Экономика

Астанаға 6400 тонна өнім апарамыз

Шығысқазақстандықтар «EXPO-2017» көрмесіне 6400 тонна ауылшаруашылық өнімдерін апарады. Көрме қонақтары мен елорда тұрғындарын осыншама өніммен қамтамасыз ету үшін әр ауданға шаруашылық ерекшелігіне қарай міндеттемелер бөлінді.

Бұл маңызды шаруаны облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин ұйымдастырып, үйлестіруде.
– Біздің облыс көрме қарсаңында Астанаға үш рет жәрмеңке апарады. Бұл жәрмеңкелерде 1100 тонна өнім саудалауды жоспарлап отырмыз. Қалған 5300 тонна өнімді бұрыннан қалыптасқан сауда арналары арқылы көрме бойында жеткізіп отырамыз. Оған Өскемен, Семей қалалары мен Шемонайха, Ұлан аудандарынан 10 кәсіпорын атсалысады, – дейді Дүйсенғазы Мусин.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұрысбековтің айтуынша, Шығыс Қазақстанның Арқа төсіндегі жәрмеңкелері 1-2 шілдеде, 12-13 тамызда және 9-10 қыркүйекте өтеді.
– Көрмені ұйымдастырушылар бізден негізінен брендтік өнімдерімізді көптеп әкелуді сұрап отыр. Балық, сүт, бал және шұжық өнімдеріне нақты тапсырыс берді. Мысалы, «Пасека» шаруа қожалығы Астанаға 30 тонна бал апарса, «Вертекс-Восток» ЖШС 47 тонна қарақұмық өнімдерін, Өскемен құс фабрикасы 2900 тонна құс етін жеткізуі тиіс. Сол сияқты «Эмиль», «Айтас МП», «Ас», «Востоксельхозпродукт», «Семей ет комбинаты», «Ұлан ет-консерв зауыты» ЖШС мен «Май» АҚ сынды ірі өндірушілер өз өнімдерін бұрыннан қалыптасқан арналар арқылы саудалайды, – дейді басқарма өкілі.

Облыстың оңтүстік аудандарында дақыл ерте піссе, солтүстік өңірлерде өнім жинау кеш басталатыны белгілі. Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығы басқармасына осы жайтты ескеріп, жүктемені әр ауданның ерекшелігін ескере отырып, қайта бір пысықтап шығуды тапсырды. Кесте бойынша шілдедегі жәрмеңкеге Өскемен және Семей қалалары, Абай, Аягөз, Жарма, Тарбағатай, Бородулиха аудандары бірігіп 300 тонна өнім апаруы қажет. Ал тамыздағы жәрмеңкеде Ұлан, Үржар, Зырян аудандары мен Риддер қаласы елордалықтарға 300 тонна өнімді арзан бағамен саудалауы тиіс. Қыркүйекте Катонқарағай, Шемонайха, Глубокое, Зайсан, Көкпекті, Күршім аудандары 500 тонна өнім апарады.

Бұған дейін Астанаға жәрмеңкемен барған кәсіпкерлер сауда сататын шатыр мен өнімді сақтайтын тоңазытқыштарды жалға алып келген екен. Қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігі өзге өңірлерге шатыр мен қоймаларды тегін ұсыну мәселесін шешуге қаржы қарастыруда. Шілде айына дейін бұл мәселе шешіліп жатса, шығысқазақстандықтар үшін елеулі жеңілдік болары сөзсіз.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button