Қоғам

Ақсуатқа алты құрлықтан қонақтар келді

Ақсуатқа алты құрлықтан қонақтар келді


Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа келіп қалдық. Ондағы мақсат – қазақ күресінен өтетін Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-приді көрмек.

Иә, бұл турнир бұдан былай әлемдік гран-при болып аталады. Ол жайында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаев таратып айтты.

– Қазақ елі үшін қуанышты жаңалығымыз бар. Қазақ күресі «United world wrestling» деп аталатын дүниежүзілік күрес одағының кестесіне енді. Бұл – соның құрамында өткелі тұрған алғашқы турнир. Ол жерден арнайы бақылаушылар да келді бүгін, – деді Талғат Мәзібаев. – Біздің мұндай ауқымды бәсекені о баста ауылда өткізудің өзі – зор мақсаттан туған идея. Балуандардың барлығы дерлік ауылдан шығады ғой. Осындай апайтөс алыптардың айқасын көріп, жас ұрпақ қанаттанып, өсіп-жетілері хақ. Бұл сөзіме дәлел болатындай қызық жайды да қозғай кетейін. Әлемнің әр елінен келген балуандар бастапқы жылдары жергілікті жас жеткіншектерді жетектеп шығып жүрген еді ел алдына. Иә, футболдағыдай. Қызығы сол, сондағы жеткіншектер төрт-бес жыл өткен соң облыс біріншілігінде – төрт, ел біріншілігінде екі салмақтан чемпион болып, ауданның мақтанышына айналды, – дегенді де қосып қойды ол. Бұл болашақта жібін үзбей жалғастыратын үрдіс екен дедік біз.

Қазақ күресінің әлемдік деңгейдегі ахуалынан басталған әңгімені ақыры бастаған соң, жетер жеріне жеткізіп тастайық, Ол үшін әлгі дүниежүзілік одақтан келген бақылаушылардың біріне сөз беріп көрейік. Күрестің қызығын кейінірек баяндаймыз. Оның жөні бөлек, әрине.

– Сіздерге байқала ма, байқалмай ма, одан бейхабармын. Білерім, қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Жаһанның түкпір-түкпірінде бұл спорт түрінен жарыстар жиі өтеді. Басы-қасында жүрген азаматтар аса белсенділік танытуда. Бұл – дұрыс. Тоқтамау керек. Қазір сіздерде екі күрес федерациясы бар ғой. Болашақта олар өзара ортақ тіл табысады деп үміттенеміз. Себебі олар бір-біріне кедергі келтіруі мүмкін. Халықаралық арена бір ғана федерация болғанын қолдайды, – деді Бен Розен мырза. – Қараңызшы, бүгін қанша халық жиылғанын. Мұнша көрерменді кез келген жарысқа жинау мүмкін емес. Қазақстанның қиыр шетінде өтіп жатса да, ұялмай «әлемдік гран-при» деп айтуға болады. Әлбетте, алғашқы турнир болған соң, кемшіліктер болмай тұрмайды. Ол айтылуы керек, солайша жөнделуге тиіс. Мәселен, бұл жерде халықаралық дәрежедегі екі төреші ғана жүр. Бұл мынандай бәсеке үшін аз. Сондай-ақ үлкен табло орнатылғаны ләзім. Көрермен хабарлап айтқан есепті ұмытып қалып, артынан дау туындауы ғажап емес. Мұндай кішігірім сын-ескертпелерді ұйымдастырушылар қаперге алар.

Бен Розен мырзаның айтқаны біздің көңілге қуаныш ұялатты. «Қарқынды дамып келеді», «тоқталмау керек» деді-ау. Жә, тіл-көзіміз тасқа.

Алыптар айқасы

Барқытбел елі мұндай думанның дүбірін естігенде әсте байыздап үйде отырған емес. Ырғызбай Досқанаұлы атындағы орталық стадиондағы қара ормандай халықтың біразы велосипедтің белін талдырып жетіпті. Мұны жорамалдап емес, көзбен көрген соң айтып отырмыз. Ал енді мәшиненің санында қисап жоқ. «Басталды, әне, артық ауыз сөзді доғар» дегісі келгендей, сол жағымдағы көршім бүйірімнен «байқамай» нұқып қалды бұл мезетте. Өзі қабағын түйген күйі алаңнан көзін алмай отырды.

