Руханият

Астары терең – «Алас»

Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жерлесіміз, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дидахмет Әшімханұлының 70 жылдығына орай  жазушының «Жынды жел» әңгімесі бойынша сахналанған жаңа қойылымның тұсауын кеспекші. Көлемі шағын ғана әңгіменің сахналық нұсқасын театр актерлеріне ұсынған ақын, әдебиетші  Әскерхан Ақтай болса, режиссері Мәдениет саласының үздігі Сахан Әкелееев.

«Менің есімім «таңдаулы жүз», «таңдаулы келбет» деген мағына береді екен» депті өзінің журналистерге берген бір сұхбатында Дидахмет Әшімханұлы. Иә, оның есімі ғана емес, өзі де қазақ қаламгерлерінің ішіндегі таңдаулысы болғаны рас.  Аз жазса да саз жазатын талғампаз жазушы  көзі тірі болса, 70 жасқа толар еді-ау. Бірақ, амал не, ол 2015 жылы 64 жасқа қараған шағында өмірден озды. Содан бері де 5 жыл зымырап  өте шығыпты. «Таулардың алыстаған сайын асқақтайтыны» секілді Дидахмет Әшімханұлының да тұлғасы уақыт озған сайын биіктеп бара жатқаны анық. Артында қалған азды-көпті шығармалары ұрпақтың мұрасына  айналды.

Биыл Дидахмет Әшімханұлының туғанына 70 жыл толды.  Жазушының жетпіс жылдық мерейтойы өз деңгейінде өтті ме деген сауалдың да көпшілікті іштей мазалап жүргенін жақсы  білеміз. Интернетті ақтарып облыстық, республикалық деңгейде онлайн режимінде болсын қандай шаралар өтті, Дидахмет Әшімханұлының артында қалған әдеби мұрасына арналған қандай конференциялар, әдеби оқулар, тағы да түрлі шаралар ұйымдастырылды екен деп қанша ақтарғанымызбен, мардымды ештеңе таппадық. Әйтеуір,  туған жері Катонқарағайда  қаламгерге еңселі ескерткіш орнатылыпты. Мүсіннің  авторы Ринат Әбенов қаламгердің кескін-келбетін өте сәтті бейнелеген екен. Тұғырға автордың аты-жөнімен қатар бір ауыз өлеңі де қашалып жазылыпты.

«Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,

Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.

Қазақтың жанын қазақтың қара сөзімен,

Бозала таңнан «Талтүске» дейін жыр еткем».

Оқырманға «Сары самауыр», «Жер аңсаған Сарыатан», «Тасқала», «Жынды жел» сынды мәні зор шығармалар сыйлаған жазушының 70 жылдық мерейтойына арналған  суретшілер арасында Дидахмет Әшімханұлы шығармалары желісі бойынша салынған суреттер байқауы өтіпті. Өскемендегі О.Бөкей кітапханасында қаламгердің ұлы Дәулет Әшімханмен кездесу ұйымдастырылған… Әрине, бір жағынан қаламгердің 70 жылдық мерейтойының кең көлемде тойланбауына әлемді жайлаған індеттің де   әсері бар екенін жақсы білеміз. Осындай бір әрі-сәрі көңіл-күйде жүргенімізде Шығыс Қазақстан облыстық театры жақтан жақсы бір хабар естідік. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында  театр актерлерінің  Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесінің желісі бойынша «Алас» қойылымын  сахналауды қолға алғанын сүйіншілей жазды. Біздің де күткеніміз осы еді ғой.

«Жынды жел» қаламгердің 2013 жылы жазған  әңгімесі. Алғаш «Аbaі.kz» порталында жарияланыпты.  Жалпы, әдебиетшілер Дидахметтің әңгіме жанрының шебері екенін айтады.  «Жынды жел» әңгімесіне ел кезіп жүретін әлдебір емші шалдың айтқан  аңыз-әңгімесі арқау  болғанымен, астары тым тереңде жатыр. «Жынды жел» деген атауының өзі оқырманды селт еткізеді емес пе? Құдай-ау, қазақ желді жынды деуші ме еді?   Мұндағы жазушының Алас тайпасы деп отырғаны шындап келгенде Алаш тайпасы ғой. Алас тайпасы неге күйреді?  Нәбары үш-ақ беттік әңгіменің сахналық нұсқасын ақын, әдебиетші Әскерхан Ақтай жазса, қойылымды сахналауды режиссер Сахан Әкелеев қолға алыпты.

Театрға барғанымызда кезекті дайындықтың үстінен түстік.   Індетке қарамастан жаңа қойылымды сахналауға  актерлер де құлшына кірісіпті.

