Қоғам

«Ashyq» мобильді қосымшасы қалай жұмыс істейді?

Енді өңіріміздің кәсіпкерлері карантинге қарамастан жұмыс істей алады. Өйткені «Ashyq» мобильді қосымшасы облыстарда да іске қосылып отыр. Бұл пандемия кезінде бизнесі тұралап қалғандарға тиімді болмақ. Айта кетейік, жоба алдымен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пилоттық түрде жүзеге асырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық мониторинг бизнесті жүргізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтіп, Үкіметке «Ashyq» жүйесін кеңейтіп, белсенді енгізуді тапсырған-ды. Жуырда Президент қабылдауында болған Үкімет басшысы Асқар Мамин 26 сәуірден бастап «Ashyq» қосымшасын барлық облыстар кең көлемде қолдана бастайтынын айтты. Жоба алдымен астана мен Алматыда пилоттық түрде енгізілген болатын. Бұл «қызыл» және «сары» аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов пандемия кезінде оның ведомствосы IT-қоғамдастыққа жүгініп, карантиндік шектеулер кезеңінде бизнестің жұмысын қамтамасыз ете алатын, жұқтыру қаупін азайтатын құрал жасап шығуға шақырғанын айтты. Бұл үндеуге сала маманы Виталий Пустовойченко жауап қатып, «Ashyq» қосымшасын жасап, оны министрлікке тегін табыстаған.

Оның мәні қысқаша түсіндіріп өтелік. Мәселен, адам боулингке (кинотеатрға, фитнес-клубқа) келеді, мобильді қосымша арқылы кіре берісте QR-кодты сканерлейді де мәртебенің қандай күйде жанатынын күтеді. Егер жасыл түс жанса, келуші деректер базасында Covid-19 теріс нәтижесімен ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде көрсетілген деген сөз, көк болса, ПТР-тестілеу нәтижелері жоқ, байланысушы ретінде саналмайды, сары – деректер базасында байланысушы ретінде көрсетілген, қызыл – Covid-19 оң нәтиже бергендер базасында тіркелген.

Әрі қарай, мекеме әкімшісі «көк-жасыл» қонақтарға еркін кіруге рұқсат береді, бірақ «қызыл-сарылар» кіре алмайды, сонымен қатар олардың әлеуметтік теріс қимыл-әорекеті туралы санитарлық дәрігерлерге хабарланады.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі «қызыл» мәртебесі бар азаматтардың қоғамдық орындарға барғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіп отыр. Өйткені, ПТР-тестінің оң нәтижесі анықталғаннан кейін әрбір жұқтырған адамға өзін-өзі оқшаулау және үй карантинін сақтау қажеттілігі түсіндіріледі.

«Ashyq» қосымшасының арқасында ел бойынша 560 «қызыл» және 134 «сары» келуші анықталған, күн сайын барлығы 48 мыңға жуық сканерлеу жасалады.

Жыл басынан бері («Ashyq» қосымшасы пилоттық түрде енгізілген кезден бастап) оны 235 мың қолданушы жүктеп алған. Бұл жаңашыл жобаға 340-тан астам алматылық қатысты, осы ретте олар көш бастап келеді. Ел бойынша барлығы 619 кәсіпкерлік нысаны мен ұйымы жобаға қатысуда, олар – фитнес-клубтар, йога орталықтары, СПА-орталықтар, компьютерлік клубтар.

– «Ashyq» жобасының мақсаты – қазақстандықтар «жасыл» аймақта жүргендей белсенділік танытулары үшін бизнес нысандарында қауіпсіз орта құру. Егер олар дертсіз болса, ПТР-тестінің теріс нәтижесі болса, онда адамдар қауіпсіз орта бар екенін біле отырып, объектілерге алаңсыз бара алады, – деп түсіндірді Әсет Тұрысов.

26 сәуірде жоба барлық өңірлерге таратылатындықтан, қосымшаның қуаты ұлғайтылып отыр, бұл оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

Пайдаланушылардың дербес деректерін қорғау үшін қосымша ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтуде. Серверлер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының қорғалған шеңберінде орналасқан.

«Ashyq» туралы қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығының базасында пайдаланушыларды техникалық қолдау желісі құрылды. Бизнес өкілдері үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 1432 колл-орталығын ұйымдастырды.

