Астанадағы гала-концертке қатысады
Облыс орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Астана қаласының 20 жылдығы аясында өтетін «Burabay Summer Fest» халықаралық балалар және жасөспірімдер телевизиялық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті. Өскемендегі №1 балалар музыкалық мектебінде өткен өнер додасына өңіріміздің қала аудандарынан жиналған 250-ге жуық өнерпаз қатысты.
Облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының директоры Әлима Ақылбекқызының айтуынша, өнер байқауы өңіріміздегі дарынды, талантты балаларды анықтап, барынша қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Фестивальдің облыстық кезеңінде Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Зайсан, Шемонайха, Ұлан, Жарма, Глубокое аудандарынан келген 10-16 жас аралығындағы өнерлі балалар бақ сынасты. Атап айтқанда, жас өнерпаздарымыз үшін әншілік өнер, аспапта ойнау, бишілік өнер, көркемсөз оқу аталымдарында өздерінің таланттарын, қарым-қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік туды.
Бірінен-бірі асып түсетін әнші-күйшілердің өнерін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті музыкалық білім беру кафедрасының аға оқытушылары Уатхан Жүнісов, Марина Есютина, көркем-эстетикалық шығармашылықты дамыту бөлімінің бас маманы Анатолий Симоненко бағалады. Ал ұлттық, халық билерін мың бұрала билеген балғын бишілеріміздің өнеріне Астанадан арнайы келген «Балет және ұлттық биді дамыту және қолдау» қорының өкілдері Әлия Оразымбетова мен Жанат Әбілдина әділ бағасын берді.
Бағалау барысында өнерпаздардың музыканы сезінуі, орындау шеберлігі мен техникасы, дыбыстың сапасы мен әртістің қабілет сияқты сахнаның негізгі көрсеткіштеріне баса мән берілді.
Ең бірінші болып өнер көрсеткен қалбатаулық «Тұмар» ансамблінің домбырашылары күмбірлете күй төксе, Ұлан ауданынан келген «Сырлы саз» ансаблінің қыздары ұмыт болып бара жатқан жетіген аспабымен «Ауылымды сағындым» әнін құйқылжыта орындады. Ұландық Фархат Амандықұлы да сахнаға шертер аспабымен шығып, талғампаз көрерменнің көңілінен шықты. Бұл орайда көне аспаптарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерімізді сіңіріп жүрген ұландық өнерпаздардың жетекшілеріне мың алғыс.
Тартысты өткен өнер байқауында қазылар алқасының шешімімен төрт аталым бойынша бас жүлде иегерлері белгілі болды. Олар – №1 балалар музыкалық мектебінің жас әншісі Алина Кагарманова, қалбатаулық «Ерке» би тобының бишілері, көркемсөз оқу шебері, Жамбыл атындағы мамандандырылған гимназия- интернатының дарынды оқушысы Ертай Біләлов және риддерлік жас фортепианошы Санжар Сағындықов.
Аталған облыстық кезең жеңімпаздары бірінші шілдеде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай өткізілетін гала-концертке қатысатын болды.
Айжанат Бақытқызы