Ақсудың мектебі қуатты күннен алып отыр
Катонқарағай ауданындағы Ақсу 11 жылдық мектебі шаруашылыққа қажетті суды күн батареяларының көмегімен ысытып отыр. Ақсу мектебінің директоры Гүлмира Базаева мектеп шатырына орнатылған шағын ғана күн батареялары пластинкаларының мамыр айынан бері мектепке бірнеше жүз мың теңгені үнемдеуге мүмкіндік бергенін айтты.
Панты өнімдерімен аты шыққан Ақсу ауылы да төр Алтайдағы өзге елді мекендермен бірге жылдан-жылға ықшамдалып, кішірейіп барады. Ақсу ауылдық округіне қарасты Жазаба, Ақшарбақ, Бекалқа ауылдарының бірінің мектебі жабылып, бірінің мектепте оқитын балалары мүлде азайып қалып жатса, Талды ауылы мүлде жойылып кетіпті.
– Ақсудың маңайындағы ауылдардың балалары мектеп жанындағы интернатта оқып жатыр, мектепте 132 оқушы, мектеп-интернатта 17 бала бар, – дейді Ақсу мектебінің директоры Гүлмира Базаева. – Мектептері жабылып қалған Бекалқа, Ақшарбақ ауылдарының балалары, биылдан бастап бастауыш мектеп қана болып қалған Жазаба мектебінің балалары осы біздің мектеп-интернатта тұрып оқып жатыр.
Алыстағы ауылдың білім ордасы жазда күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мектеп ұжымы күн батареяларының нағыз пайдасын осы жөндеу кезінде көрген. Күннен алынған қуатпен ысытылып отырған сыйымдылығы 300 литрлік бойлердің ыстық суы еден, асхана ыдыстарын жууға, өзге де шаруашылық жұмыстарына пайдаланылып келеді. Күн батареяларының суды ысыту қабілеті күннің көзі жоғалып кететін суық күндері де кемімейді, жоғалмайды. Мектеп ұжымы болашақта мектептің жылыту жүйесін де осы күн батареяларынан алынатын ыстық сумен жылытуға көшірмек ойда.
Күн батареяларын облыстағы бірнеше әлеуметтік нысандармен бірге осы мектепке орнатып берген «Қасиетті Өр Алтай» қоғамдық қорының директоры Дидар Далиманов Ақсу мектебінің түлегі. Мектеп ұстаздары мен оқушылары енді осы қордың көмегімен түймедақ, мелисса, календула сияқты емдік шөптерді егіп, кептіру жобасын жүзеге асыруды көздеп отыр. Жинап алынған емдік шөптер «Ақсу-ДЭЕН» серіктестігінің фармакологиялық өндірісіне тапсырылмақ.
Алты ай қыста ақ қардың астында жататын Ақсу ауылының ұстаздары күн батареяларымен мектеп қаржысын үнемдеп қана қоймай, оқушыларды тиімді кәсіппен айналысуға баулып, табыс түсірудің жолдарын осылай көрсетіп, үйретуде.
Жанаргүл Мұқатай