АҚШ-тың министрлерінен сұхбат алған

Биыл отандық телевизияның 60 жылдығы кең көлемде аталып өткені мәлім. Бүгінде қазақ телевидениесінің әлеуеті мығым, абыройы жоғары. Осы саланы өркендетуде тележурналистердің қосқан үлесі орасан.
Елдегі ақпарат саласының дамуына Ақпарат саласының үздігі Болат Көкенайұлы да атсалысып келеді. Ол – 15 жылдан бері «Хабар» және «Хабар-24» арналарының Шығыс Қазақстандағы меншікті тілшісі. Әйтсе де оның еңбек жолы Аягөз қаласында мұғалімдіктен басталыпты. Бір жарым жылын ұстаздыққа арнаған соң, Болат Көкенайұлы Алматыға жол тартқан. Мұндағы мақсат – бала кездегі арманы журналист атану.
– «Хабар» радиосында журналистерге, дикторларға және редакторларға байқау жарияланғанын естіп, бағымды сынауға бел байладым. Көптеген іріктеулерден өтіп, сондағы «Жас дәурен» жастар редакциясына қызметке алындым. Осы жерде «Дін және жастар» сынды көптеген бағдарламаларды тікелей эфирде жүргізіп, тәжірибе жинақтай бастадым. Сол кезеңде «Хабардың» радиосы мен телевидениесі бір ғимаратта орналасты, – деген Болат Көкенайұлы агенттікте жүріп, Ләззат Танысбай, Әбдірәлі Бөлебай, Қымбат Досжан, Динара Егеубаева, Зейін Әліпбек және Жайна Сламбек секілді үздіктерді көру арқылы жұмысқа шабыттана кірісетінін жеткізді.
Бұдан кейін ол «ОРТ-Қазақстан» арнасында «Анау-мынау» бағдарламасының тізгінін ұстаған. Ал 1999 жылы «Хабар» агенттігінің жаңалықтар қызметіне келді. Қарымды журналистің арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясында жүргеніне 17 жыл толса, тұтастай арнадағы еңбек өтілі 20 жылды құраған. Жігіт ағасы қалың көпшілікке «Ел арнадағы» «Шекара», «Қазақтар» бағдарламалары арқылы жақсы танылды. Мұнда микрофонын серік еткен жерлесіміз Швеция, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Франция және АҚШ-тағы қазақ диаспорасы жайлы тұшымды бейнематериалдар әзірлей білді. Сондай-ақ сол жылдары АҚШ-тың Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд, Энергетика министрі Сэм Бодман, ЮНЕСКО төрағасы Коичиро Мацуарада, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, әйгілі музыкант Мстислав Ростроповичтен алған сұхбаттары оның кәсіби шеберлігін аңғартса керек.
– Аймақтағы тілшілердің өзара тәжірибесін алмастыру мақсатында екі жылдай Шымкентте жұмыс істедім. Содан Семейге қайта оралдым. Айына 50-60 материал берсек, жылына шамамен 500-600-дай шығады. Телевидениенің өз ерекшелігі бар. Мерзімді баспасөзде өз ойыңды толық жеткізе аласың. Ал мұнда мүлдем бөлек. Әсіресе жаңалықтарда. Жинап, түсіріп алып келген ақпаратыңды бір жарым минутқа сыйдыру қажет. Бұл – халықаралық талап. Кейде оның уақыты 1:20 немесе 1:40 болып өзгеруі мүмкін. Бірақ шекті деңгейі 2 минут болып есептеледі. Бұдан аспауы тиіс. Осы уақыт аралығында барлық ойыңды жинақтап, мәселені нақты әрі объективті түрде жеткізу – күрделі жұмыс. Бұл саланың қиындығы мен қызығы осында, – деп атап өтті тележурналистиканың майталманы.
Сол секілді, сюжеттің сәтті шығуы, ұжымдағы ауызбіршілікке де байланысты. Өйткені теледидарда журналистен бөлек, оператор мен видеомонтажердің жұмысы да үлкен маңызға ие. Соңғы уақытта көгілдір экрандағы бағдарламаларға қатысты сын азаяр емес. Атап айтқанда, шоу-бизнес өкілдерінің эфир тізгінін ұстауы қоғамда резонанс тудырғаны рас. Бұл жайлы да тіс қаққан маман өз ойын білдірді.
«Біржақты пікір айту қиын. Себебі қай арнаның қандай жұлдызды не мақсатта шақырғанын әуелі біліп алғаны дұрыс. Мысалы, белгілі тұлғаның сөз саптауында кемшілік болуы мүмкін, алайда ол жүргізген хабардың танымалдығы артып кетуі де ғажап емес. Бірақ мағынасыз шоуларды көбейтуден ұтарымыз аз деп ойлаймын. Десе де беделді азаматтардың арасында ойын еркін жеткізе алатын адамдар да баршылық. Мәселен, Бекболат Тілеухан, Ирак Елекеев секілді қоғам қайраткерлерін айтуға болады. Мұндай азаматтар салиқалы, тарихи-танымдық әрі салт-дәстүрді дәріптейтін хабарларды жүргізсе, артық болмайды деген пікірдемін. Қазір – технология дәуірі. Ешбір республикалық арналарға жұмысқа тұрмай-ақ табысқа кенелуге болады. Үйіңнен шағын студия ашып, жасаған жобаларыңды әлеуметтік желі арқылы шығаруға мүмкіндік қарастырылған. Сол сияқты әлеуметтік желіде оқырмандар жинап, бағдарлама ашуға жағдай жасалған. Тек соны ұтымды пайдалана білу қажет», – деп түйіндеді өз ойын Болат Көкенайұлы.
Жақсылық Мұратқали
Семей.