Қоғам

Асссамблея бастамасын бүкіл халық қолдайды

Асссамблея бастамасын бүкіл халық қолдайды

Тұрсын Домбаланов, Науалы балалар үйінің директоры, Үржар аудандық мәслихатының депутаты:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының ел Президенті сайлауын биыл өткізу туралы бастамасын мен қуана құптап отырмын. Себебі, Еуропа елдерінде қаржылық-экономикалық дағдарыстың етек алуы, сонымен қатар, исламистік топтардың жүргізіп жатқан террористік әрекеттері елімізді алаңдатпай қоймайды. Біздің алдымызда атқарылатын үлкен міндеттер тұр. Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, халықтың игілігіне жарату – кезек күттірмейтін тапсырма. Осы орайда, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясы мемлекет әл-ауқатының басты кепілі болмақ. Қазіргі таңда ұлттың Көшбасшысы болып, топ бастайтын тұлғамыздың бар екенін бүкіл әлем біледі. Елімізде қалыптасқан сарабдал саясатты одан әрі жалғастыру үшін және келесі жылы Президент және Парламент сайлауларын қатарластырмай, Президент сайлауын осы жылы өткізгеніміз дұрыс. Бұл экономикамыздың да тығырыққа тірелмей, тұрақты дамуына үлкен жол ашады. Сондықтан да аталмыш сайлаудың биыл өткізілуі халқымыз үшін оңтайлы болар еді. Мен Ассамблея ұсынысын толық қолдап, құптаймын!

Сұлтан Картоев,
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, Семей:

– Сайлау – аса маңызды жалпыхалықтық мәселе әрі зор жауапкершілік. Қазіргі күрделі кезеңде Президентке ерекше жауапкершілік артылады. Сондықтан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ қазір қолдаудың маңызы зор деп ойлаймын. Осынау күрделі кезеңді Қазақстан дұрыс өткізуі керек. Елді сақтауға, халықты әлеуметтік жағынан қолдауға ұмтылған жөн. Уақытша дағдарысты, қиындықты еңсереміз. Сондай-ақ, даму барысында елімізде ауқымды «Қазақстан-2050» Стратегиясы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ең алдымен, Елбасының еңбегі. Сол себепті, Елбасы алдағы уақытта Қазақстанды келесі кезеңнен сәтті өткізіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бас¬тамаларды нәтижелі жүзеге асырады деп ойлаймыз. Бұл сайлауды өткізу қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді. Халықтың мұндай ұсынысты қолдайтынына сенімдімін. Қазіргідей әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде мұндай үндеудің қабылдануы уақыт талабынан туындаған деп ойлаймын. Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА жаңа сенім мандатын берейік. Ұлттар ынтымағы жарасып, еліміз өркендей берсін! Әлемді ядролық қарусыздандыруға Елбасымен бірге кірісейік!

Саясат Малғаджаров,
Жарма аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі ҚХА депутаттық тобына, саяси партияларға, мемлекеттік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеріп, Үндеу жариялады. Өз басым үндеудің әрбір жолының астын сызып оқыдым десем, артық айтпаймын. Біз, кешегі соғыс кезінде тылда еңбек еткен ұрпақ және тәуелсіздікпен бірге жасақан бүгінгі ұрпақ, баршамыз еліміздің бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктерін Елбасымыздың сындарлы саясатымен тығыз байланыстырып, өз тарапымыздан кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді қолдаймыз. Осындай сын сағатта Қазақстан халқы көрегендік танытатынына сенімдімін.

Төлеуғазы Ыбыраев,
кәсіпкер, Күршім ауданы:

– Мен ауылдағы шағын кәсіпкердің бірімін. «Үлкен саясатта шаруам жоқ» деп қолды бір сілтейтіндей білімі тым төмен жандарға да жатпаймын. Саясатта бәріміздің де шаруамыз бар, өйткені, саясат – күнделікті өміріміздің негізі, сондықтан бәріміз одан тыс қала алмаймыз. Демек, қай-қайсымыз да оған үн қосып отыруға тиіспіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің жаңа бастама көтеріп, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге үндеп жатқанынан хабардармыз. Өз басым бұл сайлауда бүкіл әлем мойындаған көреген саясаткер Елбасымыздың қайта сайланғанын қалар едім. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы ел үшін, жұрт үшін қажырлы еңбек етіп, орасан табыстарға кенелтті. Бүгінгі жаһандық қаржы дағдарысы деген қияметтер алқымнан алып тұрған шақта Елбасының Қазақстан халқын тығырықтан аман алып шығатынына нық сенімдімін. Біздің Президент – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Біз оған сенеміз!

Осы айдарда

Back to top button