Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған форум өтті
Президент Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумына қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елорданың бауырлас қалалары форумының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Didar ақпарат Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысып отырған бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің бірнеше елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Астананың 25 жылдық қалыптасу тарихына қысқаша тоқталды.
– Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін, жаңару мен жаңғыруға жол ашқанын, бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын, дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар екенін, бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданатынын, болашақта да солай бола беретінін жеткізді.
– Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады.
Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды. Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Президенттің пікірінше, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды.
Ел Президенті қалаларды барынша сапалы басқару ісінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын технологияның рөліне айрықша тоқталды.
– «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін ең өзекті міндет. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті. Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енді. Сонымен қатар қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылды. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Президент елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқанына назар аударып, маңызды саяси реформалар нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейгенін атап өтті.
Сонымен қатар жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Рабат қаласының мэрі Асмаа Рхлалу (Марокко), Нусантара қаласы ұлттық астаналық басқармасының басшысы Бамбанг Сусантоно (Индонезия), Пенза облысының губернаторы Олег Мельниченко (Ресей), Бразилиа федералды округінің мемлекеттік хатшысы Фелипе Рамон Моро Родригез (Бразилия), Бішкек қаласының мэрі Эмильбек Әбдіқадыров (Қырғызстан), Белград қаласының вице-мэрі Весна Видович (Сербия) сөз сөйледі.