Қоғам

Ашық аспан астындағы кинотеатр

Қазіргі таңда халық ән мен биден ғана тұратын рухани іс-шарадан да шаршай бастағаны шындық. Осындай бір сарындылық шеңберінен шығу керектігі жиі айтылып жүр. Сондықтан да әртүрлі форматтағы іс-шаралар ілегі әр ауданда жалғасуда. Соның бірі Катонқарағай ауданында өтті.

Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарында өткен ашық аспан астындағы кинотеатрға жиналған халықтың қарасы көп. Мақпал түн, тамаша табиғат, ашық аспан астында үлкен экраннан кино көру үлкеннарындықтардың көңілінен шығып, рухани ләззат алып, шаттанып қайтқан. Ашық аспан астындағы бұл шара кімнің болсын жүрегін жаулап, жанына жылылық ұялатары сөзсіз еді.

«Қазақ киносы көпжылдық тарихы бар өнер түрі. Ол ұлттың құндылығы, қазақтың сол байырғы кезеңдерден бергі салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын өнер туындысы болып табылады. Қазақ киносы өткен ғасырдағы кино туындыларынан қазір әлдеқайда басқа дәрежеде. Заманауи эффектілер киноға ерекше әсер береді, ал қазақилық пен заманауилылық қосылғанда мүлде бөлек картина жасалынып шығатыны бар. Абай саябағында аудан орталығы халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық мәдениет үйі «ашық аспан астындағы кинотеатрын» ұйымдастырды. Онда қазақстандық режиссер Әнуар Матжановтың туындысы – комедия жанрындағы «Джохан» атты кинофильмі көрсетілді», – деп жазды Катонқарағай ауданының әкімшілігі өзінің инстаграм парақшасында.

Сондай-ақ ашық аспан астындағы кинотеатр Катонқарағай ауылында жалғасатынын жазған. Әуезді ән мен күй керек шығар, алайда ара-тұра тыныштықта отырып кино тамашалағанға не жетсін, шіркін!

«Өте бір тамаша іс-шара болды. Халық та бір уақыт рухани демалып, көңілдері көтеріліп қалды. Ең бастысы, өнердің құдіретін сезінді. Осындай іс-шаралардан соң жастарға неге би алаңын ұйымдастырмасқа?! Бір уақыт жиналып демалып қалар еді олар», – деп пікір жазыпты парақша астына ауыл тұрғыны.

Иә, халық қазір біреудің есебі үшін өтер іс-шараны есінеп отырып көруден шаршады. Дәл осындай, өзінің рухани әлеміне дем берер өнер әлемін іздейді.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button