МәдениетӨнер

Аштеманың «Биікке ұмтылуы»

Мейрамтай Иманғали

 Шығыс Қазақстан Өнер музейінде  өңірімізге есімі кеңінен танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Николай  Аштеманың «Биікке ұмтылу» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме қылқалам шеберінің 80 жылдық мерейтойына арналып отыр.

 Қылқалам шеберінің қолынан шыққан картиналар Өнер музейінің үш бірдей залына ілініпті. Мұнда бейнелеу өнерінің барлық дерлік жанрын қамтитын картиналар бар. Қазақстанның ежелгі және қазіргі тарихына арналған көп фигуралы сюжеттік композициялар, табиғат пейзаждары, портреттер… «Биікке ұмтылу» көрмесінен суретшінің талантын, қабілет-қарымын толық байқауға болады.

Николай Павлович Аштема 1942 жылдың 5 желтоқсанында Украинаның Червона алқабы ауылында дүниеге келіпті. Суретші болу оның үш ұйықтаса түсіне де кірген емес. Техникалық білім алды. Украина мен Өзбекстанда еңбек етті. Тек 1979 жылы ғана Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, Өскеменге келіпті. Алған мамандығы бойынша ол кең профильді суретші ғана емес, сонымен қатар педагог. Николай Аштема 1999 жылдан бастап Өскеменнің түрлі оқу орындарында жұмыс істеді.  Ал 1980 жылы өзінің жеке студиясын ашып, әлі күнге дейін бейнелеу өнерінен дәріс беріп келеді.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Роза  Төлемісова  қылқалам шеберіне ізгі тілегін білдірді.

  • Бүгін біз Шығыс Қазақстанның өнері мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан  өнер иесін мерейтойымен құттықтап, құрмет білдіріп отырмыз. Жерлесіміз Николай Павлович өмір бойы республикамызда және шетелдерде өткен ең беделді көрмелерге, соның ішінде Алматы және Астанадағы  Президенттік мәдениет орталығында өткен халықаралық байқауларда облысымыздың бейнелеу өнерінің мәртебесін көтерді.

Ол  қылқаламды шебер меңгерген қабілетті суретші.  Оның картиналары әрқашан да өзекті. Себебі, ол өз жұмыстарында Тәуелсіз Қазақстанның патриоттық идеяларын көркем бейнелейді, деген Роза Әшімханқызы  суретшінің туындыларына да тоқталып өтті.

Николай Аштема өңіріміздің  Марқакөл, Бұқтырма, Мұзтау, Үлбі мен Ертіс секілді ең көрікті жерлерінің  қысқы және жазғы пейзаждарын бейнелеудің нағыз шебері.  Сонымен бірге суретшінің  экология мәселелеріне арналған  батыл шығармалары бар. Қылқалам шеберінің осы тақырыптағы аса батыл қадамдары оның өзге өнер иелерінен ерекшелігін, озықтығын көрсетсе керек.

Роза Әшімханқызы суретшінің өзгелерден тағы бір ерекшелігін бөле-жара атап өтті. Ол қазақ тарихының тереңіне бойлай отырып, қазақы сарын,  қазақы стильге толы туындыларды дүниеге әкелуі. Аштеманың қылқаламынан туған Сақ патшайымы Томирис, айбынды Шыңғысхан, Жамұқа, он жетінші  ғасырдағы батырлар бейнесінен ұлы даланың өр рухын байқауға болады.  Тарихи жанрдағы бұл еңбектері үшін қылқалам шебері Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдығына арналған және Әбілхан Қастеев атындағы медальдармен марапатталған.  Аштема облыста алғашқылардың бірі болып «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша облыс әкімі сыйлығының лауреаты атанған.

Бір атап айтарлығы, Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Николай Аштеманың авторлық коллекциясы 89 кескіндемелік және графикалық туындылардан тұрады.

Көрменің ашылуында қылқалам шеберінің өзі де сөз алып, қазіргі уақытта жаңа бір топтаманы қолға алғанын айтты. Жаңа топтама 150 картинадан тұратын көрінеді. Әрине, осынша картинаны салу үшін шеберге үлкен қажыр-қайрат керек екені сөзсіз. Біз де суретшіге зор денсаулық пен шалқар шабыт тілейміз.

Көрмені 2023 жылдың 29 қаңтарына дейін тамашалауға болады.

 

Осы айдарда

Back to top button