Астанамыз – Нұр-Сұлтан!

Шығысқазақстандықтар еліміз бас қаламыздың Нұр-Сұлтан болып өзгеруінқызу құптауда. Облыстың жер-жерінде, кәсіпорындар мен мекемелерде қолдау іс-шаралары өтіп жатыр. Кеше облыс орталығындағы драма театрында өткен патриоттық акцияғажиналған көпшілікзалды жаңғырта «Нұр-Сұлтан, Қазақстан!» деп ұрандатты. Аталмыш жиынға жергілікті атқарушы билік органдарының, кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала жұртшылығы қатысты.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңы ел тарихындағы маңызды әрі өзгерісті күндер болды.Елді отыз жылдай басқарып келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты, десек те оның Тұңғыш Президент – Елбасы, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және «Nur Otan» партиясының төрағасы дәрежелері сақталады, осылайша ол мемлекет тұрақтылығының кепілі болып қала бермек.
Еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру рәсімінде елорда атауын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынды.Сондай-ақ барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Тұңғыш Президент есімін беру керектігін мәлім етті.
–Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін баса айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев – жаңа Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлға, сарабдал саясаткер, байыпты реформатор, парасатты стратег, еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық үдерістердің бастамашысы. Отыз жыл ішінде Елбасының тікелей бастамасымен аса ауқымды әрі тағдыршешті істер жүзеге асты. Көпжылдық қызметі барысында Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді қуатты, тәуелсіз, іргелі, мықты мемлекетке айналдырды. Басты тарихи еңбегі – еліміздің халықаралық аренада танылып, әлемдік абырой-беделге ие болуы. Ал ұлы замандасымыздың ішкі саясаттағы негізгі жетістігі – көпұлтты Қазақстандағы тұрақтылық, бейбітшілік және тыныштық. Нұрсұлтан Назарбаевтың мықты президенттік билік институты елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етті. Тұңғыш Президент әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонын жауып, Қазақстанды атом қаруынан ада мемлекет ретінде жариялады.
– Елбасына қандай құрмет көрсетсек те лайық! Елордамыздың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан – елдің тілегі, халықтың ниеті! Қазақстан мен Нұр-Сұлтан – ажырамас ақиқат! – деген облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасының тарихи үндеуіне орай 21 наурызда бір топ Шығыс Қазақстан тұрғыны, атап айтқанда ірі өндіріс орындарының, білім беру және денсаулық сақтау салаларының еңбеккерлері алғыс айту Үндеуін жариялағанын атап өтті.
Ол құжатқа алғашқы күні 10 мыңнан астам шығысқазақстандық қол қойса, қазір оның саны 20 мыңға жетіп отыр. Бұл – облыс жұртшылығының Ұлт Көшбасшысының атқарған еңбегіне деген шексіз құрметімен ризашылығының айқын белгісі.
Аймақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болған жылдары ішінде еліміздің әлеуметтік және экономикалық салада жеткен табыстарына айрықша тоқталып өтті. Олар аз емес. Бәрін санамалап жатудың өзі артық болар, бір ғана мысал – осы жылдар ішінде тек Шығыс Қазақстан облысының ішкі жалпы өнімі 90 есеге артыпты! Ал бұл кезеңде бой көтерген өндіріс ошақтары мен баспаналар, әлеуметтік нысандар, төселген жолдар мен негізі қаланған кәсіпкерлік нысандары қаншама!
–Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астанамыздың басты архитекторы. Елорданы Арқа төсіне көшіру туралы оның тарихи шешімі – шын мәнінде аса көреген әрі батыл қадам болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты қаламыздың атауын «Нұр-Сұлтан» деп ауыстыру туралы бастамасы облыс халқы тарапынан өте қызу қолдау тапты. Жер-жерлерде тұрғындар осы шешімді жақтап, құптап, шынайы пейілдерін білдіруде. Еліміздің атауы мен елордамыздың жаңа атауы ұйқасып тұр – Қазақстан және Нұр-Сұлтан! Ел Тәуелсіздігі мәңгілік болып, астанамыз өсіп-өркендей берсін! – деді облыс әкімі.
