Қоғам

Ашық аспан астында вальс биледі

Ел полициясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Шығыстың полицейлері Өскемендегі амфитеатр алаңында «Алтай» би тобының аруларымен бірге вальс биледі.

Қалалық жағалауда «Офицерлік вальс» шырқалып, мырзалар жас ханымдарды биге шақырды. Жас тәртіп сақшылары полицейдің жұмысы тек тыныштық күзетумен ғана шектелмейтінін, олар да өнерден кенде емес екенін көрсетті. Биге жедел қимыл жасағынан он, кадр саясаты басқармасынан бір полицей таңдалды.

– Алаңда капитандар мен лейтенанттар өз шеберліктерін барынша көрсетуге тырысты, осындай іс-шаралар полицияның ар-беделін арттырып, оларды бұқараға жақындата түседі, – дейді кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Серікжан Әбуахитов.

Полицейлер уақыттың тығыздығынан кешке бар болғаны бес күн дайындалған, бірақ олар би қимылдарын шынайы ынтамен үйреніп, шеберліктерін шыңдап үлгерді. Он бір жұп кәсіби бишілер сияқты сенімді қозғалып, көрермендер көңілінен шықты.

Сонымен қатар Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясы аясында полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы «Шығыс Қазақстан автомектептерінің одағы» кәсіби бірлестігінің қолдауымен «Үздік курсант» байқауын өткізді.

Оған Өскемен автомектептерінің курсанттары мен түлектері қатысты. Сынақ жол ережесі бойынша тест тапсыру және көлік басқару секілді екі кезеңмен өтті. Байқау қорытындысында жеңімпаздар грамоталармен, сыйлықтармен марапатталды.

Осы айдарда

Back to top button