Қоғам

Ашықтық пен сапаны қамтамасыз етеді

Ашықтық пен сапаны қамтамасыз етеді


Үш жылдың ішінде балабақша, мектеп, емхана, аурухана, мәдениет үйлері сияқты мекемелер біртіндеп мемлекеттік сатып алу процедураларынан босатылатын болады. Мұғалім бала оқытуы керек, ал дәрігер науқасты емдеумен айналысқаны жөн. Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев облыс орталығында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға 2019 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген өзгертулерді түсіндіруге қатысты жиында осылай деді.
Қаржы вице-министрі өзекті тақырып төңірегінде аймақтық семинар өткізуге қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын жеткізді. Семинарға Алматы, Павлодар облыстарынан мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысты.

Вице-министр түсіндіргендей, заңдағы жаңашылдықтар үш блоктан тұрады. Алдымен мемлекеттік сатып алу процедураларын жеңілдету, жеткізушілердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ бір көзден сатып алатын үлесті азайту қарастырылған.

– Біртекті қызметтер мен бір көзден алынатын жұмыстарды мемлекеттік сатып алудың төменгі сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін өседі. Бұл балабақша, мектеп, емхана мен аурухана, интернаттар мен қарттар үйі сияқты мемлекеттік мекемелер үшін әдейі енгізіліп отыр. Келешекте бұл мекемелерді өздерінің қызметіне қатысты емес функциялардан біртіндеп босату керек. Сонымен қатар енді сатып алынатын тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге болады, – деп атап өтті Руслан Бекетаев.

Жаңа өзгерістер мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды кәсібилендіруге, ашықтық пен сапаны қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, құрылыс саласында қызмет көрсететін жеткізушілерді алты категория бойынша іріктеу олардың арасындағы біліктіліктерін анықтауға мүмкіндік береді.

Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу шеңберінде енді екі жыл бойы бір көзден 300 АЕК мөлшеріне дейін (бұл 7,5 миллион теңгеден артық) мемлекеттік сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бұл ауыл әкімдерінің мемлекеттік сатып алуды қалай жүргізу қажеттігін түсінуі үшін жасалып отыр.

Спикердің атап өткеніндей, мемлекеттік мекемелер үшін тағы бір қолайлы тұсы – 2,5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік сатып алуға тапсырыс бергенде, тауардың фирмасын көрсетіп қоюға болады. Мысалы, шартты түрде алғанда, Самсунг фирмасының компьютеріне принтер алу қажет болса, компанияның атын жазу керек. Бұрынғы заңға сүйенсек, басқа компаниялардың да принтерлерін алуға болатын. Осылайша, тендермен алған техниканың бағдарламасы компьютерге сәйкес келмей, бюджеттің ақшасы желге ұшқан жайттар кездесіпті. Бүгінге дейін көпшілік мемлекеттік сатып алу жүйесін сапасыз тауарларды алуға ғана жасалған деп орынды сынап келгені белгілі. Осы өзгертудің нәтижесінде қалаған сапалы тауарды алуға мүмкіндік берілгені орынды-ақ. Алайда, сол жерде сұрақ қойған, отандық кір жуатын ұнтақ шығаратын фирманың басшысы бұл норманың қолайсыз тұсын да ортаға салды. Сөзіне қарағанда, өнімдерінің сапалы әрі бағасының қолжетімді болуына қарамастан, олардың фирмасы әлі танымал болмағандықтан, әлеуетті жеткізушілердің реестріне енбеген, сол себепті тендер ұтып алуға ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Руслан Бекетаев әлеуетті жеткізушілерді іріктеуде олардың айналымдағы қаражатының мөлшеріне, негізгі қаржысының көлеміне, еңбекақы төлеу қорына және төленген салықтарының көлеміне мән берілетінін айтты. Ендеше, енді аяқтарынан тұрып келе жатқан отандық өндірушілер үшін салықтары миллион теңгемен өлшенетін алпауыт компаниялардың қатарына ілігу екіталай.

Дегенмен вице-министр отандық тауар өндірушілерді қолдаудың халықаралық нормаларға сәйкес басқа түрлері бар екенін айтып берді. Ресей Федерациясының тәжірибесі басшылыққа алыныпты. Қазақстан Үкіметі тауар өндірушіні ұлттық режимнен алып тастай алатын жағдайлардың тізімін бекітіпті.

-Егер облыста қандай да бір ірі инвестициялық жобаны қолға алатын болсаңыздар, осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар. Министрлік ондай жобаға жеңілдіктер жасай алады, – деп пысықтады вице-министр.