Бұдан соң жиында Олимпиада чемпионы, Шығыстың алтын қызы Ольга Рыпакова мінберге көтеріліп, елорданың жаңа атауын қолдайтынын жеткізді. Ол Елбасының спорт саласына әрдайым жіті көңіл бөліп отыратынын, Олимпиадаға аттанар алдында барлық ел спортшыларын жинап, ақ батасын бергенін ерекше бағалады.
–Тұңғыш Президенттің қабылдауына барғанда ерекше толқыдым. Бірақ кездесудің басында-ақ Елбасы бәрімізді баурап алды, емен-жарқын әңгіме өрбіттік, бұрыннан таныс адамдардай сөйлесті бізбен. Сол кездесуден мен айрықша шабыттанып шықтым, Нұрсұлтан Әбішұлы қолымды қысып тұрып, маған толық сенетінін айтты, зор табысқа жетуімді тіледі. Сол кезде бойыма дарыған күш-қуат маған чемпион болуға көмектесті. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Елорда атауының Нұр-Сұлтан болып ауысқаны – дұрыс шешім, оны толық құптаймын. Мықты елдің бас қаласында осындай мықты атау болуы тиіс! – деді чемпион жерлесіміз.
Келесі кезекте жерлес ақын, композитор, қоғам қайраткері Құсмілия Нұрқасымов сөз алып, астананың жаңа атауын Елбасының ұзақ жылдар бойы еліне сіңірген өлшеусіз еңбегіне халқы тарапынан берілген лайықты баға, алғыс ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Жиын соңы жергілікті көркемөнерпаздар әзірлеген концертпен аяқталды.
Маңызды бастаманы бірауыздан қолдады
Осы күні Өскемен қаласындағы «Казцинк» және «ҮМЗ» сынды қос алпауыт зауыт еңбеккерлері де патриоттық акцияға үн қосып, өндіріс орындарында митингтер өткізді.
«Казцинк» жұмысшылары Астана қаласы атауын Нұр-Сұлтан етіп өзгерту жөніндегі маңызды шешімді бірауыздан қолдайтындарын айтты.
–Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменге келген әр сапарында кәсіпорнымызға ат басын бұрып, қарапайым еңбек адамдарымен тілдесіп, хал-жағдайыларын біліп тұруды дәстүрге айналдырған. Елбасы президенттік өкілеттігін тоқтатса да, саясатта қала бермек, ол әрдайым халқымен, бізбен бірге дегім келеді, – деді жиналған зауыттықтар алдында сөз алған компанияның бас экологы Вадим Кушнарев.
Ал зауыт кәсіподағы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Омарбеков Елбасының ең басты жетістігі – еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық екенін баса айтып, Ұлт Көшбасшысы салып кеткен дұрыс бағыт-бағдардың жалғаса беретініне сенім білдірді. Тұңғыш Президент есімін мәңгі есте сақтау жолында қолға алынып жатқан барлық шараларды өзі де және бүкіл ұжымы да қолдайтынын атап көрсетті.

–Нұрсұлтан Әбішұлы – біздер үшін металлург, қарапайым халықтан шыққан еңбек адамы болып қала береді, – деп түйіндеді шараны «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Жиын соңы шағын концертке ұласты, жұмыскерлер алдында өңірімізге танымал әншілер Юлия Юрочкина, Қайрат Майжаров, Асқар Алтаев, Равхат Бақытханов және «Ладушки» ансамблі өнер көрсетті. Металлургтер Елбасының сүйіп айтатын «Весна на Заречной улице» әнін қосыла шырқады.
