АСҚАР ТАУЫМ, АРҚА СҮЙЕР АЙБАРЫМ

Үйдегі бес баланың үлкені Азатбек деген ағамыз болғандықтан өзімнен үлкен екі апайым мен кенже інім екеуіміздің де тәлім-тәрбиеміз, оқу үлгеріміміздің барлығы сол ағамыздың бақылауында болды. Менің есімімнің Серік деп қойылуына да Азат себепкер болған көрінеді.
Көрші үйдің ұлдарымен алысып-жұлысып ойнай кеткенде, ағалары жеңіліп бара жатса, сол үйдің қалған ұл балалары тайлы-таяғы қалмай жабыла кетіп Азатты алып ұрып астыларына салатын көрінеді…
Үнемі осындай әлімжеттілік көріп, шарасыздықтан жалғыздықтың зардабын тартып жүрген ағайым бір күні үйге ренжіп кеп, анамызға: – Сенің ана екі қызыңнан бес тиын пайда жоқ. Маған ана пәленшенің ұлдары жабылып жатқанда, көмектесудің орнына сораларын ағызып жылап тұрады. Енді табатын болсаң, жаныма серік болатын бір ұл тапшы өзің! – деп арыз-арманын ақтарып тастаса керек.
Мұны естіп отырған әкем: – Қап, әттеген-ай, ә! Мына баланың айтып тұрғаны жалғыздықтың зары ғой… Осыдан Алла тағала тілеуіңді беретін болса, сол баланың атын Серік деп қоймасам ба?! – деген екен.
Сөйтіп, Алла тағала ағатайымның аузына салып, әкемнің 61 жасында дүниеге мен келіппін. Сол кезде Азат бар болғаны 11 жастағы ойын баласы болса керек.
Боқтығының үлкені «Ой, әкри!» болатын
Сол Азаттың айтқаны біз үшін – заң болатын. Заң ғана емес, оның бүкіл болмыс-бітімі, өз-өзін ұстауы, айналысқан спорты, түрлі күйтабақтар жинап тыңдаған музыкасы, сонау 60-70 жылдардың өзінде фото өнеріне ден қоя айналысуы т.б. дүниелерінің өзі біздерді қойып, көрші-қолаңның балалары мен өз қатарластарына да үлгі-өнеге бола білді. Біздің бала күнімізде түскен суреттеріміздің түгелі дерлік сол Азаттың өзі түсіріп, өзі шығарған фотосуреттері. Ол күнде арнайы фотосалондар болмаса, фотоға түсіріп, оны үйде шығару дегенді ел көп біле бермейтін.
Азаттың жүріп-жүріп фото шығаратын кездері болады. Ол енді бір ерекше күн. Ондайда өзінің жеке бөлмесіне ешкімді кіргізбейді. Ол бөлмеде күңгірт-қызыл шам ғана жанып тұрады. Бөлменің есігін рұқсатсыз ашуға болмайды. Айтуынша, фото-пленкаларға жарық түссе күйіп кететін көрінеді. «Фото шығару» процессі түннің бір уағына дейін барады, әйтпесе таңға дейін созылып кететіні де бар. Өйткені, мен білетін «фото шығару» операциясы, ол өзі машақаты көп, шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет ететін кірпияз шаруа. Оның «проявительге салып әуелі фотоны шығару, шыққан фотоны закрепитель дейтін арнайы сұйыққа салып, белгілі бір минуттар ұстау, шыққан суреттерді бір-біріне жабыстырып алмай кептіру, кепкен суреттерді қажетті размермен абайлап кесу» деген секілді толып жатқан процесстері бар. Бізге керегі әрі ең қызығы ертеңгісін өзіміз түскен түрлі-түрлі суреттерді көріп мәз-мейрам болу.
