ӘлеуметТОП

«ASAR UME» мұқтаж отбасыларына баспана сыйлады

“Үйі жоқтың күйі жоқ», «Сананы тұрмыс билейді» дегенді біздің халық бекер айтпаған. Себебі өз баспанасы жоқ, жылдар бойы қуықтай ғана жалдамалы бөлмеде немесе едені сыз саяжайларда күнелтіп жүрген отбасылардың балаларынан қалайша сапалы білім талап ете аламыз? Олардың денсаулығы қандай болмақ? Міне, қоғамдағы осы түйткілді мәселені шешуге атсалысып жүрген – «ASAR UME» қорының азаматтары. Қор жетекшісі Асхат Нұрмашев халыққа әлеуметтік көмек көрсету үшін еріктілермен бірге атқа қонды. Елордада құрылтай өткізіп, өзі сияқты еріктілер мен демеушілердің басын қосып, халықтық тур ұйымдастыруға бастама көтерді. Нәтижесі міне.

Қайырымдылық қорының «Асар жолы. Жақсылықта 20 мың км» республикалық марафоны бірнеше өңірді артқа тастап, Шығыста жалғасты. Металлургтер мәдениет сарайында қор жетекшілерінің қатысуымен өткен қайырымдылық форумы өңірдегі мұқтаж отбасыларына естен кетпес қуаныш сыйлады.

«ASAR UME» қоғамдық қоры өмірлік қиын жағдайда қалған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына үй сатып алуға, жұмысқа орналасуға, білім беруге, кәсібін ашып, дамытуға көмектеседі. Қордың негізін қалаған – кәсіпкер азамат Мухаммад Махди.

  • Қайырымдылық қоры ел Үкіметінің қолдауымен Астана, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Павлодар және Семей қалаларында дәл осындай форум өткізді. Марафонның арқасында 390 млн теңге қаражат жиналып, аталған қалалардағы мұқтаж отбасылар 29 баспана, 15 отбасы қаржылай көмек, жүзден астам бала оқу ақысын төлеу түрінде көмек алды. Ал жалпы қор құрылғалы үш жылдан бері 508 отбасы, ондағы 2603 бала баспаналы болды, – дейді қор өкілі Нұрсұлтан Біркеленов.

Қор жетекшісі Асхат Нұрмашев айтып өткендей, қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайының мүшкілдігіне қарамастан талпынып жұмыс істеп жүрген, өз қиындықтары үшін айналасындағы адамдарды кінәламайтын, «жұмыс жоқ» деп, қарекетсіз бос жата бермейтін әлеуметтік осал отбасыларды тауып, мүмкіндігінше қолдап жіберу.

 

Форум барысында Өскемендегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй кілттері мен сыйлық сертификаттары берілді.

Бұған дейін қор бір жылдың ішінде Өскемен қаласындағы бес мұқтаж отбасына баспана сатып алып берген болатын. Бұл жолы өскемендік үш отбасына баспаналы болу бақыты бұйырды. Ең бастысы, үйлер 20-25 жылдап төлейтін несиеге емес, тегін беріледі. Берілетін баспаналар кемінде үш-төрт бөлмелі. Мұқтаж жандардың көбі көпбалалы отбасы болғандықтан үйдің маңайында мектебі, балабақшасы бар ма, берілетін баспана сумен қамтылған ба, барлығы ескеріледі.

«ASAR UME» қоғамдық қорының істеп жатқан қайырымдылық шараларының себепшісі – қарапайым халық екендігін атап өткен жөн. Өйткені қор қаражаты қауымдастықтағы жомарт жүректі кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың қор есебіне садақа деп жіберген көмегінен құралады.

Айтуынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың көбі – жалғызбасты аналар. Өйткені, шыны керек, өзінің отбасын немесе мүмкіндігі шектеулі баласын тастап кететін әкелер аз емес. Сондай жауапсыз әкелердің кесірінен ана мен балалардың мойнына бүкіл  проблема артылады. Байғұс ана не баспанасы жоқ, жұмыс істейін десе қолында шиеттей балалары болғандықтан, осындай мұқтаж күйге түседі.

Балық емес, қармақ берді

Шынайы мұқтаж отбасыларды іздеуге әр өңірдегі еріктілер көмектеседі. Мәселен, өскемендік Рамазан ағаның жағдайына тоқталсақ, бұл – көпбалалы, толық отбасы. Отағасы Рамазан – зағип жан. Әкімдікте үй кезегінде тұрған. Кезінде малшы, от жағушы, құрылысшы болып әр салада еңбек еткен.

  • 2012 жылдан бастап көзім көрмей қалды. Не болғанын өзім де білмеймін. Дәрігер орысша бірдеңелерді айтты, бірақ себебін еш түсінбедім. Жазып берген тамшы дәрілер көмектеспеді, – деп еске алады Рамазан аға.

Алланың сынағы ғой, осылайша көз жанарынан айырылып, жұмысқа жарамай қалған.  Отағасы мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан жұбайы Жәнейхан Шәушім аз да болса табыс табу үшін балабақшада жұмыс істеп жүр. Жұмыстан кейін кешке тігін тігіп, қосымша нәпақасын табады. Жеті адамнан тұратын отбасы кішкентай бір бөлмеде тұрып, өзі сол жерде тігіншілікпен айналысады.  Енді міне, қайырымды жандардың арқасында бұл отбасы қоныс тойын тойлайтын болды. Үйдің кілтімен қоса жаңа жиһаздар, тұрмыстық техникалар берілді. Сонымен қатар кәсібін өркендету үшін өз ательесін ашып, тігін машинкаларын алуға қомақты қаражат берілді.

