Қоғам

Қасіретті жылдар жаңғырығы

Қасіретті жылдар жаңғырығы

Мыңдаған жазықсыз жанның өмірін қиған сталиндік қуғын-сүргін халықтың жүрегінде жазылмас жара қалдырды. Кеше Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай облысымызда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ең бастысы, тарихтың ақтаңдақ беттері әлі де зерттелетіні, мұның бәрін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре түсу керектігі айтылды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Дидар» газетіне сұхбат берген-ді.
– Әсем Бекқызы, репрессия құрбандары жайлы сөз қозғалғанда ең алдымен Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Шәкәрім, кешегі Мұхтар мен Қайым ауызға оралады…
– Дұрыс айтасыз. Жүрегі елім деп соққан Алаш арыстарының бар мұрасы, тарихы қарт Семейде қатталып жатыр. Өйткені, Семей Алаш қозғалысының орталығы болған. Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдары нақ осы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға ≪буржуазияшыл ұлтшыл≫ деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалып, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Репрессияның алғашқы толқынына Алаш партиясының мүшелері мен Алашорда басшылары ілікті.
1928 жылдың аяғында жалған айыппен ұсталған 44 адамның қатарында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, И.Әлімбеков болғанын бүгінде архив деректері арқылы білеміз.
Ал қазақ зиялыларын саяси қуғындау 1937 жылы қайта қолға алынды. Алашорда ісімен 4297 адам қуғынға ұшырап, 2062 адам атылды.
Бұлар аса дарынды, ұлт жанашырлары еді. Ол аздай социалистік өндірісті ұйымдастырушылар да репрессияға ұшырады. Риддер кеніштерінің басшылары Р.Дрейман мен А.Кельмансон, «Ульба-строй» тресінің менеджері А.Спекторов, Құлынжон кен басқармасының директоры А.Беляков, Зырян тау-кен басқармасының бастығы Ж.Таттыбаев ату жазасына кесілді.
– Ал енді бүгіндері солақай саясаттың жазықсыз құрбандарын жас ұрпаққа қаншалықты насихаттай алдық? Жылда қайталанатын таптаурын дүниелерге жаңалық енгізе алдық па?
– Репрессия құрбандарын, олардың баға жетпес еңбектерін кейінгі жас буынның санасына жете сіңіру – біздің басты міндетіміз. Биылғы шаралар жылдағыдан әлдеқайда өзгеше форматта әрі ертерек қолға алынды. Тұңғыш рет облыс орталығындағы Республика алаңында «Қасіретті жылдар жаңғырығы» іс-шаралар кешенінің аясында «Қаралы жылдар жарасы» тақырыбымен алғашқы күні ашық аспан астында көрме ұйымдастырылды.
Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты көрме екінші күні ШҚМУ ғимаратында жалғасты.
Бұл биылғы басты жаңалық болды. Көрмеге қазақ халқының басына нәубет болған сол қасіретті қырғында басы оққа байланған Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстарының фотосуреттері, құжаттары, олардың түрмеде тартқан қасіреттері жайында жазылған кітаптар, мұражай жәдігерлері, тақырыптық стендтер, жинақтар қойылды. Сонымен бірге сталиндік режим кезінде елімізге, Шығыс өңіріне күштеп жер аударылған немістер, шешендер, кәрістер, поляктар мен олардың аянышты тағдырлары туралы нақты ресми деректер де осында топтастырылды.
Көрмені екі күн бойы мектеп оқушылары, студенттер, қала тұрғындары мен қонақтары үзбей тамашалады, онда деректі фильм де көрсетілді.
Ал кеше саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында өткен репрессия құрбандарын еске алуға арналған маңызды іс-шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары Нұрзия Мұқашева, Әсипа Бажекенова, Лидия Роот студенттер мен оқушылар алдында өз естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, әкесі сол зұлмат заманда халық жауы атанып, нақақтан ату жазасына кесілгенде небәрі жеті жаста болған, бүгінде жасы тоқсанға таяп қалған Нұрзия Мұқашева апамыздың естелігі ешкімді де бейжай қалдырмады. Апамызбен бірге шараға қатысушылар да көзіне жас алғанын көзіміз көрді.
Осынау датаға орай өткен Өскемендегі тағы бір маңызды шара – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Рухани жаңғыру» залында өткен «Кеңес кезеніңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары: зерттеулер мен естеліктер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болды. Онда Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары зұлмат жылдардың ақиқатын барынша ашып көрсетуге күш салды. Аталған шаралардың бәрі жастарға ой салғаны даусыз.