Қайдан алғанын кім білсін, «Зенит» деген қоңыр былғары қорабы бар фотоаппараты болған. Шамасы әкем сатып әперген болуы керек. Олай дейтінім, Азаттан үлкен төрт баласы бірінен соң бірі қайтыс боп, жүрегі әбден шайлығып қалған әкем үйдің үлкені әрі ұл бала деп Азаттың бетін қайтарып, қолынан қағып көрген емес. Ата-анамыздың бағына қарай Азат та еш нәрсенің қадір-қасиетін білмейтін қайсыбір ерке-тотайлар құсап ойына келгенін жасамай, не істесе де маңайдағы көрші-қолаң, құрбы-құрдастарына үлгі етіп айтып отыратындай өнегелі, байыпты бала боп өсті. Осы жасына дейін бір ұрттам арақ ішіп, бір тұтам шылым шегіп көрмепті. Арақты қойып, сыра ішіп көрмеген. Қайсыбіреулер құсап боқтанғанын да естімеппін. Әлденеге ашуланғандағы боқтығының ең үлкені «Ой, әкри!» болатын.
Әлі есімде, мен мектепке баратын жылдың көктемінде бала күндерінен бірге оқып, бірге өскен Мәукен, Тоқтаубай, Сейфолла сынды жігіттер бірінен соң бірі әскерге аттанып жатты.
Әкем Азатқа: – Балам осы әскерге бармай-ақ қойсаң қайтеді. Мен осындағы адамдармен сөйлесіп, сені алып қалайын – деген екен. Ол кезде «өз қатарыңнан қалып, әскерге бармай қалу» деген, денсаулығы нашар, бойларында туабітті кемшілігі бар балалар болмаса өте сирек кездесетін жайт болғандықтан, әскерге жасы келген бозбала өз қатарынан қалып қоюды намыс көретін.
Азат та сөйтті, сөйтті де: – Жоқ, аға! Мен өз қатарымнан қалмай әскерге баруым керек! – деп болмай отырып аттанып кеткен болатын. Сол күнгі, военкоматтың алдында естелікке деп түскен суреттер осы күнге дейін бар. Бауырым Еркін екеуіміздің басымызда, маңдайына «Моряк» деп жазылған жазуы бар бескозырка болатын. Соған көрінді ме, кім білсін, көп ұзамай Азаттан алғашқы хат та келіп жетті. Хатында сонау жер түбіндегі Мурманск деген, климаты адам айтса нанғысыз суық, жеті-сегіз айға дейін ақ қар, көк мұз басып жататын, қазақша айтқанда ит байласа, тұрмайтын жерге барып түскен екен. Енді олар алты айлық учениеден кейін «Солтүстік флот» деп аталатын теңіз әскері қатарында өзгелер секілді екі жыл емес, бақандай үш жыл корабльде әскери борыштарын өтейтін көрінеді.
Мұны естіген әкейден де, анамыздан да маза кетті. Жатса-тұрса уайымдары Азат, бір мезгіл екеуара әңгімелесіп отыра қалса болды, айтатындары: – Әлгі бала тоңып қалған жоқ па екен? Байғұс баланың қарны ашып қалды-ау. Үш жыл деген қашан өтіп, қашан келер екен? – деп кәдімгідей сары уайымға салынып жүрді. Уақыт деген жүйрік қой, бір орнында аялдап тұра ма, әне-міне дегенше сарғайып күз де жеткен. Осы кезде Азат «батырымыздың» да төзімі сыр берген секілді…
Кезекті бір хатында: – Аға, шамаң келсе мені әскерден шақыртып аласыз ба, қайтесіз? – деп жазыпты. Сол-ақ екен, әкеміз осы сөзді күтіп жүргендей бірден шаруаға кірісіп кетті. Аудандық военкоматтың бастығы бар, ауданның бас дәрігері бар, біз білмейтін тағы да бір адамдарды үйге кезек-кезегімен шақырып жіберіп, қойын сойып, арақ-шарабын құйып, сый-сияпатын жасап дегендей… Енді онсыз болмайды ғой.
Әкеміздің осы бір шалт әрекетінің арқасында май айында әскерге аттанған ағамыз бар болғаны жеті ай ғана әскер қатарында болып, жаңа жылдың қарсаңында аман-есен ортамызға оралғаны бар.