Үйдің кілті тапсырылған енді бір отбасы – Арман Ұлтарақов деген азаматтың отбасы. Ол – көпбалалы әке. Мектепте аула сыпырушы болып еңбек етеді. Балаларына өзі бас-көз болып отыр. Бес баланы тамақтандыру, мектепке апарып, сабағын қадағалау жалғызбасты ер адамға оңай емес. Сондықтан бұл отбасына да үй, жиһаз, тұрмыстық техника берілді. Көпбалалы әке үйді өзі таңдаған. Жанында мектеп, балабақшасы бар. Барлық коммуникациялар тартылған. Үй кең, 20 сотық жері бар.

Баспаналы болған отбасының бірі – Жансая Қасымбаева жалғызбасты, көпбалалы ана. Қолында мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Бұл отбасына да үймен бірге жиһаз, кілемдер, тоңазытқыш, плита, кір жуғыш машина сияқты тұрмыстық техникалармен қатар қаржылай көмек те берілді. Мәдениет сарайындағы лық толы залдан «Салоныма келіңізші, өзіңіздің және балаларыңыздың шашын тегін аламыз», «Дүкеніме келіңізші, барлық балаларыңызға төрт мезгілге арналған киімдер сыйлайын» деп, сертификаттарын ұсынған жомарт жандар табылып жатты.

  • Әлі де сене алмай тұрмын. Өйткені өзім үй кезегінде тұрып, жергілікті әкімдіктің есігін тоздырғалы неше жыл болды. Тұшымды жауап болмаған соң үмітім үзілгендей еді. Жаны жайсаң халқыма рахмет! Үймен ғана шектелмей, осыншама қайырымды іс жасадыңыздар, – деді алғысын жаудырып, қуаныштың көз жасына ерік берген көпбалалы ана Жансая Қасымбаева.

Сонымен қатар «Қазына» орталығының ұстазы Айнұр Нұрболатқызына кәсібін дамыту үшін 500 мың теңгенің көмегі берілді. Өзі де көпбалалы ана Айнұр Нұрболатқызы орталығындағы шәкірттеріне ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұқағали сияқты ақындардың өлеңдерін, мақал-мәтелдер мен баталарды жаттатқызып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп жүр.

Бұдан бөлек жекелеген мұқтаж жандарға мүгедек арбасы, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға спорттық кимоно, дзю-до үйірмесіне тегін қатысуға сертификат беріліп, кәсібін бастауға қаржылай қолдау көрсетілді.

Көпбалалы анаға көмек қолын созайық

Ал өскемендік көпбалалы ана Айнұр Канжекеноваға баспана әперу үшін қаражат жинау басталды. Айнұрдың төрт баласы бар, жолдасы былтыр бауыр циррозы дертінен қайтыс болған. Кішкентай баласы небары бір жарым жаста. Шиеттей балаларымен саяжайды жалдап тұрып жатыр. Арасында кішкентайларын 12 жастағы ұлына қалдырып, уақытша жұмыстардан тиын-тебен тауып келеді. Балалардың мектебі алыс. Саяжай маңында ауызсу жоқ. Алыстан тасып әкеледі. Айтуынша, кейбір көршілері су алуға да рұқсат бермейді. Қыс деген таяп келеді. «Көп түкірсе – көл» демекші, осы отбасына көмек қолын созуларыңызды сұраймыз.

Ол үшін Каспий қосымшасына «ASAR UME» деп теріп, өзіңіз қалаған қаражатыңызды жібере аласыз. Сол сияқты Халық банк, Форте, Центркредит, Tayyab қосымшалары мен Kassa.24 терминалы арқылы да аударуға болады. Осылайша, тағдыр тәлкегіне түскен жарым көңіл жандардың баспаналы болуына үлесіңізді қоса аласыз.

Тегінде, қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Жоқ кезінде қалтасындағы 50 теңгесін қайырымдылыққа бере алмаған адам, бар кезінде 50 мың теңгесін де бере алмайды. Оның дәлелі, қор еріктілерінің ішінде жүз мыңдап көмектесетін кәсіпкер азаматтармен қатар, стипендиясының 30 пайызын қайырымдылыққа жұмсап жүрген студенттер де бар.

19-20 жастарында еріктілер тобында болған Асылбек, Әли есімді азаматтар қазір кәсіпкерлікпен айналысып, тапсырыспен бренд киімдер өндіріп (әлеуметтік желідегі парақшасы asarume_store), табысының 30 пайызын қорға аударып келеді. Осы кішігірім кәсібінің өзінен қорға 2 млн 700 мың теңге аударған. «Жақсылықта жарысайық» деген өскемендік 1-курс студенттері қаржылай көмектерін жинап берді. Бұл – жомарттықтың, азаматтықтың үлгісі.

«ASAR UME» қорының талабына сай келетін шынайы мұқтаж отбасыларды тауып, өңірдегі жомарт жүректі азаматтар мен еріктілердің басын қосып, сатып алатын қолайлы үйлерді іздеп табатын – облыстағы үйлестіруші Исатай Дулатұлы, «Үйлесім» (жетекшісі Жұлдыз Ақтанжанова), «Жан ана» (жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова), «Әділдік жолы» (жетекшісі Әділ Пшенов), драма театрының еріктілерінен құралған «Жан жылуы» (жетекшісі Меруерт Рахымқызы) қоғамдық бірлестіктері мен мешіт жамағаты, «Nova» диагностикалық орталығы мен жергілікті кәсіпкер азаматтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

«ASAR UME» қорының ел сүйсінер істері жалғасын тауып, Шығыста жетімін жылатпайтын, мұқтаж жандарды демейтін жомарт жүректі азаматтар көбейе берсін демекпіз.

Айжанат Бақытқызы

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button