Қоғам

Аспаздар шеберліктерін Алматыда шыңдайды

Өңірде шағым және орта бизнес өсіп-өркендеп келеді. Дәмхана, дүкен, мейрамханалар көптеп ашыла бастады. Бос жүрген адамдар жұмыспен қамтылуда. Бұл – ұлттық буржуазияны қалыптастыру саясатының жүзеге аса бастағаны.

Дегенмен әттең, ауданда монша аз. Әсіресе, қыс мезгілінде аудан орталығындағы бір-екі моншаға адам сыймай қалады. Осыны қолға алып, тұрғындарға жағдай туғызатын ешкім табылмады.

Айтайық дегеніміз, дәмді тағамдарымен көптің ризашылығына бөленіп жүрген, аспаздарының шеберлігі жоғары «Көктем» дәмханасы жөнінде. Тағамдары мақтауға тұрарлық, сапалы. Кейбір асхана, дәмханалар кешегі тамақтарын жылытып, әйтіп-бүйтіп беріп жатса, бұл ұжым күнделекті асты қолма-қол пісіріп, істерін адал атқарады.

Апалы-сіңлілі Бақытхан және Гауһар Нағызбекқыздары кәсіптерін өрге сүйреп, ел алғысына бөленуде. Он адамды жұмыспен қамтып отырған дәмханадан айналасындаға бүкіл мекеме қызметкерлері тамақтанады. Бақытхан Нағызбекқызының айтуынша, банкет, тойлардан бөлек, аптасына үш жүзден аса адам келеді. Еңбеккерлерінің айлығы – 130-140 мың теңге.

– Біз мұнда қызмет істейтіндердің әрқайсысын Алматыға жіберіп тұрамыз. Сонда бізбен шартқа отырған мейрамханаларда тәжірибеден өтіп келеді. Тағам дайындаудың заманауи технологияларын тиянақты меңгереді, – дейді дәмхана меңгерушісі Бақытхан Нағызбекқызы.

Мұнда Т.Сейітжанова, Б.Айдымбаева, А.Смайлова, А.Нұрпейісова, Р.Исакова, А.Өскенбаева, З.Қалиева сынды өз ісіне берілген қызметкерлер еңбек етеді. Сондай-ақ, жұмыскерлердің көбінің аспаздық сауаты бар. Түрлі тамақты қиналмай істейді.

Кәсіпкерлер алдағы уақытта бір мезетте екі жүз адамды қамтитын мейрамхана ашуды, алпыс адамға қызмет көрсететін қонақ үй салдыруды ойластыруда. Ішінде бильярд залы болмақ.

– Өз жұмысыма көңілім толады. Ұжымымыз ұйымшыл, бірлігіміз жарасып еңбек етеміз. Тағамдарымыз ел көңілінен шығып жатса, қуанамыз, – дейді осында жеті жылдан бері істеп келе жатқан Бақыт Айдымбаева.

Дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына биыл он жыл болды.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button