Астықтан аста-төк өнім алды
Күзгі жиын-терінді толағай табыспен аяқтаған Тарбағатай ауданының жұртшылығы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтті. Мереке Ақсуаттағы орталық алаңда тауар өндірушілердің жәрмеңкесімен басталып, онда ет, сүт, балық, жеміс-жидектер ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатылды.
Биыл аудан диқандары тамаша көрсеткіштерге ие болды. Аудандағы 116 шаруа қожалығы астық өнімдерін уақтылы жинап алды. Құмкөл, Қабанбай, Ақжар, Жәнтікей ауылдық округтеріндегі жергілікті шаруа қожалықтары озық технология тәсілдерін қолданудың арқасында дәнді дақыл өсіруден рекордтық көрсеткіше жетті. Айталық, картоптың әр гектарынан 350-380, қауын-қарбыздан 360, бидайдан 20 центнерден өнім алынып, ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етті. Зор табысқа жеткен 32 қожалық иесі Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесінде аудан басшылығы тарапынан «Үздік шопан», «Үздік бақташы», «Үздік кәсіпкер» номинациялары бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Аудандағы «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Қойбағаров пен «Шәмшия» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Нұрпейісов Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Тарбағатайлықтарды төл мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев:
– Биылғы толағай табысымыз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. Алдағы жылы алдымызда негізгі жеті бағыт тұр. Олар – суармалы жерлерді қосымша игеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шұжық жасау, құрт, май, ірімшік цехтарын ашу, қаржылық жағдайды жақсарту, шаруаларға несие, субсидия алуға жәрдемдесу, салық саясатын оңтайлы жүргізу, ауылдарда өндірістік кооперативтер құру және «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларымен жұмысты ширату. Міне, осы жеті бағыт жетістікке жеткізеді, – деді.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі түрлі спорттық ойындарға, аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне және ауыл сыртында өткізілген аламан бәйгеге ұласты.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.