«Ассамблея жастары» жаңаша жұмыс істейді
Осы жылдың басында мемлекеттілігіміз бен халқымыздың бірлігі ең күшті сынақтан сүрінбей өтті. Қаңтар қасіреті мемлекет пен қоғам тарапынан жіті қарастырылып, шұғыл шаралар қабылдануда, ауқымды саяси реформалар басталып кетті. Аталған жаңартуларға жастар ұйымдары да белсене атсалысып, қоғам дамуын жеделдету үшін өз мақсаттары мен жұмыс тәсілдеріне түбегейлі өзгерістер енгізіп отыр.
Өршіл мақсаттарға ұмтылған ұйым
Осы ретте жастар ұйымдарының қызметін қайта қарастыру туралы бізге «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық өкілдігінің төрағасы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Равиль Юнусов айтып берді.
– 2021 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның жастар құрылымдарын «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымы етіп қайта құру туралы тапсырма берген болатын. Содан соң республикалық қоғамдық бірлестік әділет органдарында ресми тіркеліп, бүгінде барлық облыстарда өкілдіктер құрылған, – дейді ол.
Кез келген жастар қоғамдастығы сияқты «Ассамблея жастары» да өз алдына өршіл мақсаттар қойып, оларды іске асыру үшін бар күш-жігерін салуда.
– Қоғамда қордаланған мәселелер бізді жастар ұйымдарының қызметін қайта қарастыруға бағыттап отыр. Сондықтан біздің кез келген іс-шарамызға қатысушы жас ұйымның қызметін сезінуі, сол арқылы өзінің бәсекеге қабілеттілігін, дағдылары мен білімін арттыруы тиіс, – деп толықтырды Равиль Юнусов.
«Ассамблея жастары» ұйымының басты аудиториясы ‒ жастар, алдына қойған мақсат-міндеттері – жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, олардың әлеуметтік дәрежесін арттыру.
Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының саны бүгінде мыңнан асады. Жалпы, барлық этномәдени бірлестіктердің 17 жастар қанаты бар. Олар: «Бірлік» этноклубы, Көкпектідегі жастар орталығы мен «Көкпекті жастары» патриоттық қоғамдық бірлестігі, Шемонайхадағы «Вместе» клубы, Риддердегі «Мирас», «Лидер» клубтары, Семейдегі татар-башқұрт жастарының «Мирас» және неміс жастарының «Glueck» клубтары, Бесқарағайдағы «ДocStar» клубы, Глубокоедегі «Бірлік және келісім» клубы, Курчатов пен Бородулихадағы «Жаңғыру жолы» қозғалыстары, Алтайдағы жастар клубы, Катонқарағайдағы «Аманат» клубы, Семейдегі қазақ және орыс әлеуметтік-мәдени орталықтарының жастар клубтары.
Бірлестік мүшелерінің қатарында этномәдени орталықтардың басшылары, кадрлық резерв, «100 жаңа есім» жобасына қатысушылар, «Дарын» сыйлығының иегерлері бар.
Сондай-ақ, бірлестік облыстағы Ассамблеяның өзге құрылымдарымен, атап айтсақ, ғылыми-сарапшылық кеңеспен, қоғамдық келісім кеңесімен, аналар кеңесімен, медиация кеңесімен, кәсіпкерлер қауымдастығымен, меценаттар клубымен, этностық БАҚ-тармен және театрлармен түрлі акциялар өткізіп, қоғамдық мәселелерді талқылауға белсенді қатысуда.
Жоғары оқу орындарымен, колледждермен, жастар ресурстық орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жүйелі жолға қойылған. Олар ұдайы «Азаматтық альянс» бірлестігімен, Өскемендегі университеттермен және колледждермен жұмыла семинар-тренингтер, мастер-кластар өткізіп тұрады. Өңірлік жоғары оқу орындарында ҚХА-ның жастар клубтары құрылған. Сонымен қатар «Ресей халықтарының жастар ассамблеясы» қозғалысының Омбы бөлімшесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Алты басым бағыт айқындалды
– Ұйымды кешенді дамыту үшін біз алты магистралды бағытты белгіледік, олар ұйымның өзіндік жетекші жобалары. Бұл ретте барлық бағыттағы басты идеологемма – «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз». Жастар үшін біздің бірінші немесе екінші Отанымыз жоқ екенін түсіну өте маңызды, бізде Отан біреу-ақ және ол – Қазақстан! – дейді жастар көшбасшысы.
«Ассамблея жастарының» бірінші бағыты ‒ жастарды әлеуметтік қолдау, білімін арттыру, жұмысқа орналасуға көмектесу. Осы бағыт «жас жасты үйретеді» форматында іске асуда, яғни өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде көшбасшылар жастармен кездесулер өткізеді. Табысты жастар өздерін мысалға келтіре отырып, жастар бағдарламаларын, жастарды мемлекеттік қолдау шараларын қалай пайдалану керектігін айтады. Бұның мультипликативтік әсері бар, өйткені белгілі бір жетістікке жеткен спикерлердің аудиториямен өзара іс-қимылы бір «кезекші» кездесумен шектеліп қалмайды. Сондай-ақ осындай жүздесулерді этностар жинақы тұратын елді мекендерде өткізу жоспарлануда.
