Сайлау-2022

Ашық әрі әділ сайлау

Елдегі сайлауды 641 халық­аралық байқаушы қадағалады. Оның 532-сі – 10 халық­аралық ұйымның өкілі. Сондай-ақ әлемнің 35 мемлеке­тінен 109 байқаушы арнайы келді. 38 мемлекеттің бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері Қазақстаннан тіке­лей хабар таратты. Бұл рет­те Астанада Халықара­лық байқау­шыларға қолғабыс көрсету орта­лығы жұмыс істегенін атап өткен жөн. Шетелдік байқаушылар пре­зиденттік сайлау ашық әрі әділ өт­кенін айтып, ұйымдастыру жұ­­мыстарына жоғары баға берді.

Реза ТАБРИЗИ,

Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының жоғары саяси кеңесшісі:

– Қазақстанға алғаш рет келіп отыр­ған жоқпын. 2019 жылғы сайлауға шетел­дік байқаушы ретінде қатысқан едім. Сол жолы мұндағы сайлау процесінің ашық­тығына көз жеткізгенбіз. Бұл жолы да бәрі ойдағыдай өтті. Сондықтан ел тұрғындарын ашық әрі әділ сайлаумен құттықтағым келеді. Бұл – Қазақстан үшін тарихи күн.

Сайлау күні Астанадағы бірнеше учаскеге бардым. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Ұйымдастыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізілген. Мәселен, сайлау учаскелерінде мүмкін­дігі шектеулі адамдарға жақсы жағдай жасалғаны қуантты. Әйтпесе, мынадай суық пен қарда олардың жүріп-тұруы қиын ғой. Осының бәрі ескерілген екен. Дегенмен сайлау күні түске дейін біз барған учаскелерде жастардың белсенді­лігі төмен болғанын атап өтуге тиіспіз. Жастар – елдің болашағы. Сол себепті оларды елдің тағдыры шешілер мұндай маңызды іс-шараларға барынша тарту керек.

Чжан МИН,

ШЫҰ Бас хатшысы:

– Қазақстандағы сайлаудан үш не­гізгі мәселені байқадым. Бірінші­ден, сайлау жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған. Өзім барған учаскелердегі байқау­шылардан да, комиссия мүшелерін­ен де «заңсыз­дық тіркелді ме?», деп сұрадым. Бәрінен «жоқ» деген жауап алдым.

Екіншіден, комиссия мүшелері де, байқаушылар да процеске айрықша жауапкершілікпен қарады. Мен бар­ған сайлау учаскелерінің бәрінде өкіл­дер өздерін кәсіби ұстады. Дауыс беру­шілерді тіркеу ресімін бақылап көрдім. Бай­қаушылардың бәрі жіті қадағалап отырды.

Үшіншіден, дауыс берушілер бел­сен­ділік танытты. Мәселен, Ақ­мола облысында сағат 11:00-ге дейін сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс беріп қойды. Астана қаласы­ның кей учаскелерінде бірқатар сайлаушының кішкентай балаларын көтеріп келгенін көрдім. Олар балаларына сайлау процесін бастан аяқ көрсетіп жүрді. Демек, тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тәрбиелегісі келеді. Меніңше, сайлаушылардың отбасымен бірге келуі Отанының болашағына деген сенімін көрсетеді.

 Дмитрий КОБУЦКИЙ,

ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы –  бас хатшы:

– Демократиялық сайлаудың өзіндік стандарттары бар. Парламентаралық Ассамб­лея деңгейінде тиісті құжаттар қабыл­данған. Олар аса көп те емес. Дегенмен олардың өз ерекшеліктері бар. Біз көрген дүниемізді бірден тіркеп, ол ту­ралы жедел түрде мәлімдейміз. Сарап­шыларымыз сайлау процесін реттей­тін Қазақстандағы барлық заңнаманы қарап шықты. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ. Ұйымның құқықтық қорытындысын Парламенттің қос палатасына және Орталық сайлау комиссиясына бердік. Сайлауды реттеуге қатысты дүниелердің бәрі Қазақстанның заңнамасында көрініс тапқан.

Жалпы, біздің ұйым 1994 жылдан бері сайлауды қадағалап келеді және Парламентаралық Ассамблея қадаға­лаған алғашқы сайлау дәл осы Қазақстанда өткен болатын. Биыл бұл елге екінші мәрте келіп тұрмыз. Жаздағы бүкілхалықтық референдумның барысын қадағаласақ, осы жолы президент сайлауын бақыладық. Бұл жолы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 67 байқаушысы елдегі сайлауды бастан-аяқ қадағалады. Ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай жүргізілгені көрініп тұр. Сондай-ақ халықтың белсенділігі де көзге шалынды.