Алдағы уақытта Қаржы министрлігі жеткізушілерді өздері анықтап беретін болады. Әлеуетті жеткізушілер тапсырыстарын алдын ала қаржылық қамтамасыз етпесе, оларға басқа қатысушылардың құжаттарын көруге тыйым салынады. Антидемпингтік шараларды енгізу арқылы тәжірибесі мол компания жеңіп шығады. Ол үшін министрлікте тәжірибе мәліметтерінің базасы жасалады. Мәліметтердің нақтылығын Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тексеріп отырады. Елімізде іс-тәжірибесі мол 400-дей компания белгілі. Егер қатысушылардың тәжірибелері бірдей болса, онда, жоғарыда айтқанымыздай, салықты көп төлеген фирма жеңіске жетеді. Веб-порталда жеткізушілерді таңдаған кезде олардың тәжірибесі автоматты түрде шығып тұрады.

Қосымша келісімшарттарды бекітуде де өзгеріс бар. Мысалы, бұрын тендерді 100 миллион теңгеге ұтып алған тұлға қосымша келісім құжаты арқылы оны 1,5 миллиард теңгеге дейін соза беретін. Енді тек үнемделген қаржыға ғана ұзартуға болады. 100 миллион теңгенің 10 миллионы үнемделсе, осы сомаға ғана қосымша келісім бекітіледі. Салалық министрлік қайта тендер өткізу мерзімін 45 күннен екі аптаға дейін қысқартып тастады. Бұл бір көзден сатып алуға жол бермейді деп болжайды министрліктегі шенеуніктер. Қазіргі таңда құрылыс саласында сатып алулардың 80 пайызы бір көзден алынады екен. Өткен жылы қылмыстық атқару жүйесінің «Еңбек» мекемесі барлық тендерлерді жалғыз өзі ұтып алып, ары қарай субмердігерлерге беріп отырған. Бүгінгі таңда бұлай істеуге заңды түрде шектеу қойылды.

Аудиторларға шағымдануға болады

Вице-министр тоқталған тағы бір жаңалық – енді аудит электронды түрде қашықтықтан жүргізіледі. Ескі заңнама актілеріне сай, электронды аудит кезінде қатысушы өзінен табылған кемшіліктермен келіспесе де, кері байланыстың жоқтығынан, оны айтатын мүмкіндігі болмаған. Қазір министрлік жүргізген реформаның нәтижесінде аудиторлардың көмекшілері бар, сонымен қатар аудитордың ескертулерімен келіспеген жағдайда тікелей Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне шағынуға болады. Егер комитет көмектеспесе, онда министрліктегі аппеляция комиссиясы қарап, төрелігін айтады. Вице-министрдің айтуынша, Энергетика министрлігінің шағымын қараған кезде комиссия аудиторлардың ескертулерінің 60 пайызын заңсыз деп тауып, алып тастапты.

-Сіздер аудиторлардың шешімімен келіспеген жағдайда оны актілеуге көнбеңіздер. Өздеріңізді қорғауға жағдай жасап отырмыз. Сонымен қатар аудиторлардың да деңгейі өседі. Егер министрліктің аппеляциялық комиссиясы аудиторлардың шешімдерін орынсыз деп тапса, онда олар тәртіптік жауапқа тартылады, – деп ескертті спикер. Былтыр аудит қорытындыларының 3 пайызымен келіспеушілік білдіріліпті.

Веб-портал қызметі ақылы

Заңдар мен ережелердегі барлық процедуралар веб-порталда жүргізілетіндіктен, биылдан бастап оның қызметі ақылы. Бұл әлеуетті жеткізушілердің өз-өзінен іріктелуіне мүмкіндік берді. 2018 жылы порталда 224 мың әлеуетті жеткізуші тіркелсе, бүгінгі таңда бұл сан 41 мыңға дейін төмендеген. Сонымен қатар ақылы қызмет порталдың өзін-өзі ақтауына жол ашып отыр.

-Порталды ұстауға жылына 1,5 млрд. теңге жұмсалатын. Бұл қаржы құрал-жабдықтарды, бағдарламаларды жаңалауға аздық еткендіктен, порталдың жұмысына көңіл толмаушылық болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ғана ақылы қызметтен 2,5 млрд. теңге түсті. Бұл қаражат алдымен техниканы жаңартуға және контакт-орталықтың штатын кеңейтуге жұмсалады, – деді «Электронды қаржы орталығы» АҚ-ның жобалық әкімшілік департаменті жобасының басшысы Айжан Қайырбекова. Алдағы уақытта конкурстың кезеңдері жайында SMS-ақпарат жүйесін енгізу, бірегей тегін қоңырау шалу желісін ашу көзделген.

Заңға өзгертулердің бір бөлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Қалғандары кезең-кезеңмен біртіндеп енгізіледі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button