Қоғам

Аңшылар аң аулауға неге құлықсыз?

Аңшылар аң аулауға неге құлықсыз?Мәселенің мәнісі

Биыл қардың аз мөлшерде түсуі ит-құстарға өте ыңғайлы болып тұр. Түз тағылары ауыл жұртының малына маза берер емес. Қыс басталғалы әсіресе, Аққайнар, Жамбыл және Өрел ауылдық округтері көп шығынға ұшырады.
Осы жағдайды ескерген ұлттық табиғи парктің басшылығы жыртқыштарды жою жөнінде жоспар құрып, олардың мекендейтін жерлерін аңықтады. Соған сәйкес арнайы құрылған топтар аптасына бір рет аң аулауға шықты. Топ құрамына ұлттық парктің инспекторлары мен жергілікті аңшылар кірді. Бірлесіп атқарған жұмыстардың арқасында жыл басынан бері 9 қасқыр атылды. Ұлттық парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымовтың айтуынша, былтыр өңір бойынша 78 қасқыр ұсталған. Мамандардың айтуынша, олар жорықтарын көктемге дейін жалғастырады да, жаз шыға тынышталады.
– Қазір өңірімізде сексеннен астам қасқыр жүр. Оларды азайту үшін арнайы уақыт, қажетті техника мен жанармай қажет, аңшыларды жұмылдыру керек. Осының бәрін қосқанда біраз шығын. Ал қасқыр терісі небәрі – 12 мың теңге. Оны өткізу үшін аудандағы әуесқой аңшылардың қоғамдығына тапсыру керек. Олар қалаға апарып саудалаған соң, ақшаны береді. Ол үшін бір айға жуық уақыт кетеді. Сондықтан аңшылардың аң аулауға ыңталары жоқ, – деп түсіндірген Ерік Қасымов жергілікті аңшылармен келісіп, түз тағыларынан ауыл-аймақты қорғауға тырысып жатқандарын айтты.
Ұлттық парк аңшылармен тиісті келісімшарт жасап, қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Қазір мекемеде 5 карабин мылтығы және осынша қарда жүретін «Боран» шанасы бар. Мұның өзі өте аз.
Қасқырды аулау онай шаруа емес, әрине. Еріктің сөзіне сенсек, қасқырлар жүретін жерлерге ұзындығы 8 шақырым болатын қызыл жалаулар тағылған жіп шеңбер жасап қоршалады екен. Өйткені, қызыл түстен қасқыр қорқады. Сосын жер ыңғайына қарай дәліз жасалып, қасқырларды сол жерге қуып әкеледі. Сол сәтте жасырынған аңшылар оларды баудай түсіреді.
P.S. Осы материал дайындалып жатқанда Ерік Қасымов телефон шалып, кезекті аңшылықта тағы бір қасқыр атып алғандарын хабарлады.

Тұрсынхан Базарбаев

Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button