Қоғам

Асудағы жол құрылысы күні-түні жүріп жатыр

Асудағы жол құрылысы күні-түні жүріп жатыр


2020 жылдан бастап Зырян, Катонқарағай аудандарына баратын жұрт Осинов асуын айналып, жайдақ жолмен жүретін болады. Осы жердегі шың–құзды өрлеп, құлдилайтын бұрылысы көп, қиын да күрделі жол жадағай, тегіс жолға айналмақ. Осинов асуын айналып өтетіндей етіліп салынып жатқан жолдың бойында қазіргі күні тау қопару, бұрғылау, күре жолдың негізгі астыңғы қабатын дайындау жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр.

Осинов асуының басында тұрмыз. Өскемен-Зырян-Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары бағытындағы тау жолының Александровка ауылына таяу жердегі тұсы. Бұл- болашақ 12 шақырымдық жаңа жолдың 7-ші шақырымындағы учаскесі. Тауды бұзып, тасты жарып жол салып жатқан түрлі техниканың дауысынан тау қойнауы күркіреп, жаңғырып тұр. Ұзын мойын экскаватор топырақ, тасы араласқан тау жыныстарын алқа-қотан тұрған «Самосвал» көліктерге тиеп, бұрғылаушы техникалар болса бұрқыратып, шаңдатып, жер қыртысын қақырата қазып, өркешті жоталармен алысып жатыр. Ерсілі-қарсылы теңселіп, шынжыр табандары шықырлай қозғалған ауыр тракторлар машинадан төгілген топырақты жан-жаққа жайып біткен соң, оны «каток» машиналары нығыздап, таптауға кіріседі. Әрбір жол учаскесіне топырақ қабат-қабат төселіп, тапталып жатыр. Таудан аққан тасқын су жолды шайып кетпес үшін жолдағы бірнеше учаскеге су құбырлары салынады. Нығыздалып жатқан топырақтың әр қабаты төселіп біткен соң, мердігер компания мамандарының, техникалық бақылаушылардың тексеруінен өткізіледі. Төселіп біткен бір қабат жабынды тексеруден өткен соң, келесі қабатты төсеуге рұқсат беріледі. Әбден нығыздалып, тегістелген топырақтың үстімен топырақ тиелген 40 тонналық «Самосвалдар» жүріп өтсе де, із қалмайды. Міне, жаңа жол толып жатқан басқа да технологиялық жұмыс үдерістері атқарылатын осындай негізгі қабаттың бетіне салынады. Осы жердегі еңістің жолын көтеріп, биіктетіп, дайындау жұмыстары біткен соң, жару жұмыстары кезегін күтіп тұр. Жару, қопару кезінде техниканың бәрі құрылыс басынан әкетіліп, таудың айналасы белгілі бір аумаққа дейін қоршауға алынады. Осылайша жұмыс кезек-кезегімен жалғаса бермек. Бүгін астан-кестені шығып жатқан бұл таудың қойнау-қолатында үш жылдан соң барлық талаптарға сай, көліктер қатынасына қолайлы, жүруге жайлы жайдақ жол сайрап жататын болады!

Тегістеу, бұрғылау жұмыстары қазір жаңа жол бойының бес шақырымдай бөлігінде жүріп жатыр. Осинов асуы маңындағы биік жоталар тегістеліп сайларға тасты топырақ төгіліп, теңестіріліп, еңістеу тұстары керісінше биіктей түсуде. Тау бауырынан алынған артық топырақтың бір бөлігін «Самосвалдар» алдын ала белгіленген арнайы орындарға апарып төгуде.

Осинов асуының сыртынан айналып өтетін жаңа жол жобасының жетекшісі «АБК Автодор НС» ЖШС-нің серіктесі Айдын Майусов айтқандай 10 млрд. 996 млн. теңгеге салынатын тегіс жолдың құрылысына қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Республикалық маңыздағы жолдың тапсырыс берушісі – «Қазақавтожол» АҚ. Жолдың ұзындығы – 12 шақырым.

