Қоғам

Астықтың түсімі былтырғыдан кем емес

Күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін облыс шаруашылықтарына 30 мың тонна дизель отыны қажет. Оның 25 мың тоннасын Үкімет жеңілдетілген бағамен бөліп отыр. Тоннасы 198 мың теңге тұратын солярка Павлодар мұнай зауытынан жеткізілуде. Бұл туралы әкімдік отырысында ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері айтты.

Синоптиктер биылғы күзде жауын-шашын мол болып, түнде ауа температурасының күрт төмендеуі мүмкін деп болжап отыр. Осыған орай ауыл шаруашылығы басқармасы өкіметтен астықты кептіру үшін қосымша 5 мың тонна дизель отынын сұрауда.

– Жалпы, облыс шаруашылықтары күзгі науқанға толық дайын. Өңірде 300-ге жуық қырман, сегіз лицензиясы және кептіргіші бар элеватор жұмыс істеп тұр. Қырмандар тәулігіне 12 мың тонна астықты тазартуға әлеуетті. Ал облыстағы барлық элеваторлардың 1 миллион тонна дақылды сақтай алатын шамасы бар, – деп есеп берді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян.

Сонымен қатар облыс қожалықтары 90 астық кептіргіш пен 3248 комбайнға ие. Осы комбайндардың 869-ы жаңа үлгідегі әрі қуаттылығы жоғары техника екенін атап өткен жөн.

Қазірге дейін астық ору жұмыстарының дені аяқталуға тақау. Биылғы астық түсіміне келер болсақ, өңірдегі 550 мың гектар дәнді дақылдар егістігінің 490 мың гектары (90 пайыз) орылып, 823 мың тонна астық алыныпты. Орташа өнімділік – 1 гектардан 17 центнер.

Майлы дақылдарды жинау енді басталды. Әзірге 8,5 мың гектар алқаптан рапс, күнбағыс, соя орылған. Бұл – жалпы аумақтың 2 пайыздайы. Мұндағы орташа өнімділік – гектарынан 70 центнер.

Бұдан бөлек, 10 мың гектардан картоп (60 пайыз), 6 мың гектардан көкөніс (77 пайыз), 4 мың гектардан бақша өнімдері (75 пайыз) жиналыпты.

Мамандар биыл облыс жалпы мөлшері 880 мың тонна астық, 580 мың тонна майлы дақылдар жинайды деп болжап отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас.

Атап өтерлігі, Азық-түлік корпорациясы жемге арналған және азықтық бидайды сатып алуды бастады. Бағасы – сапасына байланысты тоннасына 57 мыңнан 70 мың теңгеге дейін.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button