Қоғам

Қасиеті мәлім пантының пайдасын қашан көреміз?

  Қасиеті мәлім пантының пайдасын қашан көреміз?

Катонқарағайдан шыққан көлігіміз Ақсуға дейін шоқырақтап біраз уақыт жүріп барды. Қайрақ тасты қасқа жолдың жөнделіп, жөнге келтірілген түрі екен бұл. Бұрын қара батпақтанып, сиыр соқпағындай болып бұдан да жаман күйде жатыпты. Шығыстың бір бренді саналатын, аты көптің аузында жүрген панты өнімдері осы Ақсуда, «Ақсу ДЭЕН» серіктестігінде өндіріліп жатыр.
Кезінде оңтүстіккореялықтармен бірлесіп ашылған бұл кәсіпорын осыдан бірнеше жыл бұрын өзге өңірден инвестор болып келген «Екі дос» фирмасының қарамағына өткен болатын. «Ақсу ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің өндірістік ғимаратына енген бізді өндіріс меңгерушісі Альмира Лұқбекова қарсы алды. Өндірістің басы да, аяғы да, ірісі мен кішісі де осы меңгерушінің бақылауында, басқаруында.
Түкпірдегі кішкене ғана ауылдың бір шетіндегі шағын ғимараттың ішінде бұрын көз көрмеген көрініске, өзгеше өндіріске тап болдық. Марал мүйізінен алынатын бағалы панты өнімдері осы жерде жасалып, шығарылуда.
– Өндірісте 21 адам жұмыс істеп жатыр. Бәрі осы ауылдан. Жылына 120 млн. теңгенің панты өнімдерін және дәрілік шөптер негізіндегі өнімдер түрлерін шығарамыз. Қазақстанда біздің зауытымыздағыдай қондырғы ешқай жерде жоқ, технологиялық тиімділігі, сапасы жағынан, қай жағынан алсақ та. Биыл біздің зауытқа 20 жыл толды, 1996 жылы осы құралдардың бәрі Кореядан сатылынып әкелінген болатын. Ол жақтың мамандары өздері келіп, құрып, үйретіп кетті. Ол кезде кәсіпорын кореялықтармен бірге бірлескен кәсіпорын ретінде ашылғанын білесіздер. Қазір кәсіпорынның инвесторлары – бұрын басқа салада жұмыс істеген өзіміздің отандық кәсіпкерлер. Бас кеңсеміз Алматыда, дайын өнімдер де алдымен Алматыға жіберіліп, сол жақтан шетелге, өзіміздің облыстарға шығарылады. Өскемен мен Семейде де біздің өнімдерімізге деген сұраныс артып келеді, барлық қалаларда арнайы сауда желілеріміз бар. Кейінгі жылдары әсіресе, Семейдегі денсаулық сақтау саласы мекемелерінің панты өнімдеріне деген сұранысы көбейіп келеді. Қазіргі күні өндірісіміз ырғақты жұмыс істеп тұр. Негізінен өнімдер Оңтүстік Кореяға шығарылады, – деп «Ақсу-ДЭЕН»-нің жұмысымен, тыныс-тірлігімен таныстырған Альмира Лұқбекова бізді мүйіз кесіп, панты қабыршақтарын дайындап жатқан цехқа қарай бастап жүрді.

  Қасиеті мәлім пантының пайдасын қашан көреміз?

