Астанада әлем қазақтары бас қосты
Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген қандастар басқосуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Құрылтайға әлемнің 39 елінен 350-ге жуық қандаспен қатар, қазақтың зиялы қауым өкілдері, барлық облыстан делегаттар қатысты.
Бес жылда бір келетін бұл дүбірлі жиын негізі өткен жылы өтуі керек болатын. Бірақ ұйымдастырушылар алқасы «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай әлемдегі қазақтың басын қосуды құп көріпті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ширек ғасырдан астам уақыттағы ел жағдайының қиын-қыстау кезеңдері мен бүгінгі аяқ алысын ой елегінен өткізген Елбасы сыртта жүрген ағайындардың мұң-мұқтажына байланысты алты жобаны ортаға салды.
Біріншісі, латын әліпбиіне көшу. Алыс-жуықтағы бауырлар мен атажұрттағы ел бүгінде үш түрлі жазуды қолданып келеді. Айталық, Қытайдағы 1,5 миллион қазақ Ахмет Байтұрсыновтың жасаған төте жазу нұсқасымен сауат ашса, кезінде Кеңес Одағының құрамында болған қаракөздер мен моңғол жеріндегі қандастар кирилл әрпін қолданып келеді. Ал батыс елдердегі бауырластар латын әрпін игерген. Осы олқылықтың орнын толтырып, ортақ жазуға көшу ұлтты ұйыстырып, туысты жат қылмаудың бірден-бір жолы деп шешті Елбасы.
Екіншісі, гуманитарлық бағыттағы ең үздік жүз оқулық басып шығару. Бұрынғы оқыулықтар ағылшын тілінен орыс тіліне, одан кейін қазақ тіліне аударылып барып оқушыға ұсынылса, енді оқулықтың тұп нұсқасының өзі қазақ елінде шығатын болады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл оқулықтардың тиражын көбейтіп, шетелдегі қаракөздерге де жеткізу керектігін тиісті басшыларға ұқтырды. Сондай-ақ, бұл оқулықты құрастыруға құрылтайға қатысып отырған көп тіл білетін жастарды да атсалысуға шақырды.
Үшіншісі, туған жер туралы жоба. Әлемнің қай қиырында жүрсе де, кіндік қаны тамған туған топыраққа қаракөздерді еңбек етуге шақырды. Шетелде қызмет етіп жүрген білікті жастар атажұртқа ат басын бұрып, өз үлесін қосып жатса, ұрпақтар алдында мақтаныш болар еді деп түйді Ұлт Көшбасшысы. Шетелдегі бауырлардың қарашаңыраққа келіп еңбек етуіне байланысты бұл жобаны қазақ қауымдастығының еншісіне тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстандағы тұтас түркінің алтын бесігі саналатын Алтай, қасиетті Түркістан, ұялы Ұлытау секілді өңірлерді шеттегі ағайындардың да толық танып жетуіне жағдай жасау керектігін ұқтырды. Осы арқылы қазақтың байырғы мәдениетін түгендеп «Мәдени мұра» бағдарламасы алты тілде өз өркениетіміздің тарихын әлемге паш етуіміз керек екенін баса айтты.
Төртіншісі, шетте жүрген танымал тұлғалардың электронды базасын жасақтау. Елбасы бұл жұмысты да қауымдастыққа тапсырды. Өзге елде туса да, өзге елде тұрса да, еңбегімен, талантымен қазақтың атын әлемге паш етіп жүрген бауырлармен қазақ елі тығыз қарым-қатынаста болуы керек екенін ұқтырды.
– «Өсер елдің арманы бітпес, өшер елдің жаңжалы бітпес» демекші, біз рухани жаңғыру үшін ең әуелі береке-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Ол үшін қазақ пен қазақтың берекесі болуы керек. Қазақтың қай тарихына қарасаң да, бірлігі бекем кезде ешқандай жау ала алмаған, тек ішінен ыдыратып тынған. Сондықтан мен қазақты рухани тұтастық қана мәңгілік ел етеді деп санаймын, – деп түйді аталмыш жоба жайындағы ойын Елбасы.
Бесінші, шеттен көшіп келген қандастарды қолдау үшін «Отандастар» атты қор құрылатын болды. Бұл жұмысқа еліміздегі қалталы азаматтарды тарту керек екенін атап көрсеткен Елбасы:
– Біз қиын-қыстау замандарда да солтүстік Кавказдан, Қиыр Шығыстан келген өзге ұлт өкілдерін де құшақ жая қарсы алып, жанашырлық танытып жаттық. Ал, бүгінгі қоғамда неге өз қандастарымызды құшағымызға сыйдырмасқа. Сондықтан бұл жұмысты қаны қазақ кәсіпкерлерге, қауымдастыққа, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне тапсырамын, – деді Президентіміз.
Осы бағдарлама арқылы көшіп келемін деген қандастардың барлығына тиімді жағдай жасалуы керектігін ұқтырды. Елім-жерім деген қазаққа Қазақстан есігі қашанда ашық екенін түсіндірген Елбасы оралмандар мәселесіне байланысты кейбір қағазбасты жұмыстардың да реттелетінін айтты. Сондай-ақ, қандастар мәселесін қадағалау үшін қауымдастықтың Алматыдағы ғимаратын Астанаға көшіруге нұсқау берді.
Алтыншы, атажұртқа келіп, жоғары білім алам деген жастарға мемлекеттік грнаттың саны бұрынғы жылдардан екі есеге артық бөлінетін болды. Осы орайда өзге мемлекеттерде ассимиляцияға ұшырап жатқан қазақ жастарының ана тілінде білім алуына жәрдем жасау керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді. Сонымен қатар, көрші елдерде күн кешіп жатқан қандастар атажұрттан толық ақпарат алып отыруы үшін кейбір телеарналардың хабарларын сол елдерде таратуға тапсырма берді. Бұл мерзімді баспасөздерге де қатысты екенін қадап айтты Елбасы.
«Әр қазақ – менің жалғызым» деп ойын қорытқан Елбасы құрылтайға келген өкілдерден әлемдегі әр қазаққа дұғай сәлем жолдады.
Жарыссөзге шыққан әр елдің делегаттары қазақ елінің дамуына, өсіп-өркендеуіне шын ризашылықтарын білдіре келіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Айталық, Монғолия ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпарұлы Тәуелсіздік жылдарынан бері атажұртқа келіп қоныстанған азаматтардың ішіндегі біліктілерін билік құрылымдарынан көргісі келетінін жеткізсе, Франциядан келген кәсіпкер Мехмет Зенгин атажұртқа енді қоныс аударған кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылса деген ойын ортаға салды. Ал Германиядан келген Өмірхан Алтын Қытайдағы қазақтардың қазір қиын жағдайына тоқталды. Бұл айтып отырғандарымыз – үлкен кездесуде айтылған ұсыныс-тілектердің бір парасы ғана. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы отты жырымен кездесуді түйіндеді.
Құрылтайға қатысқан қауым бірауыздан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бесінші мәрте қазақ қауымдастығының төрағалығына сайлады. Қауымдастық төрағасы бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың орнын бұрындары Көші-қон комитетінде жұмыс істеген Зауытбек Тұрысбековке сеніп тапсырды.
Құрылтайға келген қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесін аралады. Әлемнің әр түкпірінен келген қандастар атажұрттағы елдің еңселі тірлігіне таңғалып һәм тамсанып қайтты.
Өскемен – Астана – Өскемен
Мұратхан Кенжеханұлы