Аспалы көпір жаңаша аталады
Облыс әкімі Даниал Ахметов қаланы абаттандыру жөніндегі кеңесте аспалы көпірге лайықты ат беру туралы ұсыныс жасады. Себебі бұны халық «жапондықтар тұрғызған көпір» деп атап кетіпті. Енді ұлттық мазмұнға сай көпір аталымы болуы қажет.
– Бұл бүкіл әлемдегі қалыптасқан тәжірибе,- деді облыс басшысы, – мұндай үлкен архитектуралық нысандардың, көпірлердің өзіндік аты болуы тиіс. Қала тұрғындарының осы мәселе бойынша не ойлайтынын білгім келеді. Өздерінің ұсыныстарын енгізсін, байқау жариялаңыздар. Ең үздік жобаның авторы таңдалынуы тиіс. Бұл жұмыс жауапкершілікпен атқарылсын. Біз осы көпірді жарықтандыру мәселесін ұзақ талқыладық. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге 340 миллион теңге бөлінеді. Қазақстанның басқа қалаларында мұндай бірегей көпір жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары осыны мақтан тұтуы қажет.
Қала әкімінің айтуынша, Семейдің аспалы көпірімен қатар, көптеген аулалары да жөндеуден өтеді. Мәдени-бұқаралық нысандар, сондай-ақ жалпы құны 6 миллиард теңгеден астам балалар спорт алаңдары орнатылатын 32 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қаладағы басқа да ұсақ саябақтар мен скверлерді жөндеу үшін бір млрд теңге қарастырылған.
Раушан Нұғманбекова
Семей.