Қорғасынды рафинадтау цехында өткен осы митингке кәсіпорынның 1200 жұмысшысы қатысқанын атап өткен орынды.
«Астанамыздың өркендеуі бүкіл ел экономикасына серпін берді. Елордамыздың Нұр-Сұлтан деп жаңаша аталуы оған тағы да тың серпін береді» деп санайды Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшылары.
–Нұрсұлтан Назарбаев – әлем таныған сарабдал саясаткер. Оның елі үшін және бүкіл адамзат үшін атқарған еңбегі ерен, –деді «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Бежецкий. – Елбасы кәсіпорнымызға бірнеше мәрте келіп, әр сапарында біздің ұжымның жұмысына жоғары баға беріп отырды. Мен бүкіл ҮМЗ еңбеккерлері атынан Елбасына шексіз ризалығымды білдіргім келеді!
Ал, «ҮМЗ» акционерлік қоғамының персонал жөніндегі директоры Елена Денисова өз сөзінде еліміздің басты қаласына Тұңғыш Президенттің есімін беру – өте әділетті шешім, оның зор еңбегін лайықты бағалаудың белгісі екенін атап айтты.
Өндіріс орнындағы акция да ән шашуға ұласты. Бұл жерде өңірімізге танымал «Инкоро», «Іңкәр», «Нон-стоп» топтары өз өнерлерін паш етті. Жиынға бір мыңнан астам зауыт жұмысшысы қатысты.
Семейде де «Астанамыз – Нұр-Сұлтан!» атты патриоттық акция өтті. Акцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, ардагер-ақсақалдар, жастар, студенттер, түрлі ұлттар мен ұлыстар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Сарыарқа төрінен орын алған елордамыздың сән-салтанатты қалаға айналуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-кешегі арман бүгін міне, ақиқатқа айналды. Мәңгілік ел болуды аңсадық. Оған да қол жеткіздік. Өзге елдермен терезесі тең елге айналуымыз да Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі. Елбасымыз сындарлы саясатының арқасында Ұлт Көшбасшысы атанды. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі сақтау үшін «Нұр-Сұлтан» атауын астанаға берілуін толық қолдаймыз.
-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік еліміздің іргетасын қалап, халқына бақытты да баянды өмір сыйлаған тұлға, – деді Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетов,-барлығымыз үшін Астана мен Қазақстан ұғымы егіз. Сондықтан да ел бірлігі артып, Елбасы салған дара да дана жолды жалғай бергеніміз жөн.
Семейдегі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовтың айтуынша, Тұңғыш Президенттің еңбегі зор, мәселен, оның «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көптеген маңызды мәселелер қозғалды. Жастар үшін «Smart Sity» және «IT» сынды, тағы басқа да білім беру салаларындағы жаңа технологияларды дендеп енгізу қажеттігін айтуы – болашақтың қамын ойлауы. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған экономиканы өркендету талаптарына орай экономика, қаржы саласындағы білікті мамандарды даярлаудың да маңыздылығы жоғары тұратыны рас. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, экономикаға ерекше мән беріп, ішкі-сыртқы саясатты бір жолға қоя білген Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметі үшін Астана атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгергендігін мен толық қостаймын, деді Амантай Доғалақов.
-Жастарға сенім артқан Ұлт көшбасшысының алға қойған талап-тілектерін, мақсат-мұраттарын іске асыруда бүгінгі ұрпақ бар ынта-ықыласымен ел үшін қызмет етуге әзір,-деді «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық бөлімінің жетекшісі Алмас Айтмұқаш,-өткенімізді саралай қарасақ, тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тайғақ кешулерден сүрінбей өтті.
Акция барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, ел бірлігі мен ынтымағы үшін еңбек ете беруге, Елбасы жолын жалғап, қоғамды көркейте түсуге шақырды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қаладағы өнер ұжымдары ерекше көңіл күймен акцияны жалғастырып әкетті.
Ержан Әбіш,
Раушан Нұғманбекова