Қоғам

Қастандыққа қайырыммен жауап берген дінбасы

Қастандыққа қайырыммен жауап берген дінбасы


1981 жылдың 13 мамырында Рим папасы екінші Иоанн Павелге қастандық жасалып, оқ атылады. Аталмыш оқиға өткен ғасырдағы ең құпия қылмыстардың бірі болып қалуда.

Польшаның Краков қаласынан шыққан архиепископ Карол Войтыла 1978 жылдың 16 қазанында рим папасы болып сайланады. Ол – тарихтағы тегі славян тұңғыш папа. Бұған дейін осынау жоғары діни лауазымды тек француздар мен итальяндықтар иеленіп келген-ді.

Сонымен, 1981 жылдың 13 мамырында Иоанн Павел Римдегі Қасиетті Петр алаңында дәстүрлі жұртшылық алдына шығу шарасын өткізіп жатады. Бұл шара кезінде дінбасы үсті ашық ақ түсті мәшінде отырып жиналған халықты айнала жүреді де жақындаған адамдармен қол алысып, дұға қылады. Автокөлік алаңды бір рет айналып шығып, екінші айналымға көшкен болатын. Осы кезде халық арасынан алты рет атылған қарудың дыбысы шығады. Папаға оқ атқан 23 жастағы Түркия азаматы Әли Агджа сол жерде-ақ ұсталады. Кейін белгілі болғандай, Агджа «Бозқұрт» атты түріктің ұлтшылдар ұйымының мүшесі екен, оның үстіне ол түрік газетінің тілшісін өлтіргені үшін халықаралық іздеуде жүріпті.

Атылған оқтың екеуі папаның ішіне, бірі оң қолына тиеді. Келесі оқ сол қолдың сұқ саусағын жұлып кеткен. Бұдан бөлек маңайда болған екі адамға оқ тиіп, олар жеңіл жарақат алады. Көп қан кеткеніне қарамастан дінбасы тірі қалды, есін жиған ол өзіне оқ атқан жігітті шынайы көңілімен кешіргенін мәлімдеп, оған Жаратқаннан амандық тілеген.

Не үшін атты?

Сонымен, түрік жігіті әлемге ықпалды дінбасын неге атты? Сол жылдың жазында өткен сотта Агджа рим папасын діни жеккөрушілік себебінен атқанын мәлімдеген. Бірақ бір жылдан соң ол аталмыш қылмысқа КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тапсырмасы бойынша барғанын айтады.
Осыдан кейін тергеу қайта басталады, бірақ ешқандай дәлел табылмаған соң іс қайта тоқтатылады.

Алайда, мамандардың көпшілігі қылмыстың тапсырыс екеніне бек сенімді. Олардың бір тобы тапсырыс Ираннан түсті деп топшылайды. Түркияда адам өлтірген соң, Агджа ең алдымен шекара асып, Иранға қашады. Ол кезде парсыларда ислам революциясы жүріп жатқан-ды, оның үстіне Иран аятолла Хомейни бастаған елдің жаңа билігі Еуропа мен АҚШ-қа ашық қарсы шығып жатты. Рим папасына қастандық иран көшбасшыларының қарапайым халық алдындағы беделін арттырар еді деп санайды сарапшылар.

Қастандыққа қайырыммен жауап берген дінбасы

Бұдан бөлек, тапсырыс берушілер қатарында «Қызыл бригада» атты итальяндық террористік топ пен АҚШ-тың орталық барлау басқармасы (ЦРК) да қарастырылады. Оларға да ең ықпалды әрі тегі бөлек рим папасының өлімі түрлі себептерге байланысты тиімді болатын.

Еуропаға Үндістан азаматы Йогиндер Сингх деген жалған құжатпен келген Әли Агджа кез келген арнайы қызметпен байланыс орнатуы мүмкін еді. Бір жарым жыл ішінде оның София, Вена, Цюрих, Милан қалаларында тұрып, күнкөрісі үшін шамамен 50 мың доллар қаржы жұмсағаны белгілі. Жұмысы жоқ қашқын жігіттің мұндай қомақты қаражатты біреулерден алып отырғаны айдан анық.

