Қоғам

Астаналықтар алдына жан салмады

Астаналықтар алдына жан салмады


Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2016» көпкүндік веложарысы мәресіне жетті. Осымен 47-ші рет өткізіліп отырған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 11 команда, 100-ден астам спортшы қатысып, бақтарын сынады.

Тура бір аптаға созылған велобәйгенің алғашқы күнінде шабандоздар топтық жарыста сынға түсті. Жарыс бағдарламасы бойынша велошабандоздар Өскемендегі Шешек асуынан Ұлан ауданының Бозанбай ауылына дейін барып, қайтып келуі керек болатын. Қашықтығы жүз шақырымды құрайтын бұл сайыста Алматы қаласының өкілі Дмитрий Глазуновтың мерейі үстем болғанын айтуымыз керек. Ал екінші және үшінші орындарға павлодарлық Илья Горбушин мен елордалық Йоган Штейн табан тіреді.

Жалпы, биылғы додада Алматы, Астана және Жамбыл облыстарының велошабандоздары тамаша өнер көрсетті. Жалпыкомандалық есепте де осы үш құраманың асығы алшысынан түсіп, жүлделі орындарды өзара бөлісті. Аса тартысты бәсекенің нәтижесінде бірінші орынды Астана қаласының велошабандоздары жеңіп алды. Елордалық команданың қатарында әсіресе Данил Пронский, Йоган Штейн, Дмитрий Лесечко және Александр Гладилин сияқты спортшылардың шеберлігін атап өткен орынды.

Өкінішке қарай, биылғы бәсекеде біздің облыстың өкілдері ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсете алмады. Шығысқазақстандық велошабандоздар жеті кезеңнің бірде-бірінде жүлделі орыннан көрінген жоқ. Демек, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бапкерлерімізге де, спортшылардың өздеріне де әлі еңбектену қажет.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған биылғы велобәйгені облыс әкімдігінің қолдауымен Білім және ғылым министрлігінің ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.

– «Қазақстан оқушысы» – бірегей веложарыс. Оған кезінде Александр Винокуров, Андрей Кивилев, Андрей Кашечкин, Дмитрий Фофонов, Александр Шефер, Асан Базаев, Роман Киреев, Андрей Мизуров, Сергей Третьяков сияқты таңдаулы отандық велошабандоздар қатысқан болатын. Сондықтан бұл жарыстың жас спортшылар үшін орны бөлек. Шығыс Қазақстан жерінде осымен 17-ші рет өткізілген биылғы велобәйге де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командалар бір-біріне сай болды, жарыс аса тартысты өрбіді. Нағыз мықтылар жеңіске жетті, – дейді еліміздің велоспорт федерациясының техникалық директоры Жандос Балтин.

Өскемендегі Комсомол аралында өткен спорттық шараның салтанатты жабылуында жарыс ұйымдастырушылары жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдармен қатар, мақтау қағадарын, сондай-ақ, бағалы сыйлықтар табыстады.
Естеріңізге салайық, аталмыш жарыс 7-14 тамыз аралығында Глубокое, Ұлан аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының жолдарында өтті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button