Қоғам

Асусайға су келіп, көшелері самаладай жарқырап тұр

Асусайға су келіп, көшелері самаладай жарқырап тұр


Тарбағатай ауданы облыс орталығынан шалғай жатқан өңірлердің бірі болса, Асусай осы ауданның бір түкпірінде, Қытаймен екі ортадағы шекара шебінде жатқан елдімекен. Тау бөктерінде орналасқан кішкентай ауылдың тұрмысы да екі шақырымдай жердегі «Қызыл» шекара заставасымен тікелей байланысты. Мал бағып отырған қоңыр тірлікті елдімекенде биыл жазда жағымды жаңалықтар көп болды.
Аллея мен мешітті өздері салып алды

Көлік көсілген кең даланың бір жағында мұнарланып көрінген тау сілемдерінің ішіне кірген кезде биік жотаның етегінен сылдырап аққан бұлақ суы шықты. Жоғары жақтан, Терісайрық деген жайлаудан келетін бастау көрінеді. Ирелеңдеген кішкентай өзенді бойлай жүріп отырып бірнеше белден өткен соң Асусайға келіп жеттік. Алдымыздан Гүлшат Ақтанова шықты. Әкім де емес, хәкім де емес, өзі айтқандай, «осы ауылдың белсендісі» екен.

Халқы қаншама жыл лас су ішіп отырған бұл Асусай ауылына осыдан бірер күн бұрын ғана таза су келіп, елдің көзі ашылып, көңілі жайланып отырған болып шықты.

Бізді ауыл шетінде тұрған құдық басына бастап жүрген Гүлшат Ақтанова таза суға кенеліп отырған тұрғындардың осы уақытқа дейін таза су таппай қиналған, көрген мехнаттарын айтып жатыр.

– Ел осы тамыздың ортасына дейін мынау тұрған таудың ар жағындағы мал телімдерінің қи, көңі араласып ағып келіп жатқан лас суды ішіп келді. Табиғаттың, таудың таза суы болғанымен әсіресе, көктемде су лайланып, ішу былай тұрсын пайдалануға жарамай кететін. Аудан әкімі алғаш басшы болып келгенде осы мәселемізді айтып, көтергенбіз. Былтырдан бастап зерттеу, барлау жұмыстары жүргізіліп кетті де, биыл міне жергілікті бюджеттен бөлінген 200 млн. теңге көлеміндегі қаржыға жер астынан су шығаратын құдық та салынып бітіп, аузымыз алғаш рет таза суға тиіп отырған жайымыз бар, – дейді асусайлықтар үшін таза судың келуі ең үлкен қуаныш болып отырғанын айтқан Гүлшат.

Асусайда 68 түтін бар. Ауыл тұрғындары әзірге фляг, шелектерін көтеріп, суды осы ұңғыма құдықтан тасымалдап жатыр. Алдағы уақытта құдық суы орталық көшелерге, үйлерге тартылмақ. Қазір құдық басында су сорғыны іске қосып, ажыратып отыратын арнайы адам бар. Құдық басына келгендер құбырдан аққан мөп-мөлдір суды шүпілдетіп ыдыстарына толтырып алып жатыр.

Флягін көтеріп су ала келгендердің бірі, Асусай орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Серікбай Сәдуақасов асусайлықтардың таза суға қолдары жетіп қана қоймай, көшелері жарықтандырылып, шекара шебіндегі, шалғайдағы ауылдың ажарланып, сәулеттеніп келе жатқанын жеткізді.
Мүлгіген тау қойнауына кеш батып, қараңғы түссе болды тұнжырай қалатын Асусайдың орталық көшелеріне жуықта 25 шам орнатылып, ауыл іші самаладай жарқыраған. Түнгі жарықтың сәулесімен ауылдың аллеясына да сән кіріп, бағана басындағы шатырлы шамдар үлкенге де, кішіге де қуаныш нұрын төгіп тұр.

Застава мен елдімекеннің байланысы берік

Ауыл аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа жарықтандырылса, ҰОС ардагерлеріне арналып ашылған аллея мен мешіт ғимаратын ауыл тұрғындары асарлатып өз қолдарымен салып тұрғызған.

Біз Асусайға барғанымызда ауыл тұрғындары мешіт үйіне әрлеу, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатты.

-Ауыл кәсіпкері Күлзипаш Жүнісова, басқа да бірқатар тұрғындар осы ғимаратты жөндеуге көмектесіп қол ұшын беріп қазір сыртын қаптап жатырмыз. Медпунктіміз жұмыс істеп тұр. Асусай биыл үлкен жаңалықтардың ортасына айналды. Енді ауылға демалыс алаңқайын, арка салып, мүсіндер алаңын ашуды көздеп отырмыз. Ауыл жастарының көпшілігі «Қызыл» заставасында жұмыс істеп, қызметтерін атқарып жатыр. Жастарға жұмыс бар болғандықтан олар ауылдан кеткен жоқ. Ауылдың ауыл болып қалуына, сақталуына, оңды тірлігіне заставаның тигізіп отырған әсері өте көп. Осыдан екі жылдай бұрын Үкібай деген мекенде бұзау іздеп шыққан сегіз жасар бала жоғалып кетіп, осы «Қызыл» заставасы сарбаздарының шұғыл із кесіп, жаппай іздестіруімен аман-есен тауып алдық. Балаларымыз, өзіміз туып-өскен осы ауылымызды көркейте берсек деген ниеттеміз,-дейді Гүлшат.

Асусай да мемлекеттік шекараның мығым болуына өзінің үлкен септігін тигізіп тұр. Іргеміздің берік болуы алдымен Асусайдай ауылдардың бақуатты тұрмысына тікелей байланысты. Ел шебінің қатаң күзетілуіне, қырағы бақылануына, байтақ алқаптың иесіз жатпауына заставаның ғана емес, шет жайлап, қиыр қонған, осы елдімекеннің де өзіндік үлесі бар. Сол себепті мемлекет шекарасы маңындағы мұндай мекендерге стратегиялық маңызы бар нысан деп те қарап, иен қалдырмай қайта осылай өркендете түсуіміз қажет сияқты.

Мұндағы бақылау өткізу пунктінде тұрған шекарашылар да шекара бекеттеріндегі өзге жауынгерлердей күннің ыстық аптабында қалт етпестен отан шекарасын, ел тыныштығын күзетіп тұр. Әскери қызметінде тұрған кезекші жауынгердің айтқанындай жазға салым шекара сызығының бергі жағындағы Етікші асуына, Қотанашы, Терісайрық жайлауларына қарай айдалатын мал да осы бақылау пункті арқылы белгіленіп өткізіледі екен. Бұл жақта мал да, жан да ерекше бақылауда.

Асусай ауылы қарайтын Жетіарал ауылдық округінің әкімі Серік Қажиекберов, бас маман Жадыра Исламханова асусайлықтардың ұйымшылдығын айта отырып, алдағы уақытта округ ауылдарын, соның ішінде шалғайдағы Асусайды абаттандыру, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту шаралары әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

Жанаргүл Көкенай

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button