Анықтама:

«Бозқұрт» – 1965 жылы Түркияда коммунистер мен күрт сепаратистеріне қарсы құрылған пантюркистік және неофашистік ұлтшылдар қозғалысы. Олар жасаған ең үлкен қылмыс – 1977 жылдың 1 мамырында Стамбұлдағы коммунистердің бейбіт демонстрациясына шабуыл, ол кезде 30 адам қаза тапқан-ды.

Тақталастың құрбаны болды ма?

2000 жылдың 13 маусымында Әли Агджа Италияның түрмесінде 19 жылын өткізіп, амнистия бойынша бостандыққа шықты. Негізі ол өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Бірақ ол бірден Түркияның полициясына ресми түрде берілді. Отанында ол бұрынғы жасаған қылмысы үшін сотталып, он жылға бас бостандығынан айырылады.

Түрік түрмесінде отырған Агджа жасаған қылмысының себептерін хатқа жазып, оны жергілікті газеттің редакциясына жолдайды.

Хатта ол тапсырысты кардиналдар бергенін ашық айтады. Католик шіркеуінде папа нақ осы кардиналдар ішінен сайланады. Сондықтан мансап жолында алдарын орап кеткен әрі ұлты бөлек Иоанн Павелге олардың тіс қайрауы бек мүмкін. Оның үстіне екінші Павел лауазымын иелене салысымен діни қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті бастап кеткен еді. Ал бұл әрекеттің бұрыннан майшелпекке үйренген көптеген діни лауазым иелеріне жақпай қалғаны белгілі.

Қастандыққа қайырыммен жауап берген дінбасы

Агджаның хаты жарияланып, бұл нұсқа да тексерілді. Бірақ нақты ілік табылмай, еш нәтиже шықпады. Иә, нұсқалар өте көп. Дейтұрғанмен, түрік жігітінің әлем католиктерінің басшысына не мақсатпен тапанша кезенгені әлі күнге дейін жұмбақ. Әлбетте, тек діни жеккөрушіліктен атпағаны айдан анық. Тапсырыс берушілердің кім екені үлкен саясаттың араласуына байланысты белгісіз қалып отыр. Ал өз сөзін бірнеше рет өзгерткен Агджаның өзіне де енді ешкім сенбес…

Оңаша отырып ұзақ әңгімелескен

1983 жылы Иоанн Павел өзіне қастандық жасаған адаммен кездесуге барады. Олар бөлек бөлмеде отырып, ұзақ әңгімелеседі.

«Біздің не туралы сөйлескеніміз екеуіміз үшін де құпия болып қалады. Мен оны кешірдім, онымен жақын бауырымдай сөйлестім, мен оған сенемін». Кездесуден кейін тілшілердің қойған сұрағына рим папасы осылай ғана жауап берген. Иә, екеуінің не туралы сөйлескені әлі күнге дейін құпия. Белгілісі, осы кездесу кезінде әлемге әйгілі дінбасы көз жасына ерік беріп, еңкілдеп ұзақ жылаған. Бұл жайтты сол кезде камера есігінде тұрған түрме күзетшісі айтады. Бала кезінен көп қиындық көріп өскен, екі бірдей дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын тартқан жанның жылауына не себеп болды екен…
Осы жүздесуден кейін рим папасы мен Агджа өте жақын дос болып кетеді. Екінші Павел Агджаның Түркиядағы отбасына, жақындарына көмек көрсетіп отырады, ал 2000 жылы дінбасы оның бостандыққа шығарылуын сұрап, Италия билігіне хат жазады. Папаның өтініші орындалып, Әли Агджаның сол жылы-ақ амнистияға іліккені белгілі.

Түрік түрмесінде отырған кезінде Әли Агджа католик дінін қабылдайды. Ал 2010 жылы еркіндікке шығады. 2014 жылдың желтоқсанында Агджа қылмыс жасаған Рим қаласына барып, өзі «аға» деп қадір тұтқан Иоанн Павелдің зиратына жиырма тал аппақ раушан гүлін қояды…

P.S.: Американың Голливуд компаниясы осы қастандық туралы фильм түсірмек болып, Агджаға 8 миллион доллардың келісімшартын ұсыныпты. Бірақ Агджа бұл ұсыныстан бас тартқан.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button