Экономика

Асфальт-бетон зауытының жұмысында іркіліс жоқ

  Асфальт-бетон зауытының жұмысында іркіліс жоқ

Қазіргі уақытта аудан аумағындағы жол жөндеу жұмыстарымен «Дороги Востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Күршім мен Құйған ауылдары аралығында орналасқан асфальт-бетон зауытында өндірілген асфальт жол жөндеу учаскелеріне тоқтаусыз тасымалдануда. Асфальт шығаратын зауыт жүйесі – бірегей де күрделі қондырғы. Осы қондырғының жұмысымен танысып, өнімділік көлемінен нақты мағлұмат алу үшін біз зауыт басына әдейілеп барған едік. Осындағы барша шаруаға жауапты учаске басшысы Ержан Рамазанов жолдың асфальт төселіп жатқан бөлігінде жүр екен.
Бізді серіктестіктің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Дәулетхан Тоқтыбаев қарсы алып, жұмыс барысымен таныстырды.
– Мұнда №1 және №2 зауыттар орналастырылған. Екеуінің атқаратын жұмыстары бөлек, бірақ көздегендері – ортақ нәтиже. Әрқайсысында алты адамнан жұмыс істейді, – деп ол бізді қондырғылардың қасына ертіп апарды. – Асфальт жасауға қажетті битум Павлодар мұнай-химия зауытынан тасымалданады. Жеткізілген битум жер астында орналасқан цистерналарға құйылып, сақталады. Асфальт дегеніміздің өзі – битумның 60-75 пайыз табиғи және 13-60 пайыз жасанды қоспасынан құралатын минералды материал. Ол ұсақталған тас, қиыршық тас, құм және арнайы минералды ұнтақпен араластырылады. №1 зауытта ұсақталған тастың екі түрі және құм дайындалады. Ал минералды қоспа сатылып алынады. Мұнда асфальттың екі түрі: суық және ыстық түрі шығарылады.
– Шығарылып жатқан мына ұсақталған қиыршық тасқа сұраныс жоғары, – деді сөзін одан әрі жалғаған Д.Тоқтыбаев. – Ол, негізінен, елді мекендер аралығындағы жолдарды салуға пайдаланылады. Ашық карьерден тасымалданған қиыршық тас мұнда арнайы технологиямен ұсақталып, үш түрге бөлінеді. Жалпы, бұл қиыршық тастың табиғи және ұсақталған түрлері болады. Біз 15-20 және 35-40 миллиметрлік түрлерін шығарамыз.
Келесі нысанда дайындалған қиыршық тас, битум мен тас ұнтағы белгілі мөлшермен араластырылып, асфальт шығарылуда. Бірнеше метрлік биіктікте орнатылған басқару кабинасында отырған асфальт зауытының операторлары Сұңғат Байтасов пен Ерлан Ақашев өңдеу жұмыстарын жіті қадағалауда. Аталған серіктестікте екі жылдан бері жұмыс істеп жүрген оператор С.Байтасов арнайы қорғаныш маскасын шешіп жатып:
– Бұл қондырғының міндеті – деп түсіндірді бізге, – ыстық асфальт-бетон қоспасын құраушы бөлшектердің, яғни, қиыршық тас, тас ұнтағы, битумның талапқа сай мөлшерде араласып отыруын қамтамасыз ету. Арнайы өлшегіштер ұдайы қозғалыста болып, әр материалды белгілі мөлшерде араластырып, келген көлікке құйып тұрады.
Сұңғаттың айтуынша, осы материалды таситын «КамАЗ» автокөліктеріне асфальт шығаратын қондырғыдан битумның түріне қарай 130-180 градус температурадағы ыстық асфальт тиеледі. Бұған күннің аптап ыстығын қосыңыз. Осы дайын өнімді шашау шығармай, сапалы деңгейде жолға төсеу – жол жөндеушілердің міндеті.
Зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеп, сапалы өнім шығаруы – аудан аумағында жөнделіп жатқан жолдардың көңілдегідей болуының басты кепілі. Қыры мен сыры, қиыншылығы мол осы жұмысты барынша тиянақты атқарып келе жатқан «Дороги Востока» ЖШС жұмысшыларының еңбегі қашанда бағалауға тұрарлық.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button