Қоғам

Астана – Өскемен күре жолы жақындап келеді

Елбасы Жолдауына орай

Астана - Өскемен күре жолы жақындап келеді

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Алматы -Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Қарағанды -Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань бағытындағы негізгі автожол жобаларын жүзеге асырып, шығыста логистикалық хабтар, батыста теңіз инфрақұрылымдарын құруды міндеттеді. Осылайша ұлан -ғайыр елімізде көлік қатынасын жақсартып, макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен байланыстыратын, сыртқы, ішкі алыс-берісті арттыратын экономиканың күретамыры – күре жолдарды дамыту қажеттігін тапсырды.
«Орталық-Шығыс» жобасы бойынша елордадан Алтайға дейін салынатын заманауи төрт жолақты даңғыл жол-автобан Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау-Өскемен бағытында өтіп, Шығысты Астанамен, солтүстік, батыс өңірлермен жалғастырып, нарыққа да, халыққа да аса қолайлы жағдай тудырмақ, транзит көлемін арттырмақ. Өскемендегі «Қазақавтожол» АҚ облыстық филиалы басшыларымен хабарласқан біз екі қаланың ортасындағы мыңдаған шақырым қиыр-шиыр ескі жолдың машақатынан арылып, таңдай қаға айтатын шетелдікіндей тақтайдай тегіс жолдармен жүйткитін күн алыс емес екенін ұқтық.
«Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Бақыт Қалымовтың айтуынша, шығыстық жолшылар қазіргі күні Астана -Өскемен бағытындағы автожолдың Павлодар облысының шекарасынан Семейге дейінгі бөлігінің 50 шақырымнан астамын салып аяқтап қалған. Осы екі аралықта салынуы тиіс республикалық автожол бөлігінің жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрайды. Қалған 89 шақырымның жобасы жасалынып жатыр, кесте бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс.
Мемлекет басшысы Жолдауда әр өңірде салынатын жол құрылыстары есебінен жаңадан 200 мың жұмыс орыны ашылып, ол жерлерде қаншама қазақстандықтардың еңбек ететінін, жұмыс тауып, жалақы алатынын, салынатын барлық инфрақұрылымдар осындай жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша мүмкіндік беретінін де атап айтқан болатын. Бүгінде Астана – Өскемен негізгі автожолының бұл бөлігін Семей қаласының мердігерлері салып жатыр екен.
Қалбатауды басып өтетін Астана – Өскемен басты автокөлік жолының Семейден осы Қалбатау ауылына дейінгі қашықтығы 157 шақырым болса, осы уақытқа дейін оның да 112 шақырымы салынып біткен. Құрылысы 2010 жылы басталған жолдың 42 шақырымы 2012 жылы салынып, мемлекет қарамағына өткізіліп те қойыпты. Ендігі қалып отырғаны – 45 шақырым.
Ал күре жолдың Қалбатаудан Өскеменге дейінгі 102 шақырымының құрылысы жаңа жылдан бастап жүргізілмек, қазір жол бөлігінің жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр.
Астана – Өскемен негізгі автокөлік жолы 2018 жылға дейін салынып бітпек.
– Елбасы өзінің Жолдауында республика өңірлерінде осы автожолды, өзге де облыстардағы автожолдарды тезірек салып бітіру қажеттігін, олардың ел экономикасы үшін, халқымыз үшін күретамыр сынды үлкен қызмет атқаратынын атап айтты. Алдағы уақытта осы жолдарға республикалық бюджеттен қажетті мөлшерде қаржы бөлініп жұмыс қарқын алады деген ойдамыз, – дейді «Қазақавтожол» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Бақыт Қалымов.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button