Виктор ОУ,

Канада сенаторы, Қазақстан-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы:

– Саяси дода кезінде сайлау туралы заң нормалары мұқият сақталды. Бәрі ойдағыдай өтті деп айта аламыз. Жалпы, бұл елдегі сайлау жүйесі жақсы. Сайлаушылар құпиялылықты барынша сақтауға тырысады. Бұл халықтың саяси көзқарасының қалыптасқандығының белгісі. Аңғарғаным, Қазақстан мен Канаданың  сайлау жүйесі ұқсас.

Қазақстан-Канада парламентара­лық ынтымақтастық тобының тең төр­ағасы болғандықтан, бұл елдегі сайлау­дың ойдағыдай өтуіне мүдделіміз. Өйт­кені екі ел арасындағы 30 жылдық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Әсіресе бизнес, экономикалық даму бағытындағы байланыстарды бекемдеу­ге ниеттіміз.

Сергей ПОСПЕЛОВ,

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Хатшылығының басшысы – жауапты хатшысы:

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблея­сы Қазақстандағы бүкілхалықтық рефе­рен­дум кезінде де жұмыс істеген бола­­­тын. Осы жолы біздің топ Астана қаласында, Ақмола облысында сайлау барысын қа­да­ғалады. Сайлау­шылар­дың белсенді болғанын атап өтуге тиіспіз. Учаске­лер ашылмай тұрып, кезек қалыптас­қанын көзіміз көрді. Ешқан­дай бұзушы­лықты байқамадық. Сайлау учаскелері жабылғанша жұ­мыс істеп, байқаушы­ларымыз дауыс санауға да қатысты.

Біз саяси дода басталмас бұрын сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың штабтарында болдық. Түрлі құрылым­дар­дың өкілдерімен кездестік. Ұйым­дас­тыру жұмыстарының жоғары деңгей­де екенін атап өтуге тиіспіз. Про­цесті мұқият қадағаладық. Сайлау қоры­тындысы Қазақстан тұрғындарын біріктіре түседі деген ойдамын.

Ахмед САРИР,

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшылығы Азия істері департаментінің директоры, миссия басшысы:

– Біздің халықаралық ұйымға 57 мемлекет мүше. Ұйым ислам мемлекеттерінің ұжымдық дауысын білдіреді. Біз демократия, мемлекеттік басқару мәселесіне жіті назар аударамыз. Сондықтан біздің делегация­ны Қазақстандағы президент сайлауын қадағалауға шақырды. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы атынан Қазақ­станға келгенімізге қуаныштымыз.

Қазақстанға алғаш рет келіп отыр­ған жоқпыз. Осы жазда өткен бүкіл­халықтық референдум кезінде де Қазақстанда жұмыс істедік. 2019 жыл­ғы президент сайлауында да осы жер­ден табылдық. Бұған дейінгі саяси нау­қандар секілді осы жолғы сайлау да ойда­ғыдай ұйымдастырылды. Ашық әрі әділ сайлауға куә болдық. Тиісті талаптар мен нормалар қатаң сақталды.

Ласло ВАША,

Мажарстан Сыртқы істер және сауда институтының аға ғылыми қызметкері, бас кеңесші:

– Қазақстан президент сайлауы ар­қылы өзінің саяси жүйесін қазіргі сын-тегеу­ріндерге бейімдеу үшін маңыз­­­ды қадам жасады. Қай елде бол­­са да қазіргідей турбулентті кезеңде мық­ты көшбасшы керек-ақ. Қазақ­стан­­дық­тардың осыны жете түсінген­дері қуантты. Оны сайлауға қатысқан халықтың ниеті мен тілегінен аңғардық. Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдерімен қарым-қатынаста маңызды орын алады. Әлемнің жетекші елдері бұл аймақтағы оқиғаларға қызығушылықпен көз тігеді. Олар бұл аймақтың қаншалық­ты маңызды екенін түсініп отыр. Сондықтан сайлаудан кейін түрлі бағдарлама мен жобаның іске қосы­латынына сенімдімін.

Президент сайлауы кезінде бірнеше учаскеге бардым. Біз секілді шетелден келген өзге де халықаралық байқау­шы­лармен пікірлестік. Саяси дода бәрі­мізге жағымды әсер қалдырды. Сай­лау барынша ашық әрі әділ өтті. Халық­ара­лық стандарттардың бәрі сақталды. Ха­лықтың сайлау күнгі көңіл күйі, таңдау жасауға деген ынтасы қуантты. Олар­дың бәрі жарқын болашақ үшін дауыс бер­гені анық. Сондықтан олар өте ма­ңыз­ды шешім қабылдады деп санаймын.