–Қойылым Дидахметтің «Жынды жел» әңгімесінің желісімен сахналануда.   Басында «Қатындар патшалығы» деп атаймыз ба деп ойлағанбыз, бірақ кейін  «Алас» деген атқа тоқтадық.   Шығарманың көтерген мәселесі өте өзекті. Елде мызғымас бірлік, ырыс-ынтымақ болмаса, егемендіктің құны бес тиын,  кез келген мемлекет күйрейді деген үлкен ой айтылады. Екіншіден, пара  беру, байлыққа құнығу деген де ешқашан жақсылыққа әкелмейді. Осының кесірінен «Алас» деген тайпа бүкіл байлығынан айырылып, Жебір деген тайпаның жеміне айналады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, қойылымның режиссері Сахан Әкелеев.  Отбасының ұйытқысы – әйел. Әйел азса, ел азады, ел азса, ер азады. Күні кеше «Қолымыздан бала түспейді. Көйлегіміз тізеден түспейді. Бұрымымыз белімізден қысқармайды» деген Алас тайпасының қатындары дұшпанның азғырғанына көніп, тура жолдан таяды.   Бұл жерде автор ел іргесінің берік болуы әйелге де  байланысты екендігін меңзейді.

Психологиялық иірімі терең қойылымға барлығы жиырмадан астам актер қатысады. Қарашаның  28-інде қойылымның онлайн премьерасы өтеді деп күтілуде.

–Шығармаларын оқығаныммен, тірі кезінде Дидахметпен кездеспеген екенмін. Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров ағалармен талай жолықтым, сөйлестім.  Оралханның  да көзін көргенмін. Бұл біздің театрда сахналанып отырған Дидағаңның алғашқы дүниесі. Жанрын  ертегіге жақын алдық.  Таза драмаға келмейді, – дейді Сахан Әкелеев.  Дайындыққа бір айдан астам  уақыт кетіпті. Режиссер әлемді жайлаған індеттің жұмысқа кедергі келтіріп жатқанын да тілге тиек етті.

–Өте қатты кедергі келтіріп жатыр.  Біздің жұмыс – ұжымдық жұмыс қой. Онлайн жұмыс деген бізге келмейді. Біз актерлермен жүзбе-жүз жолығып жұмыс істеуіміз керек. Індет өнердің дамуына, актерлердің өсуіне қатты тежеу болып тұр, –- дейді.

Театрдың белді актері, Мәдениет саласының үздігі Қанат Ниязбеков бұл қойылымда Алас тайпасының көсемі рөлін сомдайды. Жалпы, Қанат үшін абыздың, ханның, көсемнің рөлі еш таңсық емес. Бұл рөлді сомдау да оған көп қиынға түспеген.

–Әлі де толықтыратын, жетілдіретін тұстары бар, – дейді  актер.

Қойылымда уәзірдің рөлін сомдау актер Хамит Халыққа бұйырған. Ақшаға, дүниеге құмар сатқын   уәзірдің рөлін сомдау оған оңай соқпаған секілді.

–Сахнада үнемі батырдың, періштедей пәк баланың, адал жандардың рөлін сомдап жүргендіктен бе, бұл  рөл мен үшін сәл күрделі. Уәзір үшін елдің, жердің тағдыры бес тиын. «Бір пұшпақ жер ғой, онда тұрған не бар? Ең бастысы, өзімде алтын бар» деген уәзірдің бір ауыз сөзінің өзі менің жанымды  тітіркендіріп жібереді, – дейді актер. Театрдың актрисасы Мадина Құмарова  да өз рөлі жайлы ойын ортаға салды.

–Мен қазанның қақпағын ашқаны үшін  жазаланып, көптің көзінше ұзын қара бұрымынан айырылатын қатынның рөлін ойнаймын. Шындығында, бұл көріністе үлкен мән бар. Қазан дегеніңіз – қастерлі. Ол – ырыс-несібенің белгісі, халықтың байлығы. Ол қазанды кім көрінгеннің ашуына жол жоқ. Тәртіп солай. «Тәртіп  те – қазанның қақпағы» сияқты. Біздің халық «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп бекерге айтпайды, – дейді актриса.

Иә, Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесі бойынша сахналанған бұл қойылым көрермендерге көп ой салары анық. Иә, желдің де жындысы болады екен. Сол үшін іргеңді қымтап ұстағаның жөн. Бүгінгі күні шеттен келіп жатқан түрлі ақпараттар, жат ағымдар іргеңді шайқалтып, шаңырағыңды ортасына түсіріп жүрмесін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button