– Саяси сүргіннің салқыны өзге ұлттарға да тиді. Мәселен, көптеген халықтар туған жерлерінен күштеп жер аударылды. Біздің өңірден де орын тепті…
– Бұл да өткен ғасырдағы зобалаң жылдардың бір парағы десек болады. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің және КОКП Орталық комитетінің 1937 жылғы 26 тамыздағы «Корей халқының Қиыр Шығыстан шығарылуы туралы» қаулысы корейлердің тағдырын шешсе, 1941 жылғы 29 тамыздағы немістерді қоныс аударту туралы шешім олардың екінші Отаны ретінде Қазақ даласын белгіледі. Депортация кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізіліп, жиналуға 24 сағат қана уақыт берілді. Қазақстанға 467 мың адам жіберу жоспарланғанымен, шын мәнінде қабылданғаны – 441 713 адам. Шығыс Қазақстанға 72 мың адам жіберілді (40 мыңы Семей облысына, 32 мың Шығыс Қазақстанға).
Сондай-ақ 1944 жылдың 23 ақпанында шешендер мен ингуштерді мәжбүрлеп шығару басталды. Қазақстанға 344 589 адамды қоныс аудару жоспарланған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысына 65403 адам (Семей облысына 31236, Шығыс Қазақстан облысына 34 167 адам) қоныстанды. Жергілікті қазақ халқы қолындағысын жер ауып келгендермен бөлісіп, оларға барынша қолдау көрсетті. Нәтижесінде Қазақстан олардың екінші Отанына айналып, көпшілігі тұрақтап қалды. Бүгінде көпұлтты Қазақстанның дамуына үлес қосып, ұрпақ өрбітіп отыр.
– Араға ондаған жылдар салып репрессия құрбандарының ақталуы тарихи шындықтың туын желбіретті. Нақақтан жапа шеккендердің есімдерін мәңгі есте қалдыруда қандай шаралар қолға алынған?
– Негізінен 1956 жылы жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарын ақтау басталса, 1993 жылы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазақстан Прокуратурасы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты қыруар жұмыс атқарып, нәтижесінде республикада бүгінге дейін жазықсыз қудаланған және күштеп жер аударылған 350 мың адам ақталған. Ал Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды.
Тарихтың осынау қасіретті жылдары туралы деректер облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларында және көрмелерінде көрсетілген.
Музей қызметкері З.Надыкто «Саяси қуғын-сүргін» тақырыбы бойынша мұражай қызметкерлерімен 1960 жылдан бері материалдар жинап келеді.
Коллекциядағы ең белсенді жұмыстар музейде қызыл террордың құрбандарын ақтаудың жаңа кезеңі басталғаннан бастап, 80-ші жылдардың екінші жартысынан бері жүргізіледі. Мұражай қызметкерлерінің іздестіру жұмыстарына Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көмек көрсетуде. Сонымен бірге 2012 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» атты экспозициясы ашылды. Ондағы материалдарда шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдыры туралы айтылады. Соңғы жылдардағы тарихи еске алу мен өткенімізге деген қызығушылықтың артуына байланысты «Саяси қуғын-сүргін» тақырыбындағы материалдар жинағы сапасы мен мазмұнын арттырып келеді. Музей қорына Кәрім Құндақбаев, Афанасий Цыкунов, Қажебай Дайырбеков, Дайырбек Иіспаев, Жартай Абылқасымов, Терентий Цыба, Ермұхан Жармембаев туралы құнды мәліметтер енгізілген.
Экскурсия, дәріс, отансүйгіштік сабақтар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен кездесулер өткізу арқылы біз аймақ тарихындағы қайғылы беттерді парақтап, қызыл террор құрбандарын еске аламыз.
Бұл тақырып әлі де зерттеуді, бір арнаға ьтүсіріп жүйелеуді қажет етеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бұл саладағы жұмысты әлі де ширата түсеміз. Сонымен қатар кешегі күндерде өткен жиындарға қатысушылар алдағы уақытта облыс орталығында Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылыққа ұшырағандардың рухына тағзым ететін арнайы ескерткіш ашылса, осы күні сол ескерткіштің басына барып, еске алып тұрсақ деген ұсыныстарын да білдірді. Бұл да алдағы күннің еншісіндегі шаруа.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button