Марал мүйізін кесіп жатқан аға оператор Талғат Жоконасов оның қатырмалар жасауға жарайтындай жоғары жағын ғана жіңішкелеп тіліп, бөліп алып жатыр. Күннің көзі көрінердей етіліп жұқаланып кесіліп алынған қабыршақтар тазаланып, арнайы жәшікке салынып, осы күйінде Оңтүстік Корея еліне жөнелтіледі екен. Әрқайсысы 75 грамдық панты қабыршақтарының бір жәшігі 9 мың теңгеден экспортталып келеді екен. Панты қабыршақтары пайдалануға дайын өнім, оны ұсақтап тамаққа қосуға, шайға қосып ішуге де болады. Иммунитетті көтеретін, сүйек ауруларын емдеуге пайдаланатын, күш-қуатты көбейтетін, басқа да емдік қасиеті көп табиғи панты қабыршағын ештеңеге қоспай, құрт пен ірімшік сияқты жай жеуге де болатынын айтты технологтар. Панты өнімдерін сатып алып жатқан кореялықтар оның толып жатқан бізге белгілі, белгісіз құпияларын біліп, қолданып, елін емдеп келеді. Өндірістегі аса бағалы өнім – осы марал мүйізінің қабыршақтары мен мүйізден, панты қанынан жасалатын панты өнімдері.
Төр Алтайдың тау шөптерін кептіріп, қайнатып, емдік шырын, бальзам түрлерін шығарып жатқан өндірістің технологы Жанат Бакина табиғи шөптердің сан мың ауруға шипа болар кереметін тәптіштеп айтып берді. Биологиялық белсенді қоспалар мен дәрілік препараттар шығаратын панты өнімдерінің фармацевтикалық цехында тау шөптері, бал өнімдері қосылған емдік қоспалардың да көптеген түрі шығарылады. Мұнда жылына 400 келі панты өнімдері өндіріліп жатыр. Шикізат болса, зауыттың мүмкіндігі бұдан әлдеқайда көп көлемде өнім шығаруға жетеді. Панты «Екі дос» ЖШС-не қарасты «Ақсу» марал шаруашылығының екі бөлімшесіндегі маралдардан алынып келеді. Күзде шаруашылықтардың зауытқа өткізген мүйіздері жазға дейін өңделіп, пайдаланылады.
Катонқарағайлық маралшылар аса бағалы деп саналатын панты өнімдерінің құны бүгінде тым төмендеп кеткенін айтты.
– Егер 90-жылдары бірінші класты панты 1200 АҚШ доллары тұрса, қазір 200-350 доллар ғана тұрады. Мыңдаған шақырым марал қоршаулары да жөндеуді қажет етеді. Қоршаулардың сынып, бұзылуынан шаруашылықтардың маралдары қашып кетіп, жоғалып, ит-құсқа жем болып та жатады. Ұлт денсаулығын жақсартуға, экономикасын өркендетуге тигізер пайдасы мол марал шаруашылығын қайтадан дамыту үшін саладағы осы және өзге де ортақ проблемаларды шешетіндей, марал шаруашылықтарына қолдау көрсететіндей арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Селекциялық жұмыстардың болмауынан, тұқым жаңарту шараларының ұмыт қалуынан маралдардың өнімділігі, өсіп-өнуі төмендеп кетті, – дейді Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереев.
Қазіргі күні Катонқарағай ауданында алты мыңға тарта марал мен теңбіл бұғы бар. Күршім, Зырян, Ұлан аудандарындағы марал шаруашылықтары да марал ұстап отыр. Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруашылыққа шыр бітетінін 2010 жылдан бастап облыстық бюджеттен марал шаруашылықтарына бөліне бастаған субсидияның нәтижесі көрсетіп отыр. Алты жылдан бері Катонқарағай ауданында 140 млн. теңге субсидия игеріліп, жыл сайын құрып бара жатқан жануарлар басының кемуі сап тиылған, сонымен бірге өңірде пантымен емдеу орталықтары көптеп құрылған. Нығайып келе жатқан марал шаруашылықтары туристік қызмет көрсету нысандарының қатарына қосылып жатыр.
Табиғатын тілмен жеткізу қиын таңғажайып өңірдің сәнін келтіріп жүрген бесінші түлік – маралдың мүйізінен алынатын өнімдердің, пантының қасиетін, қадірін халық енді-енді біліп келеді. Білгенімен, оны қолданып, пайдасын көре алып жатқан жоқ. Құрамында бәленбай түрлі амин қышқылы бар, өкпеге, көзге де ем, қартаюдан сақтайды, дертке дауа деген панты өнімдерін сатып алуға, пантымен емдеу орындарына баруға екінің бірінің қолы жетпейді, қалтасы көтермейді. Маралшылардың өздері де қазіргідей панты өнімдерін шетке шығару көлемі азайып, бағасы түсіп жатқан кезде марал санын ұлғайта отырып, бұл өнімді ел ішінде көптеп тұтынған жағдайда сұраныс көбейіп, тиімділігі анағұрлым артар еді дегенді айтады. Қасиеті көп өнімді шетке арзанға сатқанша, ұлт денсаулығы үшін пайдаланғанымыз дұрыс деседі. Бірер жыл бұрын Өскеменде өткен маралшылардың дүниежүзілік конгресінде тағамтану саласының мамандары тарапынан панты өнімдері елдегі зиянды, ауыр өндірістерде жұмыс істейтіндердің тамақ рационына қосылса деген де пікір, ұсыныстар айтылды. Конгресте Алтайдың тау-тасын кезіп, емін-еркін жайылып жүрген жануарлардың мүйізі, пантысы басқа елдердегіден әлдеқайда сапалы екендігі де айтылды.
«Қолда бар дүниенің қадірін біліп, пантының пайдасын өз халқымыз қашан көрер екен?» деген оймен жолға шықтық. Тап-таза ауа, жым-жырт дүние. Ұшқындап жауған қар қыс хабарын жеткізіп жатыр. Артымызда терең құз бен шаттарды, тасып аққан тау бұлақтарын қоныс қылған кербұғылар, кермаралдар мекені қалып бара жатты.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button