Асфальт жабыны қалыңдайды

Үржар әуежайын қайта жаңғырту барысында 100 мың шаршы метр аумаққа қалыңдығы 17 сантиметрлік асфальт жабыны төселеді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, аталмыш әуежайды жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан айынан бері жалғасып келеді. Жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгені құрайтын құрылыс сәтін салса биыл толықтай аяқталмақ.
– Қайта жаңғырту барысында аэровокзал ғимараты жөнделіп, жарық-сигналды нысандар орнатылады. Сондай-ақ ұшу-қону жолағы ұзартылып, ені кеңейеді. Ескі аэродром және басқа да құрылыстарды бұзу ғана екі айға созылады. Жалпы, қалыңдығы 17 сантиметр болатын үш қабатты асфальт жабынының өзіне үш айға жуық мерзім шығындалады, – дейді Нұржан Жұмәділов.
Оның айтуынша, аталмыш нысанда 17 мың шаршы метр аумаққа асфальт жабыны төселетін көрінеді. Бұған дейін, жазғы туристік маусым қарсаңында қосымша ұшу-қону жолағын салу жайы да сөз болған еді. Алайда оның құны 5 миллиард теңгеге шығып кететіндіктен, бар жолақты ұзартып, енін кеңейтуге байланысты шешім қабылданған.
Азамат Темірбеков