«Дидардың» қонағыМәдениет

Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның халық артисі: – Театр – мәңгілік құдіретті өнер

Жуырда Семей қаласында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық тойы өткені белгілі. Осы шараға   Қазақ киноөнері мен театры саласының майталманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов те құрметті қонақтардың бірі болып қатысты. Сол кеште халықтың ерекше пейіл-ықыласына бөленген қадірлі ағамен  сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Абайдың елі, Архаттың жері ұнайды

    Сіз студенттермен, жастармен кездесуде «Абай жолын» оқығандарың қолдарыңды көтеріңдер» дейді екенсіз, өзіңіз кітап жазасыз, күнделік жазатын да әдетіңіз бар екен. Бір сөзіңізде: «Әлі жарияламайтын жазбаларым бар», деген екенсіз. Алдағы уақытта ол күнделігіңізбен елді таныстырасыз ба? 

– Актерге ғана емес, кез келген адам үшін кітап оқу аса қажет. Мен Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ұжымымен, ал Алматыда ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінің студенттерімен кездесуде болдым. Сол студенттермен кездесу соңында «Абай жолын» оқығандарың қол көтеріңдер деген ем, сонда аудиторияда толып отырған студенттердің бір-екеуі ғана қол көтерді. «Онда мен сендерге неге келдім? Журналист боламын дейсіңдер. «Абай жолын» оқымағандарың қалай? Онда құндарың көк тиын», – дедім тоқетерін айтып. Абайды оқымаса, олар басқа кітапты да қолдарына алмаған. Жалпы, қазіргі жастар кітап оқымайды. Өкініштісі осы. Оқымаған адамның жүзінен білініп тұрады. Біз актер-психологпыз. Адамның бір-екі ауыз әңгімесінен кейін оның руы кім екенін білемін, себебі мінезінде, сөз саптауында ерекшелік болады. Ал күнделігіме келсем, оны келешек ұрпаққа арнаймын. Күнделігім – қолжазба күйінде қалатын кітап. Жүрегім тоқтағанша, қаламым түсіп кеткенше жазыла бермек. Мұнымен өзімнің жанымның тыныштығы үшін айналысамын. Ішімдегіні сыртқа шығарып алмасам, инфаркт алуым мүмкін. Жарияланбайтын кітап деп осы себептен атадым. Бүгінге дейін 10 томдық кітабым жарыққа шықты. Мен – жазушы емеспін, актермін. Осы он томдық та жетіп қалар. Оларда менің күнделігім, естеліктерім, мақалаларым жинақталған. Әйелім дүниеден кеткенде «Майраның әні» деген кітабым шықты. Мәди, Сағи есімді арыстан ұлдарым мезгілсіз қайтыс болғанда «Жан бөлек…» деген жан толғанысым жазылды. Қазақта ұғым бар ғой, «Шығарға жан бөлек» деген… Олармен бірге кете алмадым. Шығарға жан бөлек екен, шынында… Бүгінде жастар «суретке түсейікші» деп жүргізбей жатады, ұялы телефондарына әп-сәтте сурет те, видео да түсіріп алады. Бәрінде фотоаппарат бар. Ал бізде ондай мүмкіндіктер болмады. Мұхтар Әуезовті көрдік, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен дастарқандас болдық. Солармен түскен бір суретіміз жоқ қой. Шәкен Аймановпен киноға бірге түстік. Өмірде қатар тұрып фотоға түспеппіз. Ойымызға да келмепті. Дегенмен маған Алла бақ берген адаммын, құдайға шүкір, фотоға түспесек те, Бекежан, Қаражал сияқты рөлдердің арқасында халықтың сый-құрметіне ие болдық.

