Қоғам

Ашық та жариялы түрде өтті

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияішілік іріктеу – праймеризге қатысушылармен онлайн кездесті.

– Шығыс Қазақстанда партияішілік іріктеуге қатысу үшін барлығы 1065 үміткер өтініш берсе, тіркелгені – 1054. Соның 923-і сайлау кезеңіне дейін жетті. Бұлардың ішінде әйелдердің үлесі – 39,3 пайызды құраса, 35 жасқа дейінгі жастар 24 пайызды құрады. 102 адам праймериздің түрлі кезеңдерінде түрлі себептермен ары қарай жалғастырудан бас тартып, өз кандидатураларын тізімнен алды. Үгіт-насихат жұмыстарына түрлі саланың өкілдері қатысты. Мәселен, білім саласының қызметкерлері – 36,4, бизнес өкілдері – 11,5, мәдениет пен спорт –  8,1, денсаулық сақтау саласы – 7,8 пайызды құрады. Үміткерлердің орташа жасы 44 жас болды. Байқағанымыздай, көптеген кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жаңаша, тың бағытта ұйымдастырып, әлеуметтік желіде өте белсенділік танытты. Олардан 1293 өтініш-аманат келіп түсті. Проблемалар негізінен әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеуіне, денсаулық сақтау саласына, бірінші кезектегі тауарлар бағасына, жеңілдікпен несие алуға, шалғай аудандарда жаңа жұмыс орнын ашуға қатысты болды. Бұлардың барлығы өңірдегі нақты проблемалар. Енді алда уақыт оздырмай, соларды шешу жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Дауыс беруге 44,8 мың адам немесе сайлаушылардың 88 пайызы қатысты. Дауыс берудің барлық сатысы ашық әрі жариялы түрде өтті. Кез келген тұрғын үміткерлердің рейтингін және дауыс берушілердің санын көре алады. Праймериз нәтижесінде жоғары сенім мен қолдауға ие партия белсенділері таңдалды, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Кездесу барысында айтылғандай, барлық үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жоспардағыдай жүз пайыз белсенді жүргізген. 3227 іс-шара өткізіліп, оған 61 380 адам қатысқан. Әлеуметтік желіде 926 материал, республикалық және жергілікті БАҚ-тарда 33 мақала жарияланған. Онлайн форматта 532 кездесу өткізіліп, әлемжеліде 600-ден астам пост жазылған.

– Праймеризге қатысушылардың барлығы үлкен тәжірибе жинақтағаны даусыз. Қазірдің өзінде олар қоғам алдында құрметке ие болып отыр. Кандидаттар ашық та еркін түрде өз қаласы мен ауданындағы және ауылындағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оны шешуге де талпыныс жасағаны қуантады. Мұны еліміздің ертеңін ойлаған жігерлі де білімді көшбасшылардың қазіргі қоғамдағы жаңа құбылысы деуге болады, – деді облыс әкімі.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунковтың айтуынша, алғаш рет әрі онлайн өткен партияішілік іріктеуде азаматтардың белсенділігі өте жоғары болған.

– Үміткерлердің арасында жастар көп. Барлық қатысушылардың төрттен бірін құрады. Олардың арасында 18 көпбалалы ана, 14 қандасымыз және 8 мүмкіндігі шектеулі жан болды. Тіркелгендердің 200-ден астамы бұрын партиялық резервте тұрмаған мүлде жаңа тұлғалар. Қатысқандардың бәрі де жоғары білімді. Ең бастысы, азаматтар дәстүрлі түрде емес, қашықтан онлайн дауыс беруде тәжірибе жинақтады. Праймериз онлайн дауыс берудің алғашқы негізін қалады десек те болады, – деді Олег Чугунков.

– Партияішілік іріктеу елімізде бірінші рет өткен соң басында аздап қобалжығанымыз рас. Себебі біздің ұжымда жүз шақты адам ғана бар, оны мың адамға дейін штаты бар кәсіпорындармен салыстыра алмайсыз. Алайда, бәрі өзіңе байланысты екен. Үгіт-насихат жұмыстарына белсене кірісіп кеттік. Біз үшін әр адамның дауысы маңызды болды. Үш адам, бес адам отырса да, кездесулерге бардық. БАҚ-тың мүмкіндігін, әлеуметтік желіні жақсы пайдалана алдық. Екі жарым мыңдай үндеу парақшаларын тараттық. Еліміздің даму жолындағы партияішілік іріктеуде жеңіс бізге осылай келді, ол үшін барлық партияластарыма алғыс айтамын, – деді облыстық мәслихат депутаты, облыстың бас офтальмологі Зарина Камасова.

Аталған кездесуге Семей қаласындағы праймериз қатысушылары да бейнебайланыс арқылы қатысты.

– Праймеризге мен партияның белсендісі ретінде жастар атынан қатысып, мол тәжірибе жинадым. Ең бірінші халықпен сөйлесуді, туған қаламыздың өзекті мәселелерін қалай көтеру жолдарын үйрендім. Алға қойған жоспарымды қаланың белсенді азаматтарымен бірге іске асыратын боламын. Праймериз бірлесе жұмыс істеудің жолын үйретті, – деді Семейдегі электротехникалық колледждің директоры Азат Сәрпеков.

Кездесу соңында праймеризге қатысушы барлық кандидаттарға Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметовтің Алғыс хаты салтанатты жағдайда тапсырылды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button