Астанаға виртуалды саяхат жасады
6 шілде – Астана күніне орай облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының әкімшілік ғимаратының виртуалды залында балаларға арналып «Астана-болашақтың қаласы» атты бейне-саяхат ұйымдастырылды.
Виртуалды саяхат барысында балалар арман қала – Астанадағы зәулім ғимараттар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы бейнесюжеттер көріп, түрлі ойындар мен қызықты викториналарға қатысты. Елордамыз – Астананың 19 жылда қол жеткен жетістіктері жайлы танымдық ақпараттарға қанықты.
-Бүгінде Астана қаласы Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, дүние жүзіне әсем де жас қала ретінде танылды. Әр бала туған жерімен қатар өз Отанының астанасы туралы біліп, мақтанышпен қадірлей білуі керек. Балалар – еліміздің болашағы. Шараның мақсаты – қызықты ұлттық ойындар арқылы балалардың ой-өрісін дамыта отырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, патриот болуға тәрбиелеу,-дейді облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының ақпараттық-білім бөлімінің маманы Анастасия Григорьева.
Әңгімелесу, сұрақ-жауап әдісімен өткен «саяхатта» жүргізуші балаларды жаңа астанамыздың іргетасы қаланғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері, Ақорда, Бәйтерек, 17 дін өкілінің қолы қойылған әлемнің глобус-макеті, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Астана-Арена, Ханшатыр сияқты Астананың көрсе көз тоймайтын көрікті орындарымен таныстырды.
-Маған бүгін Бәйтеректің тарихы туралы айтылған Самұрық құс жайлы аңыз ұнады. Елбасымыз жұмыс істейтін Ақорданы көрдім. Болашақта сабағымды жақсы оқып, әдемі қала – Астанада жұмыс істегім келеді,-дейді виртуалды саяхаттан алған әсері жайлы баяндаған алты жасар Нұрәли.
Айжанат Бақытқызы