Астықты кептіретін заманауи кешен ашылды

Шығыстың шұрайлы жері шаруашылықтарымызды астықтан кенде қылып көрген емес. Биыл өңірде егін бітік шығып отыр. Бірақ сол дәнді дақылды дер кезінде жинап, тазалап, кептіріп, сақтап, игілікке айналдырудың машақаты аз емес. Өйткені аймақтаастық қабылдау, кептіру кәсіпорындарысанаулыз, барының жағдайы нашар, сыйымдылықтары жеткіліксіз. Кеше Ұлан ауданының Герасимовка ауылында «Нұрлы Достық» ЖШС-нің заманауи астық кептіргіш зауыты ашылды. Дәнді дақылды кептіріп, сақтайтын ірі кешен шығымы мол егінді шығынға ұшыратпай, өнімді ысырапсыз сақтауға үлкен мүмкіндік туғызады.
Төлеген Тоқтаров ауылдық округінде іске қосылған астықты кептіру, сақтау кешенінің өнеркәсіптік өңдеу қуаты тәулігіне 800-ден 1000 тоннаға дейін астық дақылдарын кептіруге жетеді. Кешен қоймасында 20 мың тоннаға дейін астық сақтауға болады. Жаңа технологиямен жабдықталған жаңа зауыттың пештері көмірмен жанады.
-Біздің жаңа зауыттың құрылысы биылғы наурыз айында басталған болатын, қысқа мерзім ішінде кәсіпорынды салып бітіріп, күзгі жиын-терін соңына дейін іске қосуға үлгеріп отырмыз. Ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты шаруа қожалықтарына жиналған астық өнімдерін сақтау жыл сайын қиындық тудырып келді. Биыл осы мәселені шешу үшін қытайлық инвесторларды тартып, астық тазалау, кептіру, сақтау зауытын салдық. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы құрылымдарына қызмет көрсету. Қожалықтар орылған өнімдерін осында әкеліп, тазалап, кептіріп алып жатыр. Әрі қарай қалдырып, сақтап жатқандары да бар, – дейді «Нұрлы Достық» ЖШС директоры Әділбек Рамазанов.
«Нұрлы Достықтың» заманауи кешені тәрізді қуатты астық кептіру, сақтау кәсіпорны әзірге біздің облыста жалғыз. Зауытта әрқайсысы 10 мың тоннадан 20 мың тонна астықты сақтайтын екі үлкен қойма бар. Бұл жерде өнім сақталып қана қоймайды, астық осы қоймалардан шетел асып экспортталады. Қазір серіктестік қытайлық компаниямен дәнді-дақылдарды сатуға шығаруға келісім шартқа отырған. Биыл Қытайға күнбағыс өнімі шығарылмақ.
Зауыт 300 миллион теңгеге салынған, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік басшысы келешекте зауыт жанынан май, ұн шығаратын кәсіпорындар салуды жоспарлап отырғандығын айтты. Өйткені бүгінгі күні дәл осы аталған өнімдерге деген ішкі, сыртқы нарықтағы сұраныс жоғары.
Технологиялық үдерістерді дұрыс ұйымдастыру және жақсы материалдық-техникалық база астықты бес жылға дейін сапалы күйінде сақтауға мүмкіндік береді екен. Астықты арзанға сатпай, сақтап, әліптің артын бағу әлемдік, отандық нарықтағы астық бағасының маусымдық ауытқуы жағдайында маңызы аса зор.

Астық кептіру кешеніне әкелінген өнім алдымен зауыттың зертханасында тексеріліп, сапасы анықталады. « Нұрлы Достықтың» кептіру, сақтау кешеніне осы аудандағы 10 мың га егіндік алқабы бар «Азовое» ЖШС де үлкен үміт артып отыр. Шаруашылық күнбағыс алқабынан жиналған бес мың тонна шекілдеуікті осы зауытқа әкеліп, тазалап, кептіріп, экспортқа жөнелтуге дайындап жатыр. Былтыр бұл шаруашылық ылғалдылығы аса жоғары болған күнбағыс өнімдерін кептіре алмай, дымқыл күйінде арзанға сатқан. Қазіргі уақытта елде шекілдеуіктің тоннасының бағасы 95-100 мың теңге.
-Жаңа жылдан кейін күнбағыстың бір тоннасының бағасы 120 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Егер біз шикізатты осы қоймада сапасын түсірмей сақтасақ, ертеңгі күні асықпай жоғары бағамен де сата аламыз, – дейді шаруашылық жетекшісі Серікхан Қарымбек. Шаруашылық кешенде күнбағысты сақтауға тоннасына 500 теңге, ал кептіруге ылғалдылығына байланысты 300 теңге көлемінде қаржы төлеген.
Елбасы Жолдауында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде бағыттауға тарту керектігін, осылайша ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге көбейтуге назар аудартты. Жаңа кешеннің ашылуына қатысқан Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов егін шаруашылығы жақсы дамыған ауданда саланы өркендетудің өзге де қадамдары жасалып жатқанын жеткізді.
Жанаргүл Мұқатай