Біраздан соң құрылыс басына жаңа жолдың салынуына техникалық бақылау жүргізіп жатқан мамандар келді. Өзін осы нысанға техникалық қадағалау жүргізіп отырған «Аркада КZ» компаниясының техникалық қадағалаушысымын» деп таныстырған Жорабек Құрманәлиев нысан басында күн сайын жүретін маманның бірі екен. Астаналық бақылаушы компания мамандарының міндеті – жолдың жобаға сай, нормативтік құжаттарға сәйкес салынуына күнделікті қадағалау жасау. Маман төрт айдан бері жүріп жатқан құрылыс жұмыстары барысында жобадан ауытқушылық жағдайлары кездеспегенін, жұмыстардың сапалы жүріп жатқанын біз білетін-білмейтін техникалық терминдермен тәпіштеп түсіндіріп берді. Қазір құрылыс барысын техникалық бақылау жасап отырған компанияның алты маманы қадағалап жүр. Сапа жөніндегі, жол жөніндегі, жол бойына салынатын имараттар, жұмыс көлемі жөніндегі бақылаушы инженерлер материал сапасын, жұмыстың технологиясын, көлемін үнемі қадағалап, материалдарды Серебрянка қаласындағы мердігер кәсіпорынның зертханасында тексеріп отырады. Салынып жатқан жолдың, құрылыс материалдарының сапасын «АБК Автодор НС» ЖШС-нің жергілікті жердегі зертханасының өз мамандары да тексеріп отырады. Жол құрылысын бас мердігер компанияның мамандарымен қоса тапсырыс беруші, техникалық қадағалау, басқа да органдардың инспекторлары, мамандары тексеріп тұрады.

Маусым айында басталған жол құрылысында қазір 120-дан астам техника, 350 адам жұмыс істеп жүр. Жұмыс екі ауысымда, күні-түні жүріп жатыр. Ауа райы мүмкіндік берсе қыста да жүргізіле бермек.

-Қыста құрылыс жұмыстары 25 градус аязға дейін жүргізіле береді. Биыл компания жоспарға сай 1 млрд. теңгенің жұмысын атқарып шығуы тиіс. «АБК Автодор НС» компаниясы жол құрылысымен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Кәсіпорын «Вi GROUP» холдинг компаниясының құрамына кіреді. Компания құрамына үш ірі компания кіріп отырса, соның бірі – біздің осы «АБК Автодор НС» ЖШС. Осы уақытқа дейін республикалық маңызды жолдарда жұмыс істедік. Қазіргі күні «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша үш жобаны жүзеге асырып, инвестициялық жобаларға да қатысып жатырмыз, – дейді жолды салып жатқан мердігер компанияның әлеуеті жоғары екенін айтқан «АБК Автодор НС» ЖШС серіктесі, жоба жетекшісі Айдын Майусов.

Көктем шыға құрылысы басталып кеткен жаңа жол 2020 жылдың сәуірінде салынып бітпек. Зырян, Катонқарағай аудандарының жұрты үшін ғана емес табиғаты тамылжыған Бұқтырма жағасына, әйгілі Рахман қайнарларына келіп-кетіп жатқан ел үшін де қиындығы көп Осинов асуының жолын қауіпсіз жолмен алмастыру талайдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе болатын. Иір-иір бұл жолдың қыр-сырын білмейтін, тәжірибесі жоқ жүргізушілер тау үстінде тайғанақтап, қарлы-жаңбырда жиі апатқа ұшырап жатады. Осыдан 20 жылдай бұрын Осинов асуының күрделі жолының орнына тау астымен өтетін тоннель салу да ұсынылып, қарастырылыпты. Оны салуға қазіргі жобадағыдан бірнеше есе артық қаржы кететін еді.

-Сәуір айында компания айналып өтетін жаңа жол құрылысын салу бойынша өткізілген тендерді жеңіп алып, мамырдан бастап жер қазу, трастың ортаңғы біліктерін жүргізу жұмыстарына кіріскен болатын. Тау ішінен өтетін жаңа жолдың құрылысы аса күрделі. Тау қопару жұмыстарының көлемі өте көп. Жоба бойынша 1 млн. 600 мың текше метр тау қопару, бұрғылау жұмыстары, 4 млн. 346 мың текше метр жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ені 3,5 метрлік жаңа жолдың бойында төрт автобус аялдамасы, бір демалыс алаңқайы, өзен үстінен өтіп, екі тауды жалғастырып жататын ұзындығы 175 метрлік үлкен көпір салынады. Көпірді Өскемендегі Ертіс үстінен өтетін көпірді салып жатқан еліміздегі Рязанов атындағы «Мостоотряд-25» көпір құрылысы компаниясы салмақ. Көпірдің тірегінің өзінің биіктігі 43 метр болады, – дейді осындай күрделі жолдың жобасына жетекшілік жасап, құрылыстың басы-қасында жүрген Айдын Майусов.

Бұл жолдағы бір ғана көпір тірегінің биіктігі 14 қабатты үйдің биіктігімен бірдей болады екен. Коммуникация, электр қуаты, ештеңе жоқ тау қойнауында көпір салу қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ең қиыны – жол жүретін жерді қазып, дайындау. Құрылыс жұмыстарының басты бөлігін де осы жерді дайындау жұмыстары құрайды.

Халықтың көптен күткен құрылысы жүріп жатыр. Жаңа жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, соның ішінде сауда-саттықтың дамуына, шағын және орта бизнестің, осы өңірдегі екі ауданның, моноқалалардың өркендеуіне үлкен ықпалын тигізіп, туристер легінің артуына айрықша әсер етері анық.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button