Аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсті, Алтайдың ақиығы тағы да бір
Қазақтың белгілі ақыны, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, өңіріміздің абыз ақсақалдарының бірі Серік ҒАБДУЛЛИН 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Халыққа қадірлі ақынды Шығыс жұртшылығы Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрында соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар, өңіріміздің өнер адамдары, марқұмның жерлестері мен туыс-туғандары, сондай-ақ, өнерге өзі баптап, жетілдірген шәкірттері қатысты.
Қаралы жиынға жиналған зиялы қауым өкілдері ақынның қазасы тек Шығыс Қазақстанның, Өскеменнің ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің орны толмас қайғысы екенін айтты.
Қаралы жиында Алматыдан арнайы келіп, еліміздегі қаламгерлер қауымының атынан сөз алған ақын Ұлықбек Есдәулет:
– Серік ағамыздың қазасы барлығымыздың да қабырғамызды қайыстырып кетті. Бұл – тек Шығыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл алаш жұртының, қазақ әдебиетінің орны толмас ауыр қайғысы. Біз бала кезімізден Серік ағамыздың өлеңін оқып өстік. Ол кісінің бірге оқыған жолдастары, көрнекті ақын Дүйсенбек Қанатбаев, қарымды қаламгер Төлен Әбдіков Серік ағамен бірге оқығандарын мақтаныш ететін еді. Дүйсенбек «бірге оқысам да, өлең жазуды Серіктен үйрендім» деп отыратын. Ал Серік ағамыз Мұхтар Әуезовтен дәріс алғанын мақтанышпен айтушы еді. Жалпы, осындағы ақындардың көбі – Серағаның алдынан өтіп, мектебінен дәріс алып шыққандар, – деп ақынға арнаған жоқтау өлеңін оқыды.
Сонымен қатар, қаралы жиында ақынның замандасы, жазушы Борис Щербаков және жерлестері, ауылдастары атынан Ұлан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Құнанбаев сөз алып, Серік Ғабдуллаұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайтынын және қаламгердің соңында қалған туындылары халқымен бірге жасай беретінін атап өтті.
Киелі өлең өлкесінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, «Алтайдың асуларын» асқан ардақты ақынның артында оннан астам кітаптары қалды. Қоғамға қосқан қомақты үлесі қалды. Бір кездері Өскеменде өзге ұлт өкілдері үстемдік етіп тұрғанда ұлт үшін жасаған қадау-қадау, ерлікке бергісіз еңбектері мен өзі мұрындық болып құрған «Шабыт» ақындар мектебі қалды.
Иә, оның бұл мектептен ұшқан түлектерінің өзі қазір республикаға белгілі қаламгерлерге айналды. Адам баласының арманы таусылған ба?! Биыл сол ақындар мектебі – «Шабыттың» құрылғанына 20 жыл толатын еді. Абыз ақын сол мерейтойды шәкірттерімен бірге дүркіретіп тұрып өткізсем деп жүруші еді. Оны бірақ орындай алмай кетті.
Марқұмға туған жерінен топырақ бұйырып, кіндік қаны тамған Ұлан ауданы, Шымқора ауылындағы зиратқа жамбасы тиді. Ақынның ендігі ғұмыры артында қалған құнды дүниелері – кітаптары арқылы елінің игілігіне жарай берері сөзсіз.
Есімі жүректерге жазылатын,
Ұрпақтар жырларынан саз ұғатын.
Еркелеп, ел-жұртының ортасында,
Өмірден өтті бүгін нағыз ақын.
Ғұмыры – ұлан-ғайыр мағына-жыр,
Алашым, ақыныңды сағына жүр.
Аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсті,
Алтайдың ақиығы тағы да бір.
(Ақын Ұлықбек Есдәулеттің қаралы жиында оқыған өлеңі)
Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:
– Алаштың айтулы ақындары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтің замандасы болған, қазақтың мүйізі қарағайдай талай-талай көрнекті жазушыларымен қатар әдебиетке келген Серік Ғабдуллин Шығыстағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегіндей, абыройлы, абыз ақсақалымыз еді. Алтын діңгегіміз құлады.
Серік Ғабдуллин әдебиеттің ордасы Алматыда, қазақтың мемлекеттік университетінде оқып, білім алса да, туған жеріне туын тігіп, саналы ғұмырын Шығыс Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Өскемендегі алғашқы қазақ мектептерінің ашылуына атсалысып, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті.
Мұратхан Кенжеханұлы