23 мемлекеттен келген бура сан, бұқа мойын балуандар күрес алаңына көтеріліп, айнала жұртпен амандасып бір өтті. Олар осыдан бір күн бұрын әулие ата кесенесінің басында салмақ өлшеп, екіге жарылып алған-ды. Салмағы 80 келіден төмендері – өгіз балуан, 80-нен асқандары түйе балуан атағына таласпақ.
Жарысқа келген облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Төкеев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және «Wnited world wrestling» одағының төрешілері құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

…Әне-міне дегенше, Гүржістан мен Израильдің қос балуаны жолбарыстай атылып, бір-бірін жағадан ала түсті. «Күш атасын танымас» деген рас-ау, әрі-бері жұлқысқаннан кейін-ақ грузин балуаны алаңды еркін билеп алды. Тіпті адам айтса нанғысыз белдесу болды бұл. Тауына тартқан тұлғалы ұл еврей спортшысын бөріктей қағып-сілкіді. Осылайша, Бека Бердинишвили қалың жұртты өзіне жалт қаратты.

Түйе балуандық белдесудің тағы бір тартымдысы жерлесіміз Талғат Әміренов пен украиналық Нодар Мачутадзе арасында өрбіді. Бұл сәтте әлгі қабағынан қар жауған көршім тіпті жайнап кеткен еді. Мықтылардың шеберлігіне сүйсінген ол менің иығымнан қысып-қысып, құшақтап та қойды керек десеңіз.

…Арыстандай арбасқан екеу негізгі уақытты тәмамдап, белдесуге дейін барды. Соңғы сәтте Талғат алып жігітті шалып жығып, қаумалаған елін қатты қуантты. Бір өкініштісі, Талғат Әміренов бұл жарыста жүлдеге жете алмады. Небәрі 100 келі салмағы бар оның жолын Ресейдің 170 келі тартатын ақ аюдай алыбы кескен еді.

Сонымен не керек, 80 келіден жоғары салмақтағы балуандар бәсекесінде бірінші орынды өзбек спортшысы Мухсин Хисомиддинов иеленіп, үш миллион теңге ұтты. Екінші орынға ресейлік Рустам Арсланов жайғасты. Ал мақтаулы Бека Бердинишвили (Гүржістан) үштікті түйіндеді.

Енді өгіз балуандардың жайына келсек, мұндағы бәсекенің финалына қос бірдей қазақстандық Ғабит Дәулетбаев пен Қуаныш Мұратов шықты. «Тарбағатайдың тастүлегі» Ғабиттен «Барқытбелдің арлан бөрісі» Қуаныш айласын асырып кетті. Жас қыран жырынды көкжалды бұл жолы алмаса да, беті қайтпағанына, әлі-ақ сан додада атой саларына шын пейілмен сенді қалың көпшілік. Үшінші орын тағы бір өзбекстандық Камаладдин Расуловқа бұйырды.

Ақсуатқа алты құрлықтан қонақтар келді

Лаланың иесіне «Лада» бұйырды

Ертесінде осынау қалың ел қара жердің белін қайыстырып бәйгетөбеге қарай беттеді. Жылқы көрсе Күреңбайдың көзімен «тінтіп шығатын» қазақ әр қиырдан келген сәйгүліктерді сынып болғанша, тайжарыс та тәмамдалып қалған еді. Топтан суырылып шыққан семейлік көкбурыл дара келген болатын.
«Топ бәйге басталады» дегенді естігенде ғана жылқықұмар жұрт шындап пейіл қойды. Ойпыр-ай, 12 шақырымдық бұл дода аса қызықты өтті. Сізге өтірік, бізге шын, секунд санаған ағайын «шеңберді екі жарым минутта бір айналып келіп қойды бәйгенің алды» деп дабырласып жатты. Қызық дегеніміз сол, желтабан жануарлардың бас айналдырар жылдамдығын айтқанымыз болатын. Бұл бәйгеге әуелі отыз бес ат қосылған еді, ал ақыр аяғында межелі бес айналымды бес-ақ жүйрік толық жүгіріп шықты. Нәтижесінде Алматыдан келген Бұрхан ныспылы жануар – үшінші, күршімдік Сүлікқара – екінші, Орал қаласынан келген Лала атты желтабан бірінші орын алған болатын. Иә, Лаланың иесіне «Лада» автокөлігінің кілті табыс етілді.

Міне, осылайша аламанға бергісіз топ бәйге де тәмам. Ал мынау тас төбеден шақырайған күннің астындағы жұрт әлі де болса тарқамай, Аламанды күтіп тұр.
Аламанға 45 ат қосылды. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін кеңпейіл қазақ осы сәтте өз ауылынан қосылған жүйріктер үшін бәс тігіп те жатты. «Әкел «бесті», «қи мына қолды», «құнан қой берейін» дейді олар даурығып. Әлден уақытта қызыл өңеш болып дауласып та алады. Сонымен не керек, атқұмар елдің қанына қызулы желік қосқан аламан да сүліктей қара жануардың үш-төрт атты қатар-қатар басып өтіп, екінші келген аттан мойын оздырып келуімен аяқталды. Ол Қарақат деген Күршім ауданының жүйрігі болатын.

