Мәдениет

Ашық алаңда Қыз Жібек пен Бекежан кездесті

Семейдегі Шәкәрім университетінде «Қыз Жібек» кинофильмінің басты кейіпкерлері –  көрнекті театр және кино актері, профессор, Қазақстанның театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов  пен  кино және театр актері Меруерт Өтекешовамен  кездесу өтті. Кездесуде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, театр және кинематография басқармасының бас сарапшысы Гүлнафиз Советханқызы қонақта болды.

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр сахнасының алыбы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай  «Театр. Талант. Тағылым» деп аталған  іс-шара еркін сұхбат түрінде жүргізілді.

«Қазақ театры және кино өнерінің хас шебері – Әмина Өмірзақова» атты  пленарлық баяндаманы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті, PhD докторы, ҚР президентінің “Болашақ” халықаралық степендиясының иегері Асхат  Маемиров,  «Ізгілік формуласы» атты зерттеуін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ҚР журналистер академиясының академигі, әдебиет және театр сыншысы Әлия Бөпежанова оқыды.

Театртанушы, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының PhD докторы, ақын Қарлығаш  Әубәкіровалар Әмина апамыздың өмір белестеріне, сахналық бейнесіне, актерлік шеберлігіне, жан мен тән категорияларының үндестігі мен ерекшелігіне тоқталды.

Кеш модераторы болған Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ескендіров Асанәлі Әшімовке «Шәкәрім университетінің құрметті докторы» атағын табыстады. Сондай-ақ Меруерт Өтекешова «Шәкәрім» медалімен марапатталды.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button