Ол шықпаған шың жоқ шығар Сауырда…
Келер жылдың күзі ме екен, есімде қалмапты. Әскерден оралған соң көп ұзамай Азат үйленді. Жеңгеміз Әлия Зайсанның маңындағы ауылдардың бірінен боп шықты. Сол кезде жалғызбасты анасы, тұрмыс құрған әпекелері мен Бақытбек деген жалғыз інісі бар екен. Дүркіретіп той жасауға мүмкіндіктері болмағасын, сол кезде ел ішінде қалыптасқан «алып қашу» дәстүріне жүгінгендері есімде. Қыз жағы той жасай алмағанымен, әкем жарықтық ұлының қызығынан аянып қалмады. Қолындағы барын да, қорадағы малын да салды осы тойға.
Ол кезде бүгінгідей 200-300 адамды бір күнге шақырып жіберіп, той-тойлай салатын мейрамхана деген жоқ. Аулаға палатка тігіледі, оған сыймағандар үйде жайылған дастарқанға жайғасатын. Соның өзінде шақырылған адамдар бірінші күні жастар, екінші күні (коллектив) жұмыстастар, әрмен қарай туыс-туған, құда-жегжаттар, неше күннен бергі ас қамында болған көрші-қолаң дейсіз бе, осылайша кезек-кезегімен, не болса, о болсын той төрт-бес күнге созылды. «Ат өлімі, итке той» дегендей, тәтті-дәмді жеп, лимонад, сок ішіп, бауырсаққа бір тойып маңайдағы бала-шаға біздер мәзбіз.
«Әркімнің өз олжасы өзіне» демей ме, менің ең басты олжам – Азаттың тойын сылтауратып бір-екі күн сабаққа бармай қалғаным болды.
Әлия жеңгемізді біз жеңгей деп атап көрмеппіз. Үлкеніміз де, кішіміз де Әля дейтін едік. Медучилище тәмамдаған Әля бірер жылдай сол кездегі мектеп-интернатында медбике боп істеді. Көп ұзамай дүниеге тұңғыш сәбилері келді. Есімін кім қойғаны есімде қалмапты, әлде әкеме қойғызды ма, әйтеуір баланың атын Бейбіт деп қойды. Ес білгелі үйімізден жас сәбидің күлкісін естімегендікі болар, біз Бейбітті қолымыздан түсірмедік. Сабақтан келе сала айналдыратынымыз Бейбіт. Қыңқылдап жылай бастаса дастарқан басынан өре түрегеліп бәріміз қасына баратынбыз. Қысқасы, үстінен шыбын ұшырмадық… Бейбіттен соң дүниеге Берікбол келді. Әсіресе, әкей мен шешейдің немерелеріне деген ыстық ықыласы мен мейірім, сүйіспеншіліктері ерекше еді…
Екінші бала дүниеге келген соң Азаттың жұмысы Зайсанның іргесіндегі сол кездегі Мичурин, қазіргі Кеңсай ауылына ауысты да, олар бөлек шығып кетті. Азат Кеңсай мектебінде ұзақ жыл денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, сол жерден зейнет демалысына шықты.
Бұл күндері Азат зейнет демалысында. Алланың ықыласымен он бала сүйсе, қазір солардың барлығы да өмірден өз орындарын тапқан, үйлі-баранды боп, ата-аналарына немере, шөбере сүйгізіп отыр.
Қазақтың «Ауру қалса да, әдет қалмас» деген сөзі рас екен. Азаттың да жастайынан қанына әбден сіңіп, өмірлік хоббиіне айналып кеткен бір ісі – аңшылық. Ол аң үшін кез келген той-томалақ, салтанатты жиындар мен қайталанбас басқосулардан бас тартуға бар. Аңшылықтың қыры мен сырын жете меңгергендігі соншалық, жалғыз-жарым жүріп-ақ, бір топ аңшының кенелмеген олжасына бір өзі кенеліп жүретіні бар. Сауыр мен Сайқан, Тарбағатайдың ол шықпаған төбесі, ол кезбеген қолат-қойнауы мен сай-саласы, әй, жоқ шығар-ау. Аңшылық маусымындағы қарт Ертістен айыратын нәпәқалары ол бір бөлек әңгіме.
Сол Азат – менің арқа сүйер асқар тауым, достарымның ажарын ашар, қастарымның мысын басар айбарым 70 дейтін желмаяның жалына қолын салмақ.
70 жасың құтты болсын, жан аға!