Жобалық кеңсе ұсынған жиі қойылатын сұрақтарға бірнеше жауаптар мыналар:

– Бизнес пен халықтың жобаға қатысуының артықшылықтары қандай?

– Негізгі плюс – қауіпсіздік. Қазіргі уақытта бизнес коронавирустың жаңа өршуінен туындаған шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Екінші жағынан, халық бұл режимге бейімделуге және әдеттегі қызметтен бас тартуға мәжбүр. «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, бизнес субъектісі қазірдің өзінде қабылданып жатқан санитарлық шараларға қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.

Қонақтар мен қызметкерлердің жұқтыру қаупі айтарлықтай төмендейтіндіктен, пилоттық жоба карантиндік шектеулер кезеңінде бизнес қызметін жалғастыруға не қайта бастауға мүмкіндік береді.

– QR-код кімге беріледі, бизнес субъектісіне ме, әлде келушіге ме?

– QR-код бизнес субъектісіне беріледі. Пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлер өздерінің QR-кодын InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы ала алады.

– QR-код дегеніміз не?

– QR-код – бұл бизнес субъектісінің атауы, орналасқан жері мен деректері көрсетілген электрондық сәйкестендіргіш. Бір объектіге кіру және шығу үшін кемінде екі QR-код беріледі. Егер мекемеде бірнеше кіру есігі болса, онда олардың әрқайсысы үшін жеке QR-код қалыптастырылады.

– Бұл келуші үшін қалай жұмыс істейді?

– Біріншіден, келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациядан өтіп, ЖСН енгізіп, өзінің келуін тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Сондай-ақ шығу кезінде шыққанын белгілеу үшін QR-кодын сканерлеу керек.

Келушіде смартфон болмаған немесе осы мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қиындықтар туындаған жағдайда мекеменің жауапты қызметкеріне қосымшаға келушінің ЖСН-ін енгізу арқылы кіргізу мүмкіндігі беріледі.

– Келушілерді мобильді қосымшада тіркеу не үшін қажет?

– QR-кодты сканерлегеннен кейін мобильді қосымшада келушінің мәртебесі түрлі-түсті форматта жанады, ол бойынша адамның байланыста болғаны немесе жұқтырғаны айқындалады.

– Қосымша келушіге қандай негізінде мәртебе береді?

– Мәртебе ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталының және денсаулық сақтау министрлігінің Covid-19 бақылау орталығының ақпараттық жүйелерімен салыстыру негізінде беріледі.

– Балаларға QR-кодты қолдануға бола ма?

– Қосымшаны тек еліміздің кәмелетке толған азаматтары ғана пайдалана алады.

– «Ashyq» мобильді қосымшасында өзге ел азаматтарын тіркеу қалай жүргізіледі?

– Жобада шетелдіктерді тіркеу көзделмеген. Болашақта оларды паспорт нөмірі бойынша тіркеу қарастыруда.

– ПТР-тест нәтижелері мен Covid-19 ауруы туралы ақпарат медициналық құпияны ашу емес пе?

– Жоқ, себебі қосымша ерікті болып табылады және ЖСН келушінің келісімімен енгізіледі. Бұдан басқа, денсаулық туралы кодекстің 273-ші бабына сәйкес «Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қаупі болған кезде адамның келісімінсіз мәліметтер алуға жол беріледі».

– Егер клиент «қызыл» немесе «сары» мәртебеге ие болса, қызметкер не істеуі керек?

– Кез келген адам вирустың тасымалдаушысы бола алады деп болжай отырып, стандартты сақтық шараларын сақтауы қажет. Егер клиенттің «қызыл» не «сары» мәртебесі анықталса, ол «күту аймағына» жіберіледі немесе мекемеге кіргізілмейді. Осы мәртебесі бар келуші туралы аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшесіне хабарлануы қажет.

– Егер қызметкер «сары» мәртебесі бар клиентті анықтаса, ол байланысушы қызметкер бола ма?

– Егер клиенттің «сары» мәртебесі болса, қабылдау қызметкері байланысушы болып саналмайды.

Өткен жылды қорытындылай келе, Оксфорд университетінің тіл мамандары «локдаунды» жыл сөзі деп таныпты. Биыл әлемдегі ең танымал сөз қандай болмақ? Бәлкім, үміт отын жаққан «вакцина» сөзі болар? Ал елімізде «Ashyq» жыл сөзі атана ма, оны уақыт көрсетеді…

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button