     Сіз қазақ киносын әлемге танытқан тарихи тұлғасыз. Байқап қарасақ, сіздің кинодағы еңбек жолыңыз туралы айтылған кезде, ең алдымен, әрине, «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан еске түседі. Ал сонау 1979 жылдары Абай ауданында түсірілген «Жаушы» фильміндегі Қаражал кейіпкеріңіз жайлы көп біле алмадық. Осы кейіпкеріңізді қайтадан көрерменнің ойына оралтсақ…

–  Ол «Қыз Жібектен» он жылдан соң түсірілді. «Шіркін, Архаттың тауларын-ай!» деймін осы фильмімді көрген кезде. Әрине, осынау аңызға айналған фильмді көрерменнің ойына оралтуға еш қарсылығым жоқ. Қаражал туралы айтсам, ол мен үшін екінші Бекежан болды. 1979 жыл, жас шамам қырыққа келіп қалған кез. «Жаушы» фильмі жазушы Әнуар Әлімжановтың кітабы бойынша түсірілген. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов барлық кейіпкерлерді арнайы сынақтан өткізіп, сақадай сай даярлап қойса керек. Қаражалдың рөліне адам іздейді. Оның ойына, әрине, мен түскем. Нақтырақ айтқанда, Бекежан бейнесін сәтті сомдағаным. Содан қолқа салды. Қазіргі заман тілімен айтқанда, кастингтен өткеннен кейін, Қаражалды мен ойнайтын болдым. Жамбыл Құдайбергенов Кенжені, Өзбекстаннан шақырылған актриса Альмира Исмаилова Сәнияны, Тұңғышбай Жаманқұлов Әбілхайыр ханды, Кененбай Қожабеков Манай биді, Ыдырыс Ноғайбаев Қанжығалы қарт Бөгенбайды, Лхасаран Линховоин қалмақ Шона Добаны ойнады. Киноның түсірілімі керемет болды. Бір жарым айға созылды. Абай ауданына, Абай шығып билік айтқан дөңгелек тасы бар Архатқа келдік. Архаттың таулары, Қопаның тау-тасы, құз-жартасы керемет еді. Біздің жігіттер киноға түсумен қатар таулардан мумие теріп қайтты. Бір қарасам, Кенже рөліндегі Жамбыл Құдайбергенов қалпағына толтыра мумие жинап алыпты. Табиғат керемет еді. Қопа көліне түсеміз. Сол Қопа көліндегі кейпім әсіресе Әзірбайжанға режиссер ретінде қатты ұнады.

    Асанәлі аға, сізбен бірге бүкіл Абай елі болып сол киноға түскеніміз ойыма оралып отыр. Кино алаңына барғанда да, қайтқанда да сіз Абай елінің ақсақалдарымен шағын ғана ПАЗик автобуста әңгімелесіп бірге отыратынсыз. Жеке көлікті керек етпейтінсіз. Осы қарапайымдылығыңыздың сыры неде?

– Абай елінің халқы керемет қой. Нағыз қонақжайлық, бауырмалдық осы елде сақталған. Қалмақ-қазақ соғысы кезіндегі халықты сомдау үшін ұлы Абай елінің барлық ауыл тұрғындары тартылды. Абай елінің халқы да – шетінен әнші, биші, жыршы. Өңкей абыз, дуалы ауыз қариялар. Менің қарапайымдылығым – қазақ болып туып, өмірден қазақ болып өтетіндігімде шығар. Өнерді қатты құрметтейтін елді көргенде, сені актер ретінде алақандарына салып аялаған, төріне шығарған елді көргенде, сен де беріліп ойнайсың. Кейде киноның қызығына түсіп кетіп, Архатта тау ішінде түнде қонып та қалған кездерім болды. «Үш келіншек», «Күйметас» дейсіз бе, таулары керемет. Әзірбайжан екеуіміз – бір-бірімізге үйренген адамдармыз. Мен еркін жұмыс істедім. Ешқандай қысым болған жоқ. Фильм де сәтті шықты. Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақ көріп, үздік туындыға айналды.

Ұлымды әдейі ауырттым

     Сіздер ертеректе түсірген  «Жаушының» деңгейіне жететін фильмдерді бүгінгі таңда көре алмай келеміз.  Осыған не айтасыз?

