Қоғам

Қаскелеңнің қасқасы аламанның алдын бермеді

Қаскелеңнің қасқасы аламанның алдын бермеді
Тарбағатай ауданында Ырғызбай Досханаұлына арнап ас беріліп, аламан бәйге болды. Екпін ауылының бәйге төбесін дүбірге бөлеген қылқұйрықтар бәсекесінде еліміздің жеті облысынан келген жүзден аса жүйрік бақтары мен баптарын сынады.
Ат жарысын тамашалауға келген жұртқа жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, ақындарымыз төгілтіп өлең оқыды.
15 шақырымдық топ бәйгеде Алматының «ЭКСПО» деген сәйгүлігі мәреге бірінші жетіп, бәйгеге тігілген көлікті еншілесе, екінші жүлде Екібастұздың «Графиния» атты тұлпарына жазылды. Бұл қашықтықтағы қалған орындарын Семей және Тарбағатайдың арғымақтары иеленді.
Сондай-ақ, құнан жарысында да жергілікті жылқылардың бағы жанды. Бұл сындағы бас бәйгені Тарбағатайдың «Стриж» атты құнаны иеленді.
Жарыстың қызығы жорғада дейтін көрермен орталық трибунаның алдынан әсем басып өткен жорғаларды көргенде әсіресе, Оңтүстік өңірден келген қонақтар орындарынан тұрып кетті. Жорғалар да желдей есіп ағып жөнелді. Алғашқы айналымда Көкпекті ауданының су жорғасы топтың алдын бермей келе жатқан, алайда, екінші айналымда семейлік Артем Богренов баптаған «Европа» атты қылқұйрық суырылып шықты. Дегенмен, сәуегейлер айтып ауыз жиғанша, сонау Алматы облысының Жамбыл ауданынан әкелген «Бумер» дейтін су төгілмес жорғасы көмбеден жұлдыздай ағып бірінші өтті. Ырғызбай бабаның асына тігілген тағы бір темір тұлпар алматылықтардың еншісіне бұйырды. Бұл жорға тегін бәйге алмапты. Ол кешегі әлемді мойындатқан атақты «Абсенттің» тұқымы болып шықты.
Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген бар. Тай жарысында Зайсаннан келген «Сүйінші» атты тай көмбеге алдымен жетсе, оның ізін ала жармалық «Алтынай» және талдықорғандық «Еркежан» деген болашақ тұлпарлар жетті.
Шаңқай түсте көптен күткен аламан басталды. Ең ұзақ қашықтықтағы бәйгеге тұяғынан ұшқын шашқан 57 тұлпар қатысып, Барқытбелдің бауырын шаңға көмді. Әр айналым сайын екпіндей шапқан Алматы мен Жамбыл облыстарының жылқылары ә дегеннен, аламанның алдын бермеді. Тіпті, Қаскелеңнің «Қасқасы» бір айналым алға кетіп, сол шабыстан танбастан көмбеге жеке дара келді. Сөйтіп, аламанға тігілген темір тұлпар қаскелеңдік Қасқаның «қанжығасына» байланды. Жамбылдың «Бақторысы», Алматының «Лашыны» үздік үштікті түйіндесе, аламанға тігілген бес жүлденің бірі Көкжыраның «Сұлу торысына» бұйырды.

Қадырбек КӘКІМҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button