– Өткен жылдары «PRодвигай себя» және «Жастардың алтын бесігі» жобалары жақсы нәтиже берді, даңқты спортшылар жастармен кездесіп, қарапайым мәнді әңгіме өрбітті. Сонымен қатар «Қазақстан халқы Ассамблеясының кадрлық резерві» жобасы басталды, ол кәсіби, қоғамдық саты бойынша одан әрі ілгерілеу үшін белсенді жастардың пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді мәслихат депутаты.
Екінші бағыт – «Бірлік тілі», яғни мемлекеттік тілді оқыту.
– Біз жастардың ауызекі тілді меңгеруіне жағдай жасауымыз керек. Ол үшін түрлі этностардың жастары қазақ тілін үйренетін нетворкинг-алаңдар ұйымдастырылады. Бұл кездесулер дәмханаларда, басқа да қоғамдық алаңдарда өтеді, әр кездесуде жеке бір тақырып қаузалады, мәселен, әдеби кітап талқыланады немесе жаңадан шыққан фильм көрсетіледі, – дейді жетекші.
«Ел мұрасы» аталатын үшінші бағыт тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауды көздейді. Бұл бағыт жастарға тарих беттеріне саяхат жасауға мүмкіндік беруі керек. Біздің өткеніміз – бұл өз жеріне деген сүйіспеншілікті тудыратын біріктіруші күш. Өңірде осы бағыт шеңберінде киелі жерлерге саяхаттар, тарихи-мәдени ескерткіштерде экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, жастар TikTok желісіндегі «Менің өлкемнің тарихы» жобасы арқылы Шығыстың тарихи мұрасы туралы біле түсті.
Шығыс жастары дәстүрлі түрде тарихи орындарға жаяу экскурсиялар, квестер өткізеді. Бұл оң тәжірибені еліміздің өзге облыстары да тиімді пайдалана бастады.
Әлеуметтік желілерді кеңінен қолданады
«Таза орта» бағыты экология мен қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында екі миллиард көшет отырғызу бастамасын көтерген болатын. «Бұл – өте өршіл идея, бірақ оны жүзеге асыруға болады» деп санайтын Шығыс жастары Мемлекет басшысының бастамасын қолдап кетті. «Ассамблея жастары» ағаш егуге және аумақтарды тазартуға көптеп тартылып жүр.
– «Қасиетті парыз» әскери-патриоттық тәрбие бағыты шеңберінде әскери қызмет мәртебесін арттырғымыз келеді, сонымен бірге ел қорғаушыларының, оның ішінде түрлі этностар өкілдерінің бейнесін танымал еткіміз келеді. Осы бағыттағы жұмысымыз ақпараттық контентті қалыптастыруды, уәждемелік кездесулер өткізуді қамтиды. Біздің қыз-жігіттер «Жас сарбаз» аймақтық бөлімшелерімен, іздестіру және әскери-патриоттық ұйымдармен белсенді жұмыс істеуде, – деді жастар көшбасшысы.
Алтыншы бағыт ‒ ақпараттық жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру. Мемлекет басшысы жастармен жұмыс барысында қарым-қатынастың жаңа түрлерін игерудің маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл – әлеуметтік желілер.
– Бірлестік жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар ішінде өткізілген іс-шараларды теледидар мен әлеуметтік желілерде барынша жариялау, өзара тәжірибе алмасу мақсатында республикалық жыл сайынғы кездесулерге қатысу сынды ұсыныстар бар. Қазір біз әлеуметтік желілердегі жұмысты ширатып отырмыз. Себебі жастар ғаламторда көп отырады, @assembly_jastary_shygys аккаунттымызға тіркелгендер саны артып келеді. Әлеуметтік желі арқылы кері байланыс орнатып, ортақ іске жастарды тартып отырмыз, – дейді бірлестік жетекшісі.
Жалпы, аталған бағыттар «Ассамблея жастары» ұйымының қызметін шектемейді. Өңірлік бастамалар да өте маңызды және осы жылдар ішінде жер-жерлерде қызықты жобалар іске асқанын көріп отырмыз.
Алдағы уақытқа жоспарланған имидждік іс-шараларға келсек, бірлестік «Uly dala urpaqtary» қалалық квестін, «Ұлы Дала елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясын, меценаттар клубымен бірлесіп жастарды бизнеске тарту бойынша «Сен – кәсіпкерсің» мотивациялық семинар-тренингін ұйымдастыруды көздеп отыр.
– Алда үлкен міндеттер тұр және жастар ұйымдары реформаларды жүргізуге зор ықпал ете алатынын түсіну маңызды. Біз барша жастар үшін жұмыс істеп, елге қандай да бір пайдамызды тигізу үшін барымызды салуымыз керек, – дейді «Ассамблея жастары» облыстық өкілдігінің төрағасы.
«Ассамблея жастары» азаматтық қоғам институты ретінде Мемлекет басшысы жариялаған бастамаларды іске асыруға кірісіп кетті. Жастар көшбасшылары конституциялық реформалардан кейінгі өзгерістерді түсіндіріп, талқылап, нақты мәселелерді шешуге атсалысуда.