– Шыны керек, жақсы драматургия жетіспейді. Жақсы кітап жазатындар жоқ. Режиссерлер де тапшы. Менің ойымша, театр конкурстары мен фестивальдар үнемі өтіп тұруы керек. Бұл дүниелер драматургияны дамытады. Өз әдебиетімізді шебер сахналауға ұмтылуымыз керек. Қобыланды жыры – Шекспир шығармаларымен деңгейлес туынды. Ал оны сол деңгейде бере білу – бөлек әңгіме. Актерлердің талантына да көп нәрсе байланысты. Молдабеков, Жантөрин, Ноғайбаев сынды таланттардан құралған шоғыр бар еді қазақ киносында. Бір-бірімізді ыммен ұғысатынбыз. Біздің заманымызда Мәскеуге барып, оқып келіп, шеберлігімізді шыңдайтынбыз. Бүкіл одаққа есімі белгілі адамдардың көзін көріп, сабақ алдық. Мектебіміз ғажап еді. Станиславский мектебінің өзі неге тұрады?! Бір айдың ішінде спектакльді дайындап шығару деген бұрын жоқ еді. Бұрын бір драманы 6-7 ай дайындайтынбыз. Бір спектакльді екі жыл дайындаған да кездер болды. Содан болар, Бекежан да, Қаражал да қарақшы емес, дала батырлары ретінде танылды. Францияда «Қыз Жібектің» тұсаукесері өтті. Ондағылар француз көрермендердің шыдамсыз екенін айтып ескерткен-ді. Бірақ үш сағат бойы мың адамның біреуі де қыбыр етпеді. Кино саласын айтсақ, Шәкен Аймановтың тұсында тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақта, тіпті, әлемде кино өнер ретінде қатты дамыды. Ал қазіргі компьютерлік графика дәуірінде кино көп өзгеріске ұшырап отыр. Ол кезде «Жаушы» фильміндегідей бір соғысты көрсету үшін мыңдаған адамды тартып, қол жинау керек болатын. Қазір миллиондаған армияны компьютердің көмегімен киноға кірістіре салады. Сондықтан да «Қыз Жібек», «Жаушы» сынды шынайы керемет туындылар жоқ.

Сіз  «Шоқан Уәлиханов» фильмінде Шоқанның ауырған сәтін түсіру үшін, басты рөлді сомдаған ұлыңыз Сағи Әшімовке іш өткізетін дәрі беріп, әдейі ауыртқаныңыз рас па?

–  Шоқан жіңішке аурудан қайтыс болған. Менің балам Сағи болса қалада, барлық жағдай жасалған жерде өскен, бет-пішіні келісті болатын. Шоқанның ауырған кезеңін сомдау үшін ұлымды жүдетуге тура келді. Бірнеше күн бойы Сағиға тамақ ішкізбей қойдым. Содан тіпті іш өткізетін ағылшын тұзын қосып бердім. Аз уақыттың ішінде іші ауырып, азып, екі ұрты суалып кетті. Соны көрген біреулер «ұлыңды не істедің?» деп маған ұрысты. «Ештеңе етпейді, жас, организмі шыдайды» деп дес бермедім. Әбден жүдеу тартқан күндерінде Шоқанның сырқат қысқан сәттерін ойнаттым. Алғашқыда сондай күйге түсіргені үшін маған ренжіді. Кейін экраннан көргеннен соң, маған рақмет айтты. Сағи тума талант еді. Ішкі түйсігі, өзегі болатын. Тектен дарыған болса керек. Бірақ актерге жақсы режиссер керек. Сонда ол ашылады. Ойнаған әр рөліңнің астарын, философиясын түсінуің керек. Образ туғызуың керек. Ел риза болсын. Рөлді әркім ойнайды. Ортаңқол актер рөлді ойнайды, бірақ талантты актер рөлді ойнап қана қоймай, балшықтан илеп, бір қалыпқа түсіргендей сомдайды. Сонда ғана халықтың сүйіспеншілігіне жетесің. Сонда ғана актердің еңбегі жанады.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан  – Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button