– Қарақат – құлынынан қолымызда өскен жануар. Үштен асып, төрт жасқа кетті. Алла бұйыртып, аламанда топ жарды. Бұған шабандоз Айтолқынның тікелей қатысы бар. Атпаз ағайын біледі ғой, шабандоз мықты болса, жүлдеге іліндіреді. Аттың күшін соңына дейін сақтап, тыныс алдырып отырады. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді ат иесі Нұрлан Қасымханов.

Екінші болып мәре сызығын Үржар ауданының Жебе атты сәйгүлігі кесті. Алматы облысының жүйрігі Көгершін аламанның үшінші орнына табан тіреді.

Халық емшісі туралы кітап

Балуандар белдесуі басталмай тұрып дүбірлі тойға жиналған қауым Ырғызбай әулие басындағы тарихи-мемориалдық кешенге ат басын байлап, сол жерде «Ырғызбай емші» атты ғылыми-танымдық кітаптың тұсаукесеріне куә болды. Кітапты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалымдары құрастырыпты. Тарихи кітапты аталмыш оқу орнының ректоры Мейір Ескендіров таныстырды. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Ұлттық ғылым академиясының академиктері Ғ.Есім, Д.Қамзабек, Е.Арын, белгілі сәулетші Ж.Мәлібеков ұлы дала емшісі жайлы жазылған еңбекті жоғары бағалап, кітаптағы тың деректердің халқымыз үшін маңызын ерекше атап айтты.

Әлемдік Гран-при алдында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қадірлі қонақтар ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Содан кейін қонақтар мен аудан тұрғындары мазмұнды мәдени іс-шаралардың куәсі болды. Айта кету керек, ауданда сегіз тарихи тұлғаға ескерткіш орнатылған-ды. Соның бірі – қазақтың қасиетті анасы Мұрын ананың ескерткіші. Бұл күні осы ескерткіш жанынан ашылған саябақтың лентасы қиылды. Белгілі қоғам қайраткері, елтаңба авторы Ж.Мәлібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі К.Мыржықбай, сондай-ақ ауылдың ардақты аналары лента қию құрметіне ие болды. Саябақтың ашылу құрметіне арнайы келген Мұрын ананың Жетісу жерінен келген ұрпақтары жүрекжарды тілектерін білдіріп, Сүйінбай атындағы филармония әншісі Айжан Нүсіпжанова жетісулық ағайындардың ақ сәлемін әсем әнмен жеткізді.

Дүбірлі додаға арнайы келген Тарбағатайдың тумасы, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, Қазақ гуманитарлық инновациялық университетінің ректоры Шырын Құрманбаева өзі білім алған 90 жылдық тарихы бар К.Нұрбаев атындағы орта мектепте бастауыш сыныпта ұстазы болған Дина Тыныбаеваның атына арнаулы сынып ашты. Осынау шараға қатысқан Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Е.Сыдықов аталған білім ошағына музыка аспабы мен университет ғалымдары жазған ғылыми-танымдық кітаптарды сыйға тартты.

Тарбағатай әнінің тұсауы кесілді

Сонымен қатар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті биыл мектеп бітіріп жатқан озат екі түлекке грант бөлді.

Астандан жол тартқан «Туған жер» тарихи керуенінің құрамындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов бастаған ғалымдар, айтыс ақындары мен белгілі өнер жұлдыздары тарбағатайлық ағайындарға өздерімен бірге ала келген қонақкәделерін ұсынды. Аты алашқа мәшһүр Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы сынды айтыстың ақтаңгерлері жас ізбасарларымен сөз қағыстырып, шағын айтыс жасады. Қас қарая қазақтың өнер жұлдыздары сахнаға шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев, классикалық өнердің жарық жұлдызы, бірнеше халықаралық байқаудың жүлдегері Медет Шотабаев және басқа да өнер жұлдыздары әнсүйер қауымға тамаша кеш сыйлады. «Тарбағатай» атты жаңа әннің тұсауы да осы кеште кесілді. Бұл тойда халық әндерімен қатар шетелдік туындылар да орындап, көрерменінің көңілін бір серпілтті. Дәулескер күйші Айбек Бекбосынов өзінің «Тарбағатай» күйін орындап, жұрттың зор қошеметіне бөленді. Сазды үнімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған Тарбағатайдың төл тумасы, Қазақстанның ебек сіңірген әртісі Майра Ілиясова шыққанда қалың көрермен орнынан тұрып кетті. Майраның әнін сағынған ауылдастары әншіні ұзақ уақыт сахнадан жібермей қол соқты. Тарбағатай өңіріне тарихи керуенмен келген өнер жұлдыздары Барқытбелдің бауырын ән-күйге бөледі.

Тасқын Болатұлы,
Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button