Қоғам

Аспабы барлардың ақшасы үнемделіп жатыр

Аспабы барлардың ақшасы үнемделіп жатыр


Қалада жарықтан өзге жылуға, суға, қоқысқа, пәтер иелері кооперативіне, домофонға дейін коммуналдық қызметтер төлемін төлеу керек. Бүгінде Өскеменде орталықтандырылған жылу қызметін пайдаланып отырған 3 469 үй бар, олардың 1569-ы көппәтерлі тұрғын үйлер, 1900-ы жекеменшік үйлер. Осы үйлердің 1094 -іне жалпыүйлік есептеу аспаптары (ЖҮЕА) қойылған, соның 365-і көппәтерлі тұрғын үй, 738-і жеке меншік үй. ЖҮЕА орнатқан үйлердің тұрғындары бұл құралдың пайдасын көріп келеді. Оның тиімділігі неде? Басқалардың қолы неге мұндай құралға жетпей отыр?

ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІГІ ЖОҚТАР ЖЕҢІЛДІКПЕН ТӨЛЕЙДІ

2016-2017 жылдардағы жылыту кезеңі бойынша төлемді санаудың талдауы көрсеткендей, ЖҮЕА бар үйлерде тұрғын үйлерді жылытудың үнемі орташа алғанда 20% – дан 40% дейінгі көрсеткішті құраған. Бұл есептеу аспаптары бар үйлердегі пәтер иелерінің осыншама қаржыны үнемдеп отырғанын көрсетеді.

ЖҮЕА жоқ тұрғындар жылуға 12 ай бойы төлесе, жалпыүйлік есептеу аспабы барлар төлемақыны жылу берілетін алты ай көлемінде ғана төлейді. Аспаптар орнатылған үйлер нақты берілген жылуға байланысты төлесе, аспабы жоқтар бір жылдық тұтыну нормасы бойынша оны 12 айға тең бөле отырып төлейді.
Өскемендіктер қазір жылу қызметінің төлемдерін үш түрлі дифференциялды тариф бойынша төлеп келеді. ЖҮЕА барларға арналған, ЖҮЕА орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ үйлерге арналған және ЖҮЕА орнатуға техникалық мүмкіндігі бар бола тұрып есептеу аспаптарын орнатпаған үйлерге арналған тариф бойынша.

2018 жылдың қаңтарынан бастап қалада ыстық су мен жылуға жаңа тариф енгізілді. Үйлерінде ЖҮЕА бар жеке тұлғалар қазір жылуға 2 мың 99 теңге, ЖҮЕА орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқтар пәтердің әр шаршы метріне 61 теңге 39 тиын, аспаптарды орнатуға мүмкіндігі бола тұра орнатпағандар 73 теңге 63 тиын төлеуде. Жылу жүйелері мекемесінің мамандары ЖҮЕА орнатылған үйлерде тұратындар жылу қызметіне 30-40 пайыз көлемінде аз шығын жұмсайтынын айтады.

Сонымен қатар ЖҮЕА орнатылған үйлердің тұрғындарына биылдан бастап жылуға ерте, 1 қыркүйектен бастап қосылуына мүмкіндік туды, сондай-ақ аспаптары бар үйлерде жылу беруді 31 мамырға дейін ұзартуға да болады. Үйлер жылуға қосылу үшін жылу қабылдауға техникалық жағынан дайын болуы тиіс. ПИК жылумен қамту мекемесіне үйдің жылуға қосылуға техникалық жағынан дайын екендігі туралы акті беруі және үй тұрғындарының жылу қызметіне қарызы болмауы керек.

Қазір бір ЖҮЕА құралының бағасы 700 мың теңге шамасында тұрады. Сол себепті тұрғын үй пәтерлерінің иелері қалтаға салмақ салатын бұл аспаптарды орнатуға құлықсыздық танытып, есесіне ай сайын артық ақша төлеп жүр.

