастарымыз тек үлкендердің тәрбиесімен өстік. Анам көп сөйлеп, ақыл айта бермейтін жуас адам болды. Біз анамыздың сөзінен, жүріс-тұрысынан, адамдармен, туыс-туғандармен қарым-қатынасынан үлгі алып өстік. Анамның «бір Құдайға тапсырдым», «Алланың көзі түзу болсын», «Ұяң – ұя бұзбас» деген сөздерінің мағынасын түсініп өстік.

Жастарға айтар тілегім: сыйлы болғың келсе, сыйымды бол. Келінге сыймаған енені ел сыйламайды. Енеңді сыйлағаның – болашақ келініңді тәрбиелегенің. Ене – емен есік, келін – тұтқа. Тұтқамыз тұрақты болсын!

Жәкіш Құмырсқанова,
Өскемен қаласы.

Осы айдарда

Back to top button