«Асау Ертісті» ешкім айналып өте алмады
Өскеменде Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовті еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан тұңғыш рет «Алтай пирамидасы» атты халықаралық турнир өтті.
Турнирге көрші Ресейдің Омбы қаласынан, Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан, сондай-ақ жергілікті өңірден командалар қатысты. Үш күнге созылған тастаяқшылардың байқауы титан-магний комбинатының Мәдениет үйінен басталды. Әр өңірден келген 84 ардагер ең әуелі Мәдениет үйінің алдынан тұрақ тепкен Бағдат Мұхаммедұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті. Бұдан кейін ұйымдастырушылар қонақтарды Мәдениет үйіндегі салтанатты ашылу рәсіміне шақырды.
– Турнирдің негізгі мақсаты – осы зауытты өз заманында биік дәрежеге көтеріп, жандандырған еліміздің Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовті еске алу. Одан бөлек, ардагерлерді бір ортаға жинап, осындай бастаманы бірлесе қолдау үшін өткізіп отырған жайымыз бар, – деді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Рыспек Қасенов.
Турнирдің өтуіне титан-магний комбинатының директоры Әсем Мамутова, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, белгілі кәсіпкерлер Қайрат Мусин, Шәкәрім Бұқтұғытов сынды азаматтар көмек көрсеткен.
– Есімі елімізге белгілі Бағдат Шаяхметовті еске алуға арналған жарыстың тұңғыш рет болса да, ауқымды деңгейде өтуі үлкен қуаныш. Оның еңбегі сонау КСРО кезінен бері көпшілікке мәлім. Әрқайсыңыз тартысты ойын көрсетіп, турнирден жоғары әсер алып қайтасыздар деп ойлаймын, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
Турнирге қатысқан 12 команданың жетеуі 50-63 жас аралығындағы кіші топ болса, қалған бесеуі пайғамбар жасынан асқан ардагерлер. Облыс орталығындағы үш үлкен бильярд клубына бөлінген шеберлер үш күн бойы мықтылықтарын дәлелдеп бақты.
Жалпы тастаяқ өнері сабыр мен парасатты һәм шеберлікті қажет ететін ақсүйек өнер ғой. Оның үстіне қатысып жатқан ардагерлер де кезінде әр өңірдің тізгінін ұстаған абыройлы азаматтар. «Тақтан түссе де, аттан түспеген» ардагерлер арасындағы тартысты арнайы барып тамашаладық. Әсіресе, пайғамбар жасынан асқандардың арасында осы өнерден аты шыққан небір мықтылар бар болатын-ды. Осы орайда, бұл Әсіресе, алматылық «Бірлік» командасының құрамындағы Ахмет Халменов ақсақалдың аты айрықша аталады бұл ойында. Ал бұған дейінгі бірнеше турнирдің жеңімпаздары саналатын түркістандық ойыншылардың мергендігі де оңай емес-ті.
– Біздің облыстан екі команда келдік. «Ясы» деп аталатын біздің құрама өткен жылы Өскеменнен команда бойынша да, жекелей сында да бірінші орынды алып қайтқанбыз. Биыл бұл турнир белгілі ағамыз Бағдат Шаяхметовтің атында өтіп жатыр. Марқұмның аруағы бір аунап түсті ғой деп ойлаймыз. Бізге негізгі қарсылас Өскемен мен Астананың ойыншылары болады. Ал бильярд біздің жастағылар үшін таптырмайтын ойын. Біріншіден, осындай шаралар арқылы басымыз қосылып, арқа-жарқа әңгіме тиегін ағытсақ, екіншіден, денсаулыққа өте пайдалы. Бір-екі сағат үстелді айналы шар соқсаң, бірнеше шақырым жолды жаяу жүріп тастайсың. Оның үстіне еңкейесің, қимылдайсың, – дейді Түркістаннан келген ойыншы Нұрлан Айтымбетов.
Бірақ бұл турнир оңтүстіктен келген қонақтардың дегеніне жеткізбеді. Семей, Түркістан, Алматы, Астана құрамаларын жолынан жаңылдырған өскемендік «Асау Ертіс» командасы ең жоғары ұпайға қол жеткізді. Түсіпхан Түсіпбекұлы бастаған жерлестеріміз соңғы ойынды елордалық қонақтарға қарсы қиян-кескі өткізді. Негізі әр командада жеті ойыншы бар болатын. Екі құрама арасындағы 3:3 болып тұрған ойынға алтайлық Рысбек аға нүкте қойды. 63 жастан асқан ардагерлер арасындағы тұңғыш турнирдің жеңімпазы болып «Асау Ертіс» командасы танылды. Екінші орынды жетісулықтар еншілесе, үшінші орын астаналықтардың қанжығасында. Екінші топтағы ойыншылардың арасында алматылық жігіттер ешкімді шақ келтірмепті, екінші орын – түркістандықтарда. Ал үшінші орын – шығысқазақстандықтардың еншісінде. Үздік ойыншы ақсақалдар қатарында өскемендік Николай болса, кіші топта талдықорғандық Талғаттан ешкім аса алмады.
Мұратхан Кенжеханұлы