Алайда, қалада ЖҮЕА орнатуға болмайтын апаттық жағдайдағы және техникалық мүмкіндігі жоқ делінген 598 үй бар. Бұлар аспаптарды орнатуға қолайлы жертөлелері жоқ немесе шағын қазандықтар арқылы жылытылып жатқан, сондай-ақ негізгі жылу құбырының үстінде тұрған үйлер.

Жылумен қамтып отырған «Өскемен жылу жүйелері» АҚ инвестициялық бағдарламасы бойынша кәсіпорынның өз қаржысы есебінен ЖҮЕА құрылып жатқан үйлер де бар. Биыл қаладағы 20 шақты үйге бағдарламамен осындай аспаптар құрылған.

ҚАЛАЛЫҚТАРҒА 152 млн. ТЕҢГЕ ҚАЙТАРЫЛЫП БЕРІЛДІ

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Вера Болтовскаяның айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында Өскемен қаласының тұрғындарына (ЖҮЕА жоқ үйлерде тұратын тұтынушыларға) 152 млн. 613 мың, Семей қаласының тұрғындарына 1 млн. 400 мың теңге көлемінде жылу қызметінің артық төлемдері қайтарылып берілген.

-Өскемен қаласы бойынша былтырғы желтоқсанда тұрғындарға артық төлемдер толық қайтарылды. Пәтердің әр шаршы метріне шамамен 37 теңгеден қайтарылғанда, ауданы 50 шаршы метр болатын бір пәтер иесіне орта есеппен 1 мың 500 теңге қайтарылды. Артық төлем жыл сайын жалпыүйлік есептеу аспаптары жоқ үйлердің тұрғындарына қайтарылып келеді. Өскемен қаласында қайтарылып берілген соманың көлемі үлкен болып отыруы қалада жалпыүйлік жылу есептеу аспаптарының аздығына байланысты болып отыр. Өскеменнің көпқабатты тұрғын үйлері жалпыүйлік жылу есептеу құралдарымен 30 пайыз, Семей қаласы 80 пайыз көлемінде жабдықталған. Жылу қызметіне кеткен артық шығын жалпыүйлік есептеу аспаптары орнатылмағандарға бір жылдық төлем есебі нормасы негізінде есеп айырысу арқылы жыл сайын қайтарылып отырады, сондықтан сәйкесінше ЖҮЕА мен қамтылу көлемі әлдеқайда жоғары Семейде артық төлем мөлшері аз шығып отыр, – дейді департамент өкілі.

Заң бойынша ЖҮЕА монополиялық субъектілер орнатып, кеткен шығынды тұрғындар өтеуі шарт. 1998 жылғы \”Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы\” Заңға сәйкес реттелетін коммуналдық қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілері тұтынушыларға реттелетін коммуналдық қызметті есептеу құралдарын сатып алуға және оларды орнатуға міндетті, ал реттелетін коммуналдық қызметтер көрсетілетін тұтынушылардың реттелетін коммуналдық қызметті есептеу құралдары болуы міндетті, қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) сатып алу шартына сәйкес тұтынушылар реттеліп көрсетілетін сатып алынған және орнатылған коммуналдық есеп құралы үшін уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге міндетті.

Облыс орталығы тұрғындарының айтуынша, қалада жылумен қамту өте жақсы жолға қойылған, үйлер жылы. Өскеменде орталықтандырылған жылумен қамтылатын ықшам аудандар аумағы да ұлғая түсуде. Былтыр «ӨЖЖ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламалары іс-шараларын орындау нәтижесінде Өскемен қаласының №2 қазандығынан 19-тұрғын үй ауданына дейінгі жылумен жабдықтау магистральді желілерінің құрылысы» жобасы жүзеге асырылып, қаланың 19-тұрғын ауданындағы жеке меншік жаңа үйлер мен нысандар орталықтандырылған жылуға қосылды. Бұрыннан бар нысандардың жылу тұтыну режимі төмендетілмей жаңа аудан сенімді және сапалы жылумен қамтамасыз етілді.

Жылу жүйелері мекемесінің « Өскемен қаласының Үлбі кентін жылумен жабдықтау» жобасы Үлбі кентінің 530 жеке тұрғын үйлерін орталықтандырылған жылумен қамтуға қосуды қарастырып отыр. Бүгінгі күні бұл ауданда орталықтандырылған жылуға «Өскемен жылу жүйелері» АҚ мен жылумен қамтуға шарт жасасқан 90-нан астам жеке тұрғын үй қосылды.

Талғат Қаиркенов, «ӨЖЖ» АҚ техникалық директоры:

-«ӨЖЖ» АҚ Өскемен қаласын экологиялық қауіпсіз және сенімді жылумен қамту мақсатында 2016- 2020 жылдар аралығындағы 5 жылдық кезеңде орталықтандырылған жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға, жылу желілеріндегі ысыраптарды азайтуға, техникалық қайта жарақтандыруға, тозығы жеткен техникалық жабдықтарды ауыстыру және қайта құруға және т.б. арналған 200-ге жуық жобаны жүзеге асырып жатыр. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие қаражаттары есебінен және кәсіпорынның өз қаражаттары есебінен инвестициялық бағдарлама бойынша өткен жылы 1 961 млн. теңгенің жобасы жүзеге асты.

Қаланың «Лениногорская көшесі 1а бойындағы сорғы станциясын қайта құру» жобасын жүзеге асыру Защита шағын ауданының нысандарын (22,3 Гкал/сағ. жылу жүктемесімен 323 жылу пайдалану нысандары) сенімді және сапалы жылумен қамтамасыз етумен қатар, жаңа нысандардың жылуға қосылуына мүмкіндік беріп отыр.

№3 қазандықтың технологиялық жабдығын автоматтандыру жүйесі мен электр жабдығын жөндеу қашықтықтан бақылау мониторингін жүргізуге және желілік су сорғы қондырғылары жұмысының көрсеткіштерін реттеуге және де №3 қазандықтың деаэраторы жұмысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік берген.

Күрделі жөндеулер қазандық агрегатының ПӘК артуына, табиғи отынды үнемдеуге, қазандық агрегаттары машиналарының электр энергиясын тұтынуын азайтуға әкелген. Инвестициялық бағдарламаларды орындау жылу желілеріндегі ысыраптардың және бір бірлік өнімге қажетті энергетикалық ресурстарды пайдалану (жылу энергиясын өндіруге шартты отынның нақты үлестік шығыны, көмір қазандықтарындағы электр энергиясын тұтыну) көлемінің жыл сайынғы төмендеуін қамтамасыз етпек.

2017 жылғы сауалнама жүргізу нәтижесі бойынша тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып Өскемен жылу жүйелері» АҚ «Astana – Plat» ЖШС-мен бірлесіп жылу энергиясына комиссиясыз төлем жасайтын терминалдар санын ұлғайтуда.

Комиссиясыз төлем қабылдайтын терминалдар келесі мекенжайлар бойынша орналасқан:

Тәуелсіздік даң., 1/1 («Статус» дүкені)
Рабочая к-сі, 6/2 ( «ӨЖЖ» АҚ ғимараты)
М.Горького к-сі, 61 («ӨЖЖ» АҚ ғимараты)
Өтепов к-сі, 13 («Достык» дүкені, оң жақ қанат)

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ

Оқытушы студентке:

-Көпқабатты тұрғын үй құрылысынан құрылысшы құлап кетті, ең бірінші кезекте не істеу керек?

-Алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыру керек. Жоқ , полицияға хабарлау керек
Оқытушы: -Ең алдымен басына каска киізіп, беліне сақтандыру белбеуін байлай қою керек, әйтпесе полиция өзіңе келеді…

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button