Ақсуаттық өрендер хоккейден де озып жүр

Ақсуат ауылы орта мектебінің оқушылары оқуда ғана емес, өнер мен спортта да алдан көрініп келеді.
Зайсанның жағасындағы Ақсуат ауылының жаңа мектебі көрген көздің жауын аларлықтай сәулетті етіп салыныпты. Көл жағалауындағы елді мекеннің сәнін келтіріп тұрған жалғыз-жарым әдемі ғимараттың іші де кірсе-шыққысыз екенін көрдік. Жарық та ұзын залдың алаңқайына үлкен аквариум, теледидар қойылып, әдеттегідей білім ошағының бетке ұстар ұстаздары мен оқушыларының жетістіктерін паш ететін көрнекі тақталар ілінген. Мектепке аквариумды қара шаңырақтан ұшқан түлектердің бірі сыйлапты.
-Бүгінде Ақсуат мектебінде бала саны азайып бара жатқаны болмаса, оқушылардың білім сапасы, қоғамдық-спорттық жұмыстарға қатысу жағы баяғысынша жоғары деңгейде тұр, -деді бізді Ақсуат мектебінің ұстаздарымен таныстырып, білім ордасының өткені мен бүгіні жайында әңгімелеген мектеп директоры, осы ұжымға 25 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Еркінбек Жұмағұлов.
Еркінбек ағаның өзі алғаш рет осы мектепте ұлт-аспаптар оркестрін құрып, оқушыларын өнерге баулып, қанатын қатайтқан. 30 баладан тұратын оркестр бірнеше жыл бойы аудандық, облыстық байқаулардан бірінші орын алып, Ақсуат мектебінің атын шығарғаны елдің есінде. Сол үлкен оркестрден қалған жұрнақ әлі бар. Оркестрде ойнаушылардың саны азайғанымен сәні кеткен жоқ. Оркестр мектептегі, аудандағы концерттік бағдарламаларға қатысып, күмбір-күмбір күйімен көпке танымал болып жүр.
Ақсуат мектебі түлектерінің жыл сайын мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, білімдерін көрсетіп жатқаны осындағы шағын ұстаздар ұжымының еңбегі. Бағижан Бегешова, Гүлмира Жұмағұлова, Бибигүл Егінбаева, Жанар Жүнісова, басқа да ұстаздар оқушыларға білім беруде өз біліктіліктерін көрсетіп келеді.
Зайсан көлінің жағалауында өсіп жатқан бұл ауылдың оқушылары бүгінде жаппай хоккейге ден қойыпты. Соңғы жеті-сегіз жылдан бері ақсуаттық ұлдар аудан бойынша аталмыш қыстық спорт түрінен алдарына жан салмай келеді. Солардың ішінде мектептің 8-ші сыныбында оқитын Ақжол Тұрсынғалиев қазір хоккейден Ақсуаттың мақтанышына айналып отыр. Балаларды хоккей ойнаудың қыр-сырына үйретіп, шыңдап жүрген мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қуат Құнапиев аудан, облыс көлемінде хоккейден жүлдесіз қайтпай жүрген мектеп оқушыларының жеңісі ауыл балаларының хоккейге деген қызығушылығын, ынтасын арттырып отырғанын айтты. Ақсуаттық хоккейшілер былтыр қыста Зырян қаласында хоккейден өткен өңірлік сайыста облыс мектептері арасынан тағы да бірінші орынды иеленіп қайтыпты.
Ауылымыздың қара домалақтары өсіп, өркендеуге мүмкіндік алар қара шаңырақ-алыстағы елді мекендердегі білім ордалары жүдемей, осылай түлей берсе игі. Оқушысы аз болғанымен, оқытып, үйретіп отырғаны көп Ақсуат ауылы мектебінің, оқушыларының жетістігін көріп, білген біз бір марқайып қалдық.
Жанаргүл Мұқатай
Күршім ауданы.