«Ащыбасыға» жүз түп терек отырғызды
Күршім-Қалжыр бағытындағы үлкен жолдың бойында, «Ащыбасы» бастауының маңында тізгін тартқан бірнеше автокөліктің, одан түскен жиырма-отыз адамның қарасы байқалып, аздан соң осы шағын бұлақтың бойында қызу жұмыс басталды.
Межелі күні бас қосқан Күршім орман шаруашылығының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және өндірістік жол учаскесінің басшылары мен жұмысшылары осы жерге жүз түп ағаш отырғызып, «Ащыбасын» одан әрі абаттандыруды көздеп келген болатын. Өткен жылы осы үлкен жолдың бойындағы жолаушы біткен аялдап, мөлдір суымен шөл басып, аяқ суытатын демалыс орнын талапқа сай абаттандырған «ОблШығысЖол» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Ә.Маткаримов осындағы барша естелік атаулыны ұзақ жылдар бойы аудандағы жол қызметін өркендету жолында тер төккен, кенеттен дүние салып, жақын-жуықты өкінішке бөлеп кеткен өндірістік жол учаскесінің бұрынғы бастығы Жұмахан Қасымжановтың құрметіне арнаған болатын. Ол үшін сонау Асубұлақ кентінен салмағы 15 тонналық тұтас гранит тасы жеткізіліп, оған Жұмахан Қасымжанұлының аты жазылған ескерткіш тақта бекітілген-ді. Содан бері бұл бастаудың маңайы аяулы азаматты қадір тұтқан алыс-жақын ағайын, дос-жаран үшін ерекше бір киелі мекенге айналған сыңайлы. Бүгін сол құрмет пен қошемет одан әрі жалғасын тауып, Жұмаханның достары бұл маңды көркем де көрнекті саябаққа айналдыруға уәде байласқан екен.
– Бұл ой маған аязы ақырған ақпан айында келген болатын, – деп пікір бөлісті бізбен осы игілікті шараға мұрындық болып жүрген Күршім орман шаруашылығының ардагері, Шірікаяқ орманшылығының басшысы Нұрлан Қожабаев. – Спорт мектебін басқаратын сыйлас інім Ерназ Сырымбаев екеуіміз Зайсанға жасаған бір сапардан қайтып келе жатып, «осы араға неге ағаш егіп, жайқалтып қоймасқа?» – деген ортақ пікірге келгенбіз. Сонда Жүкеңнің ескерткіш құлпытасына келген адамдар сол ағаштарды саялап отырмас па еді? Бұл ниетімізді жүзеге асыру қиынға соққан жоқ. «Бүкіл аудан жұрты сыйлаған Жұмахандай азаматтың басына барып, біраз еңбектенейік», – дегенімде, Ерназ інім, өндірістік жол учаскесінің басшысы Тоқсанбаев Зарымхан замандасымыз, өзіміздегі аң шаруашылығының меңгерушісі Рамазанов Қанат, тағы басқа жігіттер қостап, бұл сауапты шаруаға даяр екендіктерін білдірді. Өзімнің әріптесім, біздегі шаруашылық меңгерушісі Мұхтарбек Жұпбаев бірнеше жігітпен әдейілеп келіп, осы ортақ іске елеулі үлес қосты. Спорт мектебінің ұжымы, жолшылар қауымы бір кісідей жұмыла еңбектеніп, жұмысты аз уақыт ішінде аяқтап шықты. Жас өскіндерді мал жеп кетпес үшін, жолшылар ағаш отырғызылған аумақты мұқият қоршап шықты.
Сонау балғын шақтарынан араласып, сыйлас, сырлас болған досы Жұмаханның басына ағаш егіп, оның құлпытасы тұрған аумақты көріктендіруді, сөйтіп, дос алдындағы бір парызды өтеуді көптен көңілге түйіп жүрген Нұрлан Мырзабайұлының жоспары сәті түскен күні абыроймен жүзеге асты. Алла қосса, көп ұзамай киелі бұлақтың басында «Қазақстан» тұқымды жүз түп терек жайқалып тұратын болады.
– Біздің бұл шарамыз Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Жасыл ел» бағдарламасына сай келіп тұр, – деп сөзін жалғады Н.Қожабаев. – Әрі осы қадамымыз көпке өнеге болып, ауыл жұрты ағаш егуге шындап көңіл қойса деген ниеттеміз.
«Ащыбасы» басына марқұмның жары Жұмагүл мен апайы Бану арнайы келген екен. Олар осынау көңіл тебірентерлік сәтке куә болып, бұлақ басында әдейілеп дастарқан жайды. Ардагер жолшыны тағы бір мәрте еске алып, құран бағыштаған көпшілік арнап әзірленген дәмнен ауыз тиіп, өздерінің риясыз пейілдерін ортаға салды.
Ортақ іске Қаратоғай орта мектебінің директоры Шыңғыс Зияшев бір көмекшісімен әдейілеп келіп, қолғабыс жасады. Сондай-ақ, Қалғұты өңіріндегі орман қорықшысы Нұрбек Сіләмов бұдан былай осы шағын тоғайдың үнемі өз қарауында болатынын, оны әбден бой алып, жетілгенше жіті назарда ұстайтынын айтып, жеке міндеттеме алды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.