Қоғам

Ақсуаттағы мектептің құрылысы қашан аяқталады?

Ақсуаттағы мектептің құрылысы қашан аяқталады?

Кетеуі кеткен құрылыстар

Күршім ауданының Балықшы ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылындағы 80 орындық мектептің құрылысы биылғы 1-қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда Риддер қаласында Бауыржан Дүсіпов жетекшілік ететін «Сары Асыл» ЖШС құрылысшылары салып жатқан аталмыш нысанның құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр.
Апаттық мектептердің орнына ауданда бірнеше жаңа мектеп салынуда. 2012 жылы үш, ал өткен жылы төрт нысанның құрылысы басталған-ды. Былтыр басталған құрылыстар қарқынды жүріп жатыр, олардың үшеуі аяқталып та қалған, ал 2012 жылы іргесі қаланған ғимараттардың тек біреуі ғана пайдалануға берілген.
– Осы жылы Қарашілік орта мектебі іске қосылды. Қалған екі нысан келесі жылға қалды, себебі, жыл соңына дейін олардың құрылысы бітіп үлгермейді. Үшбұлақ мектебінің қазір екінші қабаты көтерілуде. Ал Ақжайлау ауылындағы оқу орнының қабатаралық жабындылары жасалып жатыр. Былтыр басталған құрылыстардың үшеуі соңына жетті. Тек Ақсуат ауылындағы мектептің құрылысы бітпей тұр, жалпы аталмыш білім ошағы 1 қазанда пайдалануға берілуі тиіс, – дейді Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Елеубаев.
Ақсуаттық балалар болса жаңа мектептің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Аймақ басшысының құрылыс қарқынын ширату жөнінде берген тапсырмасына қарамастан бұл ауылдағы мектеп пайдалануға беруге әлі әзір емес.
Бауыржан Елеубаевтың айтуынша, нысанның салынуы кесте бойынша жүріп жатыр, кешігу жоқ. Мұнымен қоса, мердігерлерге жергілікті тұрғындар белсенді көмектесуде.
– Біздің ауылдық округте бүкіл аудандағыдай асар қозғалысы жақсы дамыған. Тұрғындар ауылға мектептің қажет екенін түсінеді, сондықтан әркім шамасы жеткенше болысып жатыр. Біреу құрылысшыларға тамақ әкеледі, енді біреулер кірпіш тасуға, қоқыс шығаруға жәрдемдеседі. Демалыс күндері ұстаздар қауымы құрылыс алаңына сенбілікке шығуды ұйғарып отыр. Тіпті, көршілес Аманат ауылындағы тұрғындар да келіп, көмектесуге ниет білдіруде. Өйткені, кезінде біз сол ауылдың мектебін тұрғызуға қолдау көрсеткен болатынбыз, – дейді Ақсуат орта мектебінің директоры Еркінбек Жұмағұлов.
Құрылыс алаңына келген біздер Ақсуатта асардың неліктен шапшаңдатып қолға алынып жатқанын ұғындық. Кестеге сәйкес бір аптадан соң сабақтар басталуы тиіс жаңа мектептің ғимараты қаңырап тұр. Нысанның сыртқы қасбеті жартылай да қапталмапты. Мектептің ішінде жұмысшылар қабырғаларды сылап, желдету жүйесін орнатуда. Яғни, алда атқарылар жұмыс әлі бастан асады.
– Құрылыс материалдарын жеткізуде мәселе жоқ. Қазір тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі шаруалар аяқталған, атап айтсақ ғимаратты салып, сантехникаға қажет құбырларды және электр желілерін төсеп қойдық. Бірақ әлі де атқарылар істер бар. Ішкі және сыртқы әрлеу, ауланы абаттандыру, қоршау орнату, өрт және канализациялық резеруарлар салу сияқты жұмыстары күтіп тұр бізді, – дейді құрылысшы Сергей Лохтюк.
Осы құрылыстың мердігері болып саналатын «Сары Асыл» ЖШС-інің жетекшісімен немесе учаске бастығымен кездесе алмадық. Құрылысшылардың айтуынша, нысанда 20 адам еңбек етуде, мердігер олардың санын ұлғайтуға уәде берген. Егер бұл уәдесін орындамаса, оқушылардың 1 қазан түгілі осы жылдың соңына дейін жаңа мектепке қадам баса алмайтындары айдан анық.

Гүлмира Асипова

Осы айдарда

Back to top button