Тиберио ГРАЦИАНИ,

Италиядағы «Vision & Global Trends» халықаралық жаһандық талдау институтының төрағасы:

– Қазақстан – жас мемлекет. Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа мем­лекет­тің құрылысына бірқатар маңыз­ды қадам қажет. Бірінші қадам – орта­лықтандырылған билікке ие саяси институттар. Алғашқы 20 жылда Қазақстанда көп дүниені істеу керек болды. Біз экономикалық талдау жүргіздік және экономикалық өсуді байқадық. Бұл қоғам­дағы өзгерістерге жол ашты. Қазір жоғары деңгейлі демократияны қам­тамасыз ету маңызды. Міне, тағы бір тарихи сәтке куә болдық.

2019 жылғы сайлауға да халықаралық байқаушы ретінде қатысқан едім. Бұл жолы да сол міндетімді атқардым. Бір­неше сайлау учаскесіне бардым. Дема­лыс күні болса да, сайлаушылардың дауыс беруге ерте барғанына таңғалдым. Ита­лия­да олай болған емес. Әдетте дауыс беру процесі түстен кейін қызып жатады.

Қазақстан Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдарының бірін жасады. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктердің базасында жаңа респуб­лика құру – жауапты міндет. Жаңа президент бұл міндетті ойдағыдай еңсереді деп сенемін.

Даворко ВИДОВИЧ,

Хорватия Республикасы Парламенті төрағасының орынбасары:

– Қазақстандағы президент сайлауына халықаралық байқаушы ретін­де қатысқаныма қуаныштымын. Сай­лау күні бірнеше учаскені аралап, ұйымдастыру жұмыстарының ой­да­ғыдай жүргізілгеніне куә болдық. Халық та барынша белсенді болды. Бұл тұрғындардың сайлау процесіне атүсті қарамайтындығының дәлелі. Қазақстан президент сайлауын өткізу арқылы ма­ңызды демократиялық қадам жасады. Саяси дода барысында бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Алғаш рет дауыс берген жастардың жүзіндегі қуаныш пен толқынысты көрдік. Отбасылармен бірге келіп, маңызды күнді тарихи сәтке айналдырып жатқандарға куә болдық. Қазақ­станның бұрынғы президенті Нұрсұл­тан Назарбаев та азаматтық боры­шын өтеп, дауыс берді. Осы уақытқа дейін Гер­маниядағы, Молдовадағы, Украи­на­­дағы сайлауларға байқаушы ретін­де қатыстық. Қазақстандағы сайлау жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады.

Монтасыр АБУЗЕЙД,

Палестина мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Халықаралық байқаушы ретінде учас­келердегі ұйымдастыру жұмыс­тарына жоғары баға беремін. Ешқандай бұзушылық байқалмады. Сайлаушылар өте белсенді болды. Мәжбүрлеп дауыс бергізу белгілері байқалған жоқ.

Жергілікті байқаушылармен де пікірлестік. Олар да саяси доданың ойда­­ғыдай өткенін айтты. Алты кан­дидаттың мүддесін қорғаған жергі­лікті байқаушылар жақсы жұмыс істеді.

Осымен Қазақстандағы төртінші сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатыстым. Бұған дейін елдегі президент және Парламент сайлауларына қатысқан едім. Сондай-ақ осы жазда бүкілхалықтық референдумның барысын қадағаладым.

Қазақстан халқын экономикалық және саяси реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуымен құттықтаймын. Тұрақтылық пен табыс тілеймін.

Януш ПЕХОЧИНСКИЙ,

«Польша-Азия» сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы, Поляк халық партиясының мүшесі:

– Сайлау – демократия мерекесі. Сондықтан бұл күні қазақстандық сайлаушылардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Олар болашақ үшін дауыс берді. Енді жеңіске жеткен кандидат халыққа берген уәдесін ойдағыдай орындауға тиіс. Қазақстан – Польша үшін маңызды серіктес. Бүгінде Қазақстанның Польша бағытындағы тауарлар мен қызметтер экспорты 30 пайызға артты. Бұл біздің елдің тарапынан қазақстандық тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың жоғары екендігінің көрінісі.

Қазір әлем түрлі мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан бұл сайлауға Қазақстанға қатысты жаңа болжамдар жасауға мүмкіндік беретін ерекше жағдай ретінде қараймыз. Қазақстандық байқаушылар біздің елде өткен кейінгі сайлауға келіп қатысты. Сол себепті екі елдің саяси додаға деген талаптары ұқсас деп айта аламын. Қазақстан Поль­шаның Орталық Азиядағы маңызды сая­си әрі экономикалық серіктесі болып қала береді. Сондықтан біз бұл елде әдеттегідей тыныштық пен тұрақтылық салтанат құруына тілектеспіз.

Дайындаған

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

(Egemen Qazaqstan газеті, 21 қараша 2022 жыл)

